389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық кәсіпорындар шығарған 10 мыңнан астам көлік сатылды

  • 535
  • UPD: 12:11, 04.06.2019

Жыл басынан бері елімізде 18 мың 800 жеңіл автокөлік саудаланды. Оның 10 мыңнан астамы Қазақстанда жасалған.

Бір ғана сәуір айында құны 52 миллиард теңге тұратын 5 жарым мың темір тұлпар сатылды. Тұтынушылар әрбір төртінші көлікті несие арқылы алған. Себебі 2015-ші жылдан бері елімізде автонесиелеу бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл 23 мамырға дейінгі есеп бойынша Қазақстан даму банкі 12 мыңнан астам өтінішті мақұлдап, 11 мың тоғыз жүздейін қаржыландырды. Келісімдердің үштен бірі Еуразиялық банк арқылы жүзеге асырылған.

2022 жылға дейін еліміздегі барлық медициналық мекеме компьютерлік техникамен жабдықталып, интернет желісіне қосылады. Мұндай ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Осының арқасында қағаз айналымы қысқарады. Сәйкесінше флюраграфия, мамографияға қажетті материалдарға сұраныс азайып, қағаз сатып алуға жұмсалатын 252 миллион 600 мың теңге үнемделеді. Электронды кезек қызметін пайдаланғандықтан науқастардың күту уақыты да қысқарады. Дәрігердің бір науқасты қарау ұзақтығы 25 минуттан 15 минутқа дейін азаяды.

Қазақстанның Ұлтық банкі базалық мөлшерлемені 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ол үшін сәуір-мамырда кезекті болжамдық раунд өткізілді. Ұлттық банк қызметкерлерінің есебінше сыртқы және ішкі секторда дамып отырған негізгі үрдістер 4-6 процент деңгейінде сақталып, 2020-жылдың соңына қарай инфляция бағытын қалыптастырады. Мөлшерлемені белгілеуге Ресей, Қытай, Еуропалық Одақтағы тұтынушылық ахуал да таразыға салынды. Мәселен Ресейде инфляция 4 процент, Қытайда 2,5 ал Еуроодақта 1,9 процент нысаналы деңгейінде сақталған. Қазақстанда 2019 жылғы мамырда нақты инфляция жылдық мәнде 5,3 процентті құрады және нысаналы дәліздің ортасында 4-6 процент деңгейінде қалады. Ал мұнай бағасы әлемдік нарықтағы келеңсіз жағдайға байланысты құбылмалы күйде.

«Болжау жасау аясында және ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдаған кезде базалық сценарий ретінде бізде бір баррель үшін 60 АҚШ доллары деңгейі пайдаланылады. Республикалық бюджет теңдестірілген, себебі мұнайдың бір баррелі үшін 55 АҚШ долларына тең орташа жылдық баға бойынша есептелді».

                                                                                                                                                                    Ерболат Досаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

Қазақстандықтардың қаржы институттарына берешегі бір жыл ішінде 15 процентке өсті. 2019-жылдың наурызындағы есеп бойынша жиынтық қарыз 6,2 триллион теңгеден асқан. Бұл соманың тең жартысы кепілсіз берілетін тұтынушылық несиенің үлесінде. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, тұтынушылық несиетінің өсіміне онлайн-несиелеу, қаржылық серіктестік және ломбардтардағы қарыз беру көлемінің артуы әсер етті. Бұл сектор заңмен реттелмеген. Сондықтан Ұлттық банк несиелеуші субьектілерді бақылайтын мекеменің мүмкіндіктерін молайтпақ. Орган қаржы институттарының үстемені белгілі межеден асырмауын және азаматқа төлеу қабілетінен артық сомада қарыз беру жағдайын қадағалайтын болады.

Павлодар облысында қант шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін. Инвестициялық жоба Ақсу қаласындағы агроөндіріс индустриалды аймағында орналасады. Құрылысқа 70 гектар жер бөлінген. Жобаны қаржыландыруға қытайлық екі компания қызығушылық танытты. Олар 100 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюға дайын. Келіссіздер министрлік деңгейінде жүріп жатыр. Егер барлығы ойдағыдай болса жобаны іске асыру келесі жылы басталады. Индустриалды аймақта қанттан бөлек крахмал, целлюзол, концентрацияланған комбикорм шығару да жоспарда бар. Қазір қант өндірісіне қажетті шикізатты жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. "Павлодар" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шикізат базасына қатысты жол картасын әзірлеп қойған.

Руслан Мұхамадиев, «Павлодар» ӘКК өкілі:

- Аймақта қызылша өсіру ісі жетік дамымаған. Сондықтан зауытқа қажетті шикізаттың тұрақты көзі жоқ. Бізге жылына 750 мың тонна қызылша өндіру қажет. Оны жан-жақтан жеткізу жолдарын қарастыру маңызды. Инвесторлармен келісім барысында осы мәсленің барлығы жан-жақты пысықталады. 

Қазақстанда 31 мың 750-ге жуық отбасы баспанаға мұқтаж. Оларды тұрғын үймен қамту мәселесі мықтап қолға алынды. Құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы комитетінің мәліметтеріне қарағанда тек қана мамыр айында республика бойынша бір мың 356 көп балалы отбасы баспаналы болды. Маусым айында осындай мұқтаж отбасыларды жеңілдікпен несиелеу іске қосылмақ. Ол бастапқы жарнасы 10 процент, 20 жыл мерзімге жылдық ставкасы 2 процентпен беріледі. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 12 мың мұқтаж отбасы жаңа пәтерге ие болады. Оның алты мыңы жалдамалы тұрғын үй есебінен, 6 мыңы жеңілдетілген несие есебінен. Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Осылайша министрлік алдағы 3-4 жыл ішінде үйге мұқтаж көп балалы отбасылардың мәселесін шешуді жоспарлап отыр.

Хабар 24 телеарнасы