385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде халықтың 60% табысы жан басына шаққанда 53 мың теңгеден аспайды

  • 497
  • UPD: 10:40, 24.07.2019

Биыл бес айда елімізде 2,5 триллион теңгеге құнды қағаздар сатылған,деп хабарлайды «Хабар 24».

Сарапшылардың пайымдауынша, мәмілелердің басым бөлігі валюталық және ақшалай операцияларға тиесілі. Егер бөліп қарасақ, валюталық нарықта сауда көлемі – 13,5 триллион теңге, ал ақшалай нарықта 109,5 триллион теңге.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы базасында жұмыс істейтін «Қазақстан қор биржасы» оң нәтижелер көрсетуде. Мысалға, мамыр айында құнды қағаздардың жиынтық сауда көлемі шамамен 4 триллион АҚШ долларын құраған. Мұндағы «Қазатомөнеркәсіптің» қарапайым акциялар айналымы 1,5 млрд теңгеге жуықтаған. Мамандардың айтуынша, экономиканың нақты және мемлекеттік секторларындағы компаниялардың үлестік, сондай-ақ борыштық бағалы қағаздарын шығару мен орналастыру арқылы нарық капиталын жандандыруға болады. 2025 жылға дейін отандық биржаға 350 млрд доллардан астам пайда түседі деп бағаланып отыр. Айта кетейік, нарықтың кәсіби қатысушыларының болжамы бұдан да жақсы. Олар бағалы қағаздар сатылымынан түсетін қаражат 500 миллиард долларға жетеді деген пікірде.

Халықтың 60% табысы 53 мың теңгеге жетпейді

Халықтың 60% табысы жан басына шаққанда 53 мың теңгеден аспайды, бұл туралы Ranking.kz хабарлады. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бұл санаттағы азаматтар 22 мың теңгеден 49 мың теңгеге дейін орташа айлық алады деп тіркелген. Елдегі жалпы табыс көлемінің шамамен 39% халықтың осы бөлігіне тиесілі. Ал жалақысы жоғары, жағдайы жақсы азаматтар халықтың 10% құрайды. Оларға елдегі барлық табыс көлемінің 24 проценттен астамы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың медиандық табысы 43400 теңгені құраған. Қазақстанның 12 өңірінде мұндай табыс 50 мың, бес өңірде 40 мың теңгеден аспады. Айта кетейік, медиандық кіріс деңгейі – өте маңызды көрсеткіштердің бірі. Себебі ол адамдардың орташа айлық табысын емес, шынайы табыс көлемін есептейді.

Экспорттаушыларға арналған жол картасы әзірленуде

Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау мақсатында арнайы Жол картасы әзірленуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы жағдай ескеріле отырып, Ұлттық экспорттық стратегия қайта қаралатын болады. Кешенді шаралар арқылы 2025 жылға қарай шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерін экспорттауды 2 есеге арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар сауда саясатын дамыту орталығының базасында экспорттаушылар үшін «бірыңғай терезе» құру жоспарлануда.

Қазақстан қор биржасында доллар құны 384 теңге 22 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 385-386 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы