386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы дизель отыны көрші елдердегіден арзан

  • 423
  • UPD: 11:26, 29.07.2019

Қазақстандағы жанармай бағасы, әсіресе дизель отыны көршілес елдердегі бағамен салыстырғанда ең арзан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Энергетика министрлігі осылай дейді. Мәселен, Қырғызстанда дизельдің литрі шамамен 250 теңге болса, елімізде 191 теңге.

Сондай-ақ отандық электроавтобустар экспорты, мемлекеттік кірістер көрсеткіші мен әдеттегідей әлемдік мұнай бағасы туралы айтып беремін.

Сонымен, жоғарыда айтылғандай Қырғызстандағы дизель бағасы Қазақстандағы отыннан шамамен 60 теңгеге қымбат. Өзбекстанда 195 теңге, ал Ресейдегі баға 300 теңгеге жуықтап қалады. Жалпы елдегі мұнай өңдеу зауыттары қалыпты жағдайда жұмыс істеп келеді. Кідірістер мен тапшылық байқалмайды. Қазақстан ішкі нарықты дизель отынымен толық қамтамасыз етуде.

 

Отандық электроавтобустар көрші елдерде де сатылады

Қазақстандық техника Кедендік одақ елдерінде сатылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта тіпті Германия мен Испания нарықтары да қамтылады деп күтілуде.

Еске салайық, отандық көліктердің көш басын электроавтобустар бастамақ. Өткен жылы өндірісі жүзеге аса бастаған алматылық зауыттың қуаттылығы жылына 100 техника бірлігін шығаруға қауқарлы. Осылайша, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу да көзделіп отыр. Бүгінде 10 электроавтобус құрастырылды. Жобаға бөлінген инвестиция көлемі 14 млрд теңгеге жуықтайды.

 

Жыл басынан бері Қазақстан бюджетіне 4 трлн теңге салық түсті

Жыл басынан ел бюджетіне 4 триллион теңге салық түсті, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті. Бюджет кірісі бойынша жоспар бірінші жартыжылдықта ойдағыдай жүзеге асырылған. Мемлекеттік бюджет жоспары - 102,6%, республикалық бюджет - 101% және жергілікті бюджеттер - 107,5%-ке орындалды. Мемлекеттік бюджеттің 4 млрд 126 млн теңге деп есептелген жоспар 108 млрд теңгеге асыра орындалып, нақты 4 млрд 234 млн теңге түсті. Оның ішінде: республикалық бюджетке жоспарланған 3 млрд 94 млн теңге болса, 31 млн теңгеге асыра орындала отырып, 3 млрд 124 млн теңге түсті. Ал жергілікті бюджетке 1 млрд 32 млн теңге жоспармен 1 млрд 109 млн теңге түсті. Сонымен қатар салықтық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджетке салықтар мен кедендік төлемдердің қосымша түсімдері бойынша жоспар 162%-ке орындалды. Өткен жылы 213 млрд 5 млн теңге деп жоспарланса, бүгінгі нақты түсім - 345 млрд 8 млн теңге. Жартыжылдық жоспарды орындау бойынша ең жақсы көрсеткіштер Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Кедендік тексерулердің тиімділігі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы жүзеге асатын жобаларға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл туралы орталықтың атқарушы директоры Шырын Тіленшиева ел президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

 

Қай елдерде жұмыс визасын алу жеңіл?

Сарапшылар өмір сүруге қолайлы әрі жұмыс визасын жеңіл жолмен алуға болатын 10 елді атады. Көш басын Нидерланды бастады. Голландияда шетелдік мамандар тапшылығы байқалады. Осыған байланысты инновациялық стартапы бар азаматтар қызғалдақтар елінде бір жыл тұра алады. Екінші орында Панама елі. Артынша, Ирландия келеді. Жалпы жұмыс визасын алуда ешқандай кедергі жоқ. Негізгі шарттары бойынша азамат оқу орнында білім алуы керек немесе оқуын тәмамдағанына бір жылдан аспауы керек.

 

Әлемдік мұнай бағасы өсті

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында қыркүйек айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны бойынша бір баррелі 31 центке жоғарылап, 63 доллар 14 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында NYMEX қыркүйек айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 18 центке қымбаттап, бір баррелі 56 доллар 2 центті құрады.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 384 теңге 92 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 385-386 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы