384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Forbes YouTube канал арқылы ең көп табыс тапқан блогерлердің тізімін жариялады

  • 609
  • UPD: 10:29, 05.06.2019

Америкалық Forbes журналы 2018 жылы YouTube канал арқылы ең көп табыс тапқан блогерлердің тізімін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір қызығы, табыстылардың көшін Райан есімді жеті жасар бүлдіршін бастап тұр. Балақай интернет арқылы бір жыл ішінде қанша пайда тапты?

Өз ойыншықтарына сараптама жасап, Ryan ToysReview каналында жариялайтын жеті жасар бала бір жыл ішінде сегінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Оның каналына шамамен 19 миллион 600 мыңдай адам тіркелген. Жеті жасар баланың бейнероликтері жарияланатын Ryan ToysReview каналының жылдық табысы 22 миллион АҚШ долларын құрады. Осылайша ол YouTube арқылы ең көп пайда тапқан блогер атанды. Танымалдығы артқан баламен Walmart интернет дүкені келісім жасасып, «Райан әлемі» деген атаумен ойыншықтар сата бастады. Оның каналына бүгінде 19 миллион 600 мыңдай адам тіркелген. Ал екінші орынға америкалық актер Джейк Пол орналасты. Оның каналына 19 миллионнан астам адам жазылған. Табысы 21 миллион 500 мың АҚШ долларына тең. Ал үштікті «Дуд перфект» каналы түйіндеді. Түрлі спорттық трюктер жасап, әлеуметтік желіде жариялайтын бір топ жігіттің каналына 42 миллион 600 мың адам жазылған. Дегенмен табысы 20 миллион АҚШ долларынан аспапты. Forbes журналы блогерлердің 2017 жылғы 1 маусым мен 2018 жылдың бірінші маусымы аралығындағы табысын есептеген.

Қазақстаннан баспана алу үшін қарапайым азамат қаржыны қанша жыл жинайды? Krisha.kz порталының сарапшылары жүргізген есеп бойынша ең ұзақ мерзім Алматы қаласында тіркелді. Мұнда 1 бөлмелі пәтердің құны шамамен 14-14 жарым миллион тұрады. Егер сатып алушы айына 30 мыңнан жинаса, қоныс тойын тек 16 жылдан кейін ғана тойлайды. Ал 50 мыңнан жинаса 12 жылда баспаналы болады. Айына жүз мыңнан жинағанның өзінде жеке басапанаға сегіз жылда қол жеткізеді. Нұр-Сұлтан қаласында бір бөлмелі пәтердің құны Алматымен салыстырғанда бір жарым миллиондай арзан. Атыраулықтар айына 30 мыңын пәтерге деп аударса, шамамен 13 жылдан кейін баспаналы болады. Шымкенттіктер 12 жылда, ал Петропавл мен Қарағандыда 11 жыл алты айда үйлі болады. Қазақстан бойынша пәтер құны ең арзан өңір – Қызылорда. Мұнда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы – шамамен 5 миллион 200 мың. Егер айына100 мыңнан жинасаң, 3 жарым жылда жаңа үйдің иесі атануға болады. Ал егер жинағың 30 мыңнан аспаса, 7 жыл күтуге тура келеді.

Бүгінде 9 миллионнан астам қазақстандық табиғи газды тұтынады. Соңғы бес жылда өңірлерді газдандыру ісі 30 проценттен 50 процентке көбейген. Ал балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік әрі коммуналдық нысандардың 86,5 проценті газдандырылған. Сондай-ақ республика бойынша 984 аумақтық әкімшілік нысан табиғи газға қосылған. Бұл көрсеткіш бойынша 231 нысанмен көш басында Батыс Қазақстан облысы тұр. Ал екінші орында Жамбыл облысы – 178 нысан. Үштікті 148 нысанмен Түркістан облысы түйіндейді. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, мамыр айында тарату тораптары бойынша жеткізілетін табиғи газ 1,5 процентке қымбаттап, текше метрі 18,7 теңгеге жетті. Сұйытылған газ керісінше 0,1 процентке арзандап, келісі 155,8 теңгеге сатылды. Ал баллонмен жеткізілетін сұйытылған газдің 50 литрі 2 мың 673 теңге шамасында сатылды. Айта кетейік, биыл қаңтар мен сәуір аралығында газ өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көбейіп, 18,8 миллиард текше метрді құрады.

Қазақстан, Ресей және Беларусь елінің темір жол компаниялары «Еуразиялық темір жол альянсы» біріккен көлік-логистикалық компаниясының акцияларына байланысты келісімге келді. Құжатқа үш мемлекеттегі негізгі теміржол компанияларының басшылары қол қойды. Оған сәйкес, біріккен компаниядағы әр елдің үлесі 33,3 проценттен болады. Үш мемлекет бірлесіп құрған жаңа компанияның болашағы зор дейді мамандар. Ол Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арқылы Қытай-Еуропа-Қытай бағытында темір жол арқылы жүк тасымалымен айналысады. Айта кетейік, біріккен компания алғаш рет 2014 жылы құрылған. Бірақ ол кезде акцияның 99,84 проценті Ресейге тиесілі болды. Ал Қазақстан мен Беларусь тек 0,16 процентті өзара бөліскен. Алайда өткен жылы компания қайта құрылып акциялары да қайта бөлінді. Мамандардың айтуынша, 2018 жылы жоба аясында 280 мың контейнер тасымалданды. Биыл көрсеткіш артады деген болжам бар.

2020 жылға дейін елімізде студенттерге жатақхана салу үшін 152 миллиард теңгеге жұмсалады. Бұл туралы отбасы және жастар ісі жөніндегі комитеттің басшысы мәлімдеді. Ақапаратқа қарағанда, бүгінде Қазақстандағы 124 университетте 540 мыңнан астам студент білім алады. Оның 40 проценті жатақханаға мұқтаж. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстарында 9 мың алты жүз студентке арналған 29 жатақхана пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жастар жылына орай биыл «Қазақстан студенттер Альянсы» қозғалысы «Студенттер үйі» жобасын іске қосты. Олар қыркүйекте ауылдық жерден келген білім алушылардың жатақханаға қатысты мәселесін шешумен айналысады. Ол үшін арнайы жүйе әзірленген.

Енді Қазақстагн қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша, бір АҚШ доллары 384 теңге 21 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 384-385 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы