384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қатар мемлекеті Қазақстанға инвестиция салуға ниетті

  • 732
  • UPD: 11:14, 17.06.2019

Қатар мемлекеті Қазақстанға инвестиция салуға ниетті.

Бұл туралы Таяу Шығыс елінің әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесу кезінде мәлімдеді. Кездесу Тәжікстан астанасы Душанбеде, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 5-ші саммиті шеңберінде ұйымдастырылған болатын. 

Мәселен, Қатар әмірі серіктестікті нығайту үшін бірлескен техникалық комиссия құрудың маңыздылығына мән берді. Шара соңында дипломаттар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаласты. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әміріне футболдан әлем чемпионатын абыроймен өткізуге тілектестік білдірді.

«Қазақстанға инвестиция салуға ниеттіміз. Осыған Қазақстан да мүдделі. Ынтымақтастығымызды арттыру бағытында бірлескен техникалық комиссия құрылып жатса, елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын», деді Қатар елінің әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2 мың 400 шақырым республикалық маңызы бар автожол салынды және қайта жаңартылған. Бұл туралы өткен аптаның соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлі Роман Скляр халық алдында есеп беру кезінде мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық маңызы бар автожолдардың мың жарым шақырымы жөнделеді. Тас жолды нормативтік күтіп ұстау мен сақтау мақсатында жол жүру үшін ақы алу жүйесін енгізу жобалары да іске асып жатыр. Жыл басында жалпы ұзындығы 471 км болатын Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай және Астана-Теміртау жол учаскелерінде төлем жинау басталды.

Түркістан облысында «қарапайым заттар экономикасы» қарқынды дамып келеді. Бұл туралы өңір әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жобалық кеңсе жиынында айтты. Басқосуға өңірдегі екінші деңгейлі 9 банк жетекшілері қатысты. Олар аталған бағдарламаны іске асырудың тетіктерін кеңінен талқылады. Жеңілдетілген несиелендіруге арналған бағдарламаның жүзеге асуы екінші деңгейлі банктердің жұмысын үйлестіруге тікелей байланысты екені айтылды. Өз кезегінде екінші деңгейлі банк өкілдері жалпы құны 26 млрд 300 млн теңгелік 15 жобаны қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар қатысушыларға кепілдік құралын енгізу бағдарламасындағы түзетулер мен айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру мөлшерін 50 процентке дейін арттыру жайы айтылды. Бұл өзгеріс несие алған кәсіпкерлерге де оң әсерін тигізетін болады. 

Соңғы 5 айда елімізде 31 млн 200 мың тонна мұнай өндірілген. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 3 процентке аз. Ұлттық экономика министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, жыл басынан 5 млн 263 мың тонна газ конденсаты, 23 млрд текше метрден астам табиғи газ, шамамен 45 млн 560 мың тонна көмір өндірілген. Сондай-ақ 16 млн 900 мың тонна темір кені, 46 млн 673 мың тонна мыс кені, 9 млн 683 мың тонна алтын құрамды кен және 2 млн тоннадан астам хром концентраты алынған.

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында тамыз айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 69 центке өсіп, 62 доллар 4 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) шілде айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 23 центке қымбаттап, бір баррелі 52 доллар 51 центке тең болды.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 384 теңге 05 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 385 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы