384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде көп балалы отбасыларды қолдауға арналған заң қабылданды

  • 448
  • UPD: 09:57, 20.06.2019

Тұрғын үй мәселесін біржола шешуге Ресей үкіметі де кірісіп жатыр.

Солтүстіктегі көршілер бұл бағытты көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуден бастады. Тіпті арнайы заң қабылдады. Оған сәйкес 2019 жылдың бірінші қаңтары мен 2022 жылдың 31 желтоқсаны арасында ерлі-зайыптыларда үшінші немесе төртінші бала дүниеге келсе, оларға мемлекеттен 450 мың рубль беріледі. Ол бір реттік және тек қана ипотекалық несиені төлеуге жұмсалады. Оның үстіне пәтер отбасының жалғыз баспанасы болуы шарт. Қабылданған ережені жергілікті тұрғындар әлі қызу талқылап жатыр. Дегенмен Ресей үкіметі қазірдің өзінде көп балалы отбасыларға 10 мллиард рубльдей берілгенін мәлімдеді.

Қоршаған ортаны қорғауға үлкен мән беріле бастады

Елімізде қоршаған ортаны қорғауға үлкен мән беріле бастады. Оны салаға бөлінген қаржының өсімінен-ақ байқауға болады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне қарағанда биылғы бес айда экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 44 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ол қай өңірлерге берілді.

Биыл қаңтар мен мамыр аралығында қоршаған ортаны қорғау саласына 44,2 миллиард теңге жұмсалды. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 11 миллиардтай ғана бөлінген. Биыл қаржының 80 проценттейі 3 өңірдің үлесінде. Көш басында Атырау облысы тұр. Бұл аймақ қоршаған ортаны қорауға 24 миллиард теңге жұмсаған. Бір жыл бұрын 1,8 миллиард болатын. Үштікке Ақмола мен Қарағанды облыстары да кіреді. Ақмола экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 7,1 миллиарж жұмсаса, Қарағандыға 4,1 миллиард берілген. Бақылау инспекциясының 2018 жылғы қорытындысына қарағанда былтыр 3 мың бір жүздей заң бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ жалпы сомасы 65 миллиард теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінге дейін оның 9 жарым миллиардтайы ғана төленді. Айта кетейік, мемлекет басшысының жарлығымен 17 маусымада елімізде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды.

Google жылжымайтын мүлікке инвестиция сала бастады

Google компаниясы өз қаржысын жылжымайтын мүлікке сала бастады. Олар алдағы он жылда Сан-Франциско шығанағы аймағында құрылыс жүргізуге 1 миллиард АҚШ долларын жұмсамақ. Мәліметтерге қарағанда бұрын кеңсе ретінде қолданылған бірнеше нысанның орнына тұрғын үй салынады. Ол үшін 750 миллион доллар жұмсалады. Бұдан бөлек алпауыт компания 15 мың тұрғын үйдің құрылысына қолдау жасайды. Осылайша Google басшылығы аймақтағы әлеуметтік проблемаларды азайтып, тұрғын үй мәселесін шешпек. Сонымен қатар капиталы 250 миллион доллар болатын инвестициялық қор құратынын жариялады. Үй-күйсіз жүргендердің мәселесін шешумен айналысып жүрген ұйымдарға 50 миллион АҚШ доллары көлемінде грант бөлу де – компания басшылығы көтерген бастаманың бірі.

 

Мұнай қымбаттады

Мұнай бағасы өсе бастады. Сарапшылар оған бірнеше себеп айтып отыр. Соның бірі – АҚШ-та қара алтын қорының азаюы. API мәліметтеріне қарағанда бір аптада шикі мұнай қоры 0,8 миллион баррелге азайды. Бағаның жоғарылауына АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесі де әсер еткен. Ол G-20 саммитінің аясында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуді жоспарлап отырғанын жариялаған болатын. Сарапшылар кездесу нәтижелі болса әлемдік нарықтағы ахуал оңалуы мүмкін деген болжам жасады. Айта кетейік, әлемдік нарықтағы соңғы сауда саттық қорытындысына қарағанда шілде айында жеткізілетін Брент маркалы мұнай 62 доллар 27 центке бағаланды. Ал WTI маркасының бір баррелі 53 доллар 76 центке саудаланды.

Енді Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 382 теңге 38 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 383-384 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы