383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көптеген отандық мейрамханалар табыс көлемін төмендетіп көрсетеді

  • 496
  • UPD: 11:05, 02.07.2019

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша көптеген мейрамханалар табыс көлемін төмендетіп көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал кейбірінде кассалық аппараттар мүлдем жоқ, чектерді айына бір рет шығарып, қызметкерлердің санын жасырады. Салықтан жалтарған мейрамханалар мен несиесін уақытылы төлемей жүргендер жайында «Іскердің ісі» айдарында.

Еліміздің Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитеті Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы жүздеген мейрамханы қашықтықтан бақылауға алған.

Кәсіпкерлердің салық төлеуін тексеру үшін мейрамханалардың интернеттегі тізімі пайдаланылған. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері мәлімдеді. Бақылаудың алдын ала қорытындысы бойынша елордадағы 164 мейрамхана өз есебінде 37 салық төлеушінің табысын көрсетпейді. 31 мейрамханада жалдамалы қызметкерлер жоқ, ал 41-інде 5 адамға дейін жалдамалы қызметкер бар деп тіркелген. Сонымен қатар кей мейрамханалардабақылау-касса машиналары жоқ болып шыққан. Ал кассалық аппараттары барлар фискалды чекті айына бір рет, кейбірі күніне бір рет шығаратыны анықталған. Комитеттегілердің айтуынша, Алматы мен Шымкент қалаларында да осындай жағдай. 2018 жылдың есебінде осы саладағы Еліміздің ірі қалаларындағы салық төлеушілердің 18%-і жылына 1 млн теңгеге дейін немесе күніне 3 мың теңге табыс табатынын көрсеткен. Салық міндеттемелерін толық көлемде орындамайтын барлық салық төлеушілерге мемлекеттік кірістер органдары бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жолдады. Осындай талдау басқа облыстар бойынша да жүргізілуде.

 

Қазақстандықтар банкке қанша қарыз?

Соңғы бес айда қазақстандықтардың несие бойынша қарызы 946 млрд теңгеден асты. Бұл мерзімі өткен берешек көлемі. Оның ішінде қысқа мерзімге берілген қарыз 98 млрд теңгеден асса, ұзақ мерзімдегісі 848 млрд теңге шамасында. Ұлттық банктің мәліметтеріне сәйкес, мерзімі өткен несие бойынша Алматы көш басында. Тұрғындардың берешегі 549 млрд теңгеден көп. Екінші орында - Нұр-Сұлтан. Елордалықтардың банкке қарызы 105 млрд теңгеден асады. 42,9 млрд теңгемен Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынға ие болды. Шымкентте мерзімі өткен қарыздардың жалпы сомасы 34 млрд теңгеден асты. Ең аз қарыз БҚО, СҚО және Түркістан облыстары.

 

Қазақстандықтар рубль сатып алуды азайтқан.

Соңғы бес айдағы «таза» сауда көлемі 242,5 млрд теңгені құраған. Көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 22% төмен. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады. Қазақстан аймақтарының арасында рубльдің сатылымы бойынша Ресеймен шекаралас облыстар дәстүрлі түрде көш бастап келеді. Бірінші орында — ШҚО: 37,8 млрд теңге - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық. Бұдан кейінгі орынды Қостанай облысы иеленеді: 26,8 млрд теңге, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға кем. Павлодар облысы көшбасшылардың үштігін қорытындылайды: 26,3 млрд теңге, өсім — 3,4%. Нетто-сатудың ең төмен көлемі Шымкент қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелді.

 

Елімізде 435 мыңнан астам ШОБ тіркелген

«Елімізде тіркелген шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 435 мыңнан асты. Бірақ олардың  тек 291 мыңы жұмыс істейді», - деп хабарлайды Energyprom сараптама агенттігі. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің басым бөлігі шағын компаниялар. Тізімге енген 429 мың кәсіпорынның тек 66 % астамы немесе 289 мыңы жұмыс істейді. Ал орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында керісінше, 6 мыңға жуық компания белсенді қызмет етуде. Дегенмен, саладағы жаңадан ашылған компаниялар саны азайған. Тағы бір айта кетерлігі, бір жылдың ішінде белсенді шағын компаниялардың саны 11 % өскен. «Алдағы уақытта да олардың қатары артады», - дейді мамандар. Себебі, «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында биыл 14600 шағын және орта бизнес жоба қолдауға ие болмақ.

Қазақстан қор биржасында доллар құны 380 теңге 71 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы