383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 65 жоба мақұлданды

  • 516
  • UPD: 14:18, 01.07.2019

Әлемдегі ең табысты 10 компанияның алтауы технология және медиа саласындағы алыптар.

Сондай-ақ «медициналық қызмет көрсету жүйесі де табысты бағыттардың бірі», – дейді сарапшылар.

Сараптамаға қарағанда, соңғы уақытта қаржы секторы мен бөлшек сауда саласының да кірісі мол, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ең табысты кәсіпорындарды анықтау үшін Boston Consulting Group компаниясы әлемдегі жетекші компаниялардың соңғы бес жылдағы табысын салыстырған. Сараптама кезінде 33 салада қызмет ететін 2200 кәсіпорынға талдау жасалған. Нәтижесінде графикалық процессорлар құрастыратын Nvidia компаниясы бірінші орында. Оның бес жылдағы орташа акционерлік табысы 54% асқан. Тұтыну тауарларын шығаратын қытайлық Kweichow Moutai компаниясы екінші орында. Оның кірісі – 43,5%. Үштікті байланыс құралдарына арналған микросхема шығаратын Broadcom компаниясы түйіндейді. Ол акциялардан орта есеппен 39,5% пайда табады. Үздік бестікке Netflix және Adobe компаниялары кірді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 65 жоба мақұлданды

Қазақстандық банктер «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 65 жобаны мақұлдады. Оған 26 млрд 900 млн теңге көлемінде несие беріледі. Жобалар негізінен арнайы киім тігу, жиһаз құрастыру және құрылыс материалдарын өндіру салаларын қамтиды. Сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына да қолдау көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, «қарапайым заттар экономикасы» бойынша тағы 127 жоба қаралуда. Мұндағы жеңілдетілген қарыздың жылдық мөлшерлемесі – 8%, ал несиелеу мерзімі – 7 жыл. 

Жалпы, жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін 600 млрд теңге бөлу қарастырылған. Бұл қаражаттың үштен бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға және қайта өңдеуге жұмсалады. Ал өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласына 400 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылға қарай осы бағдарламаның көмегімен «қарапайым заттар экономикасы» өнімінің импорттық үлесін 59%-тен 37%-ке дейін төмендетіп, 16 мың тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Атырау облысы импортының басым бөлігі Ресейден

Атырау облысы тауар айналымының 97%-ті Ресейге тиесілі. Бұл туралы өңірдің Статистика департаменті хабарлады. 2019 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыстың Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тауар айналымы 109 млн доллардан асқан. Бұл ретте сауда-саттықтың негізгі үлесі Ресей Федерациясына тиесілі. Өңір көршілес елге шамамен 13 млн долларға тауар жіберіп, олардан 95,8 млн долларға тауар алған. Беларусь Республикасымен алыс-беріс импорттық тауарлармен ғана шектелді. Ал Қырғызстан Республикасына 1 миллион доллардан астам сомаға өнім экспорттады. Негізінен ЕАЭО елдеріне Атырау облысы күкірттің барлық түрлерін экспорттады. Бұдан басқа жаңа піскен, салқындатылған, мұздатылған, тұздалған және кептірілген түрлі тұқымды балық, цемент, мұнай мен мұнай өнімдерін, қара металдардың қалдықтарын және жалпы салмағы 91 мың тоннадан асатын басқа да тауар экспорттаған.

Таразда қант зауытын салу жоспарлануда

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында жаңа қант зауыты салынады. Құны 80 млрд теңге шамасында болатын жобаны іске қосу 2021 жылға жоспарланған. Экономикалық аймақ өкілдерінің хабарлауынша, әзірше зауыт құрылысы жобалау кезеңінде. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 8 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек дайын өнімді Қазақстанда ғана емес, шетелде де сату мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтанов Қазақстанда екі жаңа қант зауытын салу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Олардың бірі – Жамбыл, ал екіншісі Павлодар облысында іске қосылмақ.

Қазақстан қор биржасында доллар құны 380 теңге 53 тиынға теңесті. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы