384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019-2020 оқу жылына 53700 грант бөлінді

  • 579
  • UPD: 14:46, 10.07.2019

Биылдан бастап елімізде студенттер ерікті ретінде жұмыс істеп, оқу ақысын төлей алады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қоғамдық жұмысқа араласып, ақша табуды қалайтындарға арналған сайт 1 қыркүйекте іске қосылады. Жүйе қалай жұмыс істейді? Еріктілердің еңбегі қалай есептеледі?

Биыл Жастар жылы болғандықтан студенттерге ерекше қолдау жасалып жатыр. Соның бірі – еріктілерге арналған бағдарлама. Оған шамамен 50 мың студент қатысады деген болжам бар.

Студенттер ерікті ретінде еңбек етіп, оқу ақысын төлейді

Биыл студенттердің уақытын тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік жасалады. Яғни 1 қыркүйектен бастап олар ерікті ретінде жұмыс істеп тапқан табысымен оқу ақысын төлей алады. Еріктілер мен еріктілерге жұмыс ұсынушылар тіркелетін сайт оқу жылының алғашқы күні іске қосылады. Оған кез келген студент қатысуға құқылы. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры мәлімдеді. Оның айтуынша, сайтта бес санат болады. Ниеттілерге ваучердің екі түрі ұснылады. Екі кердитті ваучер – 20 мың теңге. Жалпы, бұл бағдарламамен 50 мың студентті қамту жоспарланған. 

Білім беру саласында қызмет көрсету 12% өсті

2019 жылдың бірінші тоқсанында білім беру саласындағы қызмет көрсету 12 процентке көбейді. Осылайша жалпы сомасы 77,2 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл 68,9 миллиард теңге болатын. «Энерджипром» сайтының мәліметтеріне қарағанда, қызметтің 34 проценті Алматы қаласының үлесінде. Ал 24 проценті Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі. Жылдың бірінші тоқсанында республикалық бюджет есебінен 41,4 миллиард теңгеге қызмет көрсетілді. Сондай-ақ білім беру саласы тұрғындар есебінен 33,9 миллиард теңгеге қызмет көрсетті. Кәсіпорындардың үлесі 1,9 миллиард теңгені құрап, 43,6 процентке өсім байқатты.

2019-2020 оқу жылына 53700 грант бөлінді

Биылғы оқу жылына жалпы саны 53 мың 700 грант бөлінген. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, 1 тамызда грант иегерлерінің аты-жөні белгілі болады. Бұдан бөлек мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көп балалы отбасыдан шыққан түлектерге 5 мың грант беріледі. Яғни ол межелі балды жинап, бірақ оқуға түсе алмаған көп балалы отбасылардан шыққан түлектерге үлестіріледі. Оған өтініштер 5-10 тамыз аралығында қабылданып, қорытынды 25 тамызда жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін білім сапасын көтеру үшін елімізде оқу орындарының санын қысқарту ісі басталған еді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемін жалпы ішкі өнімнің 5 процентіне жеткізіп, қосымша 180 колледж бен 20 университет ашу қажеттігін айтты. Тіпті жоспардың бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 58 миллиард теңге бөлінетінін  мәлімдеді.

Автокөлік өндірісі 42% өсті

Биыл алғашқы алты айда қазақстандық автоөндірушілер 15 мың жеті жүз жеңіл көлік шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 процентке көп. Сондай-ақ отандық зауыттарда 404 автобус, 495 жүк көлігі, 270 тіркеме және 19 арнайы техника құрастырылған. Барлығының жалпы сомасы – 114,7 миллиард теңге.

Қазақстанда жасалған автокөліктердің 94 проценті Қостанай мен Шығыс Қазақстан облысының үлесінде. Ал автокөлік шығаратын зауыттардың ішінде «Азия Авто» көш бастап тұр. Алты айда кәсіпорынның қарқыны 20 процентке артып, 8 жарым мың көлік құрастырды. «Сарыарқа Авто Промның» қарқыны да жаман емес. Олар алты айда 7 жарым мың көлік жасап, өндіріс көлемін 80 процентке көбейтті.

Күзде АҚШ-та дефолт болуы мүмкін

Қыркүйекте АҚШ-та дефолт болуы мүмкін. Бұл туралы қоспартиялы саясат орталығының баяндамасына сілтеме жасап «Блумберг» агенттігі хабарлады. Сарапшылардың пікірінше, дефолтқа салық түсімдерінің азайып кетуі әсер еткен. Биыл елде салық түсімдерінің өсімі 6 процентке өседі деп болжанған. Алайда 3 проценттен аспады. Тиісінше мемлекеттік қарыздар артып жатыр. Сондықтан сарапшылар АҚШ конгресі жедел әрекет етіп, дефолттың алдын алуы керек дейді. Дегенмен конгрестің кіші палатасы бұл мәселені әлі талқыламаған. Сондықтан дефолт болады деген қауіп басым. Бұл жалғыз АҚШ емес, әлем экономикасына кері әсер ететіні сөзсіз. Мәліметтерге қарағанда, ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік қарыздары 22 триллион доллардан асып, тарихи максимумға жеткен.

Енді Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 384 теңге 23 тиынды құрады. Айырбастау бөлімшелерінде көк қағазды 385-386 теңгеден сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы