384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан шет елдерге бензин экспорттайды

  • 474
  • UPD: 14:02, 21.06.2019

Әлемдік нарықта алтын қымбаттады.

Кеше өтен сауда-саттық қорытындысы бойынша ол алты жыл бұрынғы құнына қайта көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алтын қымбаттады

Әлемдік нарықта алтын қымбаттап, алты жыл бұрынғы құнына қайта көтерілді. Бейсенбі күні Азия нарығында құнды металдың бір унциясы екі жарым процентке жоғарылап, 1394 доллар 11 центке бағаланды. Ал Нью-Йорктегі нарықта баға бірден 3,6 процентке көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, мамыр айының басынан бері алтын 8 процентке қымбаттаған. Бұған қоса бағаның көтерілуіне АҚШ-тың федералды қор жүйесінің мәлімдемесі әсер етті. Олар келесі отырыста базалық ставканы төмендетуі мүмкін екендігін жариялаған.

Айта кетейік, бүгінде көптеген мемлекет алтынның тұрақтылығына сенім артып, қорды осы металл түрінде сақтайды. Дегенмен сарапшылар егер Вашингтон мен Бейжің ортақ мәмілеге келсе, алтынға сұраныс азайып, бағасы төмендейді деген болжам жасап отыр.

Қазақстан шет елдерге бензин экспорттайды

Қазақстан шет мемлекеттерге бензин экспорттай бастайды. Отандық өнімді сатып алуға Қырғызстан мен Беларусь республикалары қызығушылық танытты. Бұл туралы еліміздің энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, экспорттың алғашқы легі алдағы бір екі күнде жөнелтіледі.

Айта кету керек, жыл басынан бері АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин өндірісі ішкі сұранысты толық қанағаттандырып, 20-30 процентке артылды. Сондықтан жанармай бағасы төмендеп келеді. Атап айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркасы 7 проценттей арзандаған. Ал жаз мезгіліне арналған дизель небәрі 1 процентке төмендеді. Энергетика министрінің мәліметтеріне қарағанда, 2019 жылдың алғашқы бес айында мұнай өндірісі 36 жарым миллион тоннаны құрады. Жыл соңына дейін жалпы өндіріс 89 миллион тоннаға жетеді деген жоспар бар.

Қолма-қол емес төлемнің үлесі артты

Елімізде қолма-қол ақшамен төлем жасайтындар саны азайып жатыр. Ranking.kz порталының мәліметіне қарағанда, мамыр айында карточкалық төлем 839,7 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ сәуірде интернет және мобильді қосымша арқылы 533,3 миллиард теңге төленді. Бұл барлық қолма-қол ақшасыз төлемнің 63,5 процентіне тең. Өткен жылы бұл көрсеткіш тек 50 проценттей ғана болатын. Ал 2015 небәрі 9 процент қана еді. Мәліметтерге қарағанда, мамыр айында 13 миллиондай адамның банк карталарын белсенді қолданатыны анықталды. Оның көлемі бір жыл ішінде 1 миллионға артқан. Негізгі үлесті дебеттік карталар құрап отыр. 1 мамырдағы жағдай бойынша еліміздегі 28 банктің 22-сі төлем карталарын шығарған. Оған қоса ұлттық пошта қызметінің опреаторлары да бар.

Жыл соңына дейін 10 жэк ашылады

Жыл соңына дейін елімізде қуаты 236 мегаватт болатын 10 жаңартылған энергия объектісі іске қосылады. Осылайша 2020 жылы олардың саны 95-ке, ал 2021-де 119-ға жеткізу көзделеді. Өткен жылдан бері жаңартылған энергия көздері жобаларын іріктеу аукцион тетігі бойынша өтуде. Ол іріктеуді айқын әрі түсінікті өткізіп, тиімді технологияларды таңдауға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында 255 мегаватқа аукцион өткізу жоспарлануда, оның ішінде: күн электр станциялары – 80 мегаватт, жел электр станциялары –100 МВт, гидроэлектр станциялары – 65 МВт және биоэлектр станциялары – 10 МВт. Осылайша жаңартылатын энергия көздерінің  үлесі 2020 жылға қарай – 3 процентке, 2025-те – 6 процентке, 2030-да 10 процентке дейін артады.

Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша, АҚШ-тың бір доллары 380 теңге 56 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы