384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстаннан шет елдерге 172 млрд теңге аударылды

  • 357
  • UPD: 15:32, 06.06.2019

Сәуір айының қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы халықаралық қорының көлемі 27 миллирд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6 процентке кеміген.

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде еліміздің халықаралық резерві 5,2 процентке өсіп, 31 миллиард АҚШ долларынан асқан болатын. Алайда биыл бәсеңдеді.

Халықаралық қорда алтынның үлесі артты

2019 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның жалпы халықаралық қоры 13,6 процентке азайды. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, қордың кемуіне корреспонденттік есепшоттағы шет ел валютасының азаюы әсер етті. Оған қоса үкіметтің сыртқы қарыздарын өтеу сынды міндеттерді орындау себеп болған. Дегенмен алғашқы төрт айда халықаралық қордағы алтынның үлесі артты. Сәуір айының соңындағы есеп бойынша оның сомасы 13,7 процентке өсіп, қордағы үлесі 60 процентке жуықтады. Ұлттық банк 2011 жылдан бері алтын алуға басымдық беріп келеді. Содан бері алтын қоры үш есеге өсті. Биылдың өзінде орталық банктер 145 тоннадан астам алтын сатып алды. Ол өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68 процентке көп. Жалпы, соңғы жылдары әлемдік шикізат нарығындағы құбылмалылыққа байланысты алтынның маңыздылығы артты. Себебі ол тұрақты әрі ұзақ мерзімді сақталатын қаржы көзі болып есептеледі.

FlyArystan бір айда 50 мың жолаушы тасымалдады

FlyArystan әуе компаниясы іске қосылған алғашқы айының қорытындысын жариялады. Мамыр айында лоукостер 6 бағыт бойынша 50 мың жолаушыны тасымалдаған. Жалпы саны 309 рейс орындалды. Оларлың 94 проценті дәл уақытында ұшып, уақтылы қонған. Ал әуе кемелерінің толымдылығы 93 процентті құрады. Мамыр айының соңындағы мәлімет бойынша әуе компаниясынан 125 мың билет сатылды. Жолаушылардың 60 проценттейі билетті алдын ала алған. Сондықтан әуе компаниясының қызметін алдағы бірнеше айдың ішінде тұтынады. Бүгінде FlyArystan компаниясының ресми сайтында 26 қазанға дейінгі күндерге билет сатылымы ашық.

Айта кетейік, FlyArystan әуе компаниясында 180 адамдық 4 ұшақ бар. Компания басшылығы 2022 жылға дейін әуе кемесінің санын 15-ке жеткізуді жоспарлап отыр.

Дүниежүзілік банк: әлемдік ЖІӨ төмендейді

Биыл әлемдік жалпы ішкі өнім көрсеткіші төмендеуі мүмкін. Мұндай болжамды Дүниежүзілік банк жасады. Қаржыгерлердің жыл басындағы есебінде жаһандық жалпы ішкі өнім 2,9 процент болатыны айтылған. Алайда мамырда көрсеткіш 0,3 процентке төмендеді. Дегенмен 2020-да экономикалық өсім болады деген болжам бар. Оған дамыған елдер мен дамушы елдердегі ахуалдың тұрақтауы әсер етеді. Банк өкілдерінің пайымынша, биыл дамушы елдерде және қалыптасушы нарықтардағы экономикалық ахуал соңғы төрт жылдағы ең төмен көрсеткіште болады. Сондай-ақ 2019-да әлемдік тауар айналымы да өсім байқата қоймайды. Ал қара алтын құны 3,4 процентке арзандауы мүмкін.

Tesla Қазақстанда Supercharger бекеттерін салады

Биыл Қазақстанда Tesla-ның электр бекеттері мен сервис орталықтары ашылады. Бұл туралы компанияның басшысы Илон Маск өзінің Twitter парақшасында жариялады. Tesla Supercharger бекеттері электр тоғымен жүретін көліктерді жылдам қуаттауға мүмкіндік береді. Бүгінде әлемде Tesla-ның бір мың 260 станциясы жұмыс істейді. Елімізде алғашқы суперчаржер бекеті 2017 жылы Алматыда ашылған болатын. Алайда бір жылдан кейін көрші нысанда шыққан өртке байланысты зақымданды. Тек 2019-дың наурызында ғана қайта жөндеуден өтіп іске қосылды.

Қазақстаннан шет елдерге 172 млрд тг аударылды

Биыл қаңтар мен сәуір аралығында Қазақстаннан шет елдерге 172,8 миллиард теңге аударылды. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6 процентке көп.

Қазақстаннан кеткен қаржының үштен екі бөлігі Ресей, Өзбекстан және Түркияға аударылған. Ranking.kz сайтының мәліметіне қарағанда, аударымдардың ең көп сомасы Ресейге тиесілі. Солтүстіктегі көрші елге 65 миллиард теңге жөнелтілген. Екінші орында – Өзбекстан. Бұл мемлекетке Қазақстаннан 26 миллиард 500 миллион теңге аударылған. Өткен жылмен салыстырғанда 36,2 процентке жоғары. Алғашқы үштікті Түркия түйіндеді. 25,8 миллирд теңге. Қаржының басым бөлігі «Золотая Корона» халықаралық ақша аударымдар жүйесі арқылы жүзеге асырылған.

Енді Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша, бір АҚШ доллары 384 теңге 02 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 384-385 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы