382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь Қазақстанның мұнайына қызығып отыр

  • 303
  • UPD: 12:19, 29.05.2019

Беларустар қазақстандық мұнайға қызығып отыр. Бірақ әзірге қандай да бір келісім жасала қоймады.

Алдағы апталарда отандық қара алтынды жаңа бағытқа жөнелту мүмкіндігі сараланбақ. Бұған дейін Беларусь басшысы Александр Лукашенко мен Қазақстан елшісі Ермұхамет Ертісбаев кездесіп, осы мәселені көтерген болатын. Жалпы, еліміз мұнай және мұнай өнімдерін экспорттауға дайын. Тек Ресеймен транзит бойынша келісу керектігі айтылды. 

Қызылорда облысындағы мұнай кен орындарының жартысынан көбі сарқылған. Шикізат 1,5-2 мың метр тереңдіктен ғана алынады. Енді өңірде 11 млрд теңгеге тиісті геологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделді. Ол арқылы 5 мың метрге дейін тереңдікті игеру мүмкіндігі бар. Жалпы Қазақстандағы экспорттың 60 процентін мұнай өнімдері құрайды. Бірақ, өткен айда қара алтын өндірісі 1,1 процентке төмендеді. Экспорт та былтырғыға қарағанда 8 процентке аз. Салдарынан 1 млрд доллар пайдадан қағылдық. Айтпақшы, қара алтынның әлемдік бағасы көтерілді. Қазір Брент маркалы мұнай бағасы барреліне 70,21 долларды құрайды. 

Қарапайым заттар экономикасы аясында пайыздық мөлшерлеме 9-дан 6-ға дейін төмендейді. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Жалпы елімізде «Қарапайым заттар экономикасы салаларын дамыту» жөніндегі жобалық кеңсе құрылғалы 150 кәсіпорынға 270 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Жоспар бойынша 10 мыңнан аса жұмыс орнын құрып, бюджетке түсетін салық көлемін 38 млрд теңгеге ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, 720 млрд теңге болатын 880-нен астам әлеуеттік жоба қаралуда. Бүгінде екінші деңгейлі банктер 25 млрд теңге болатын 41 жобаны мақұлдаған. Тағы 120-сы қарастырылуда. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында белсенді жұмыс жүріп жатыр.

Қазақстан Халық Банкінің» еншілес ұйымы Өзбекстан Орталық Банкінде қызмет көрсету лицензиясын алды. Маусым айында Tenge Bank өз клиенттерімен жұмысын бастайды. Өзбекстандықтарға барынша әмбебап қызмет көрсетіледі. Әрі бірнеше ай ішінде Visa және Master Card сынды халықаралық төлем жүйелері іске қосылмақ. Сондай-ақ онлайн платформалар да қолжетімді болады. Айта кетейін, Халық банк Өзбекстанда ұсынылған алғашқы қазақстандық қаржылық ұйым, ал  өзбек елі Халық қаржы тобының еншілес құрылымы жұмыс істейтін алтыншы мемлекет саналады.

Жыл басынан бері еліміздегі ақша айырбастау орындарында шамамен 800 млрд теңге болатын шетел валютасы сатылған. Оның ішінде америкалық долларға 365,3 млрд теңге жұмсалыпты, ресейлік рубльді алу үшін отандастарымыз 183,4 млрд теңге төлеген. Еуроға 105,2 млрд теңге жұмсалды. Ұлттық банктің хабарлауынша, юаньға сұраныс көп емес, ел тұрғындары ол үшін 264,1 млн теңгесін сарп етіпті. Ең көп операция Алматыда жүргізілді. Ал Түркістан облысында белсенділік төмен. Сараптамаға сай оңтүстік астанада еуро мен юаньға сұрау салатындардың көптігі байқалған.

Хабар 24 телеарнасы