386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда автонесие беру қарқын алып келеді

  • 427
  • UPD: 11:03, 30.07.2019

Елімізде автонесие беру қарқын алып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны көлік нарығының негізгі трендіне жатқызсақ та болады. Екіжақты тиімді жүйе екінші деңгейлі банктердің де, көлік сатып алуға асық тұтынушылардың да көңілінен шықса керек.

Жергілікті екінші дейгейлі банктер автокөлік сатылымы үшін несиелік портфелін ұлғайтып келеді. Қаржылық институттардың деректері бойынша, қазақстандықтардың таңдауы көбіне ресейлік, жапондық және кореялық маркаларға түседі. Қазіргі уақытта елдегі 28 банктің тек 10-ы ғана автонесие ұсынады. Ал су жаңа көлікпен қатар, бұрын қолданылған темір тұлпарлардың сатылымы бойынша 7-ақ банк қызмет көрсетеді. Олар: Нұрбанк, Капитал Банк, Банк Центр Кредит, АТФ, Сбербанк, Каспи, Касса Нова мен Еуразиялық банк. Әсіресе, соңғы аталған банктің автонесиелік портфелі ең жоғары саналады. Мәселен, өткен жылы банк 134 млрд теңгеге автонесие ұсынған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 14,3 процентке көп. Бұл деректер екінші деңгейлі банктердің ұсынған есептерінен белгілі, деп жазады Капитал.кз порталы.

Әлемдік көлік нарығының қарқыны бәсеңдеген

Әлемдік көлік нарығының қарқыны шамамен 6 жарым процентке бәсеңдеп, 7 млн 794 мың жеңіл көлікке қысқарған. Бұл туралы Росбалт сайтында жазылған. Осылайша, жыл басынан санағанда жаһан бойынша 45 млн 159 мың көлік уақытылы сатылмай қалған. Жалпы көлік сату бойынша көш басында Қытай елі келеді. Бірақ аспан асты елінде де сатылым қарқынының 12 жарым процентке төмендегені байқалады. Сондай-ақ Еуроодақтың 27 елі мен Исландия, Норвегия және Швейцарияда 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында көлік сату көрсеткіші шамамен 8 процентке қысқарған. Еуропалық автокөлік өндірушілер қауымдастығы келтірген деректер осындай.

Жалпы елдегі машина жасау кәсіпорындары жарты жылда 553 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл туралы Қазақстанның машина жасаушылар одағы хабарлайды. Одақтағылар, бәсекеге қабілеттілікті арттыру және өз өндірістерінде қосымша жұмыс орындарын құру мақсатында қосалқы бөлшектердің бәрін өзімізде өндіруге күш салып келеді. Отандық техника сатып алатын шаруаларға субсидия қарастырылған. Олардың бағасы шетелдік баламаларынан 2-3 есе арзан.

Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береді

Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие береді. Несие 6%-пен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы сыйақының бір бөлігі өтелетіндігіне байланысты төмен пайыздық мөлшерлеме бекітілген, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметіне сәйкес, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» республикалық бағдарламасы іске қосылды. Осы мақсаттарға 600 млрд.теңге бөлінді. Бағдарламаға білім беру объектілерін салу, көлік құралдарын, құрылыс материалдарын, тамақ пен тоқыма өнімдерін, қағаз бұйымдарын, электроника, жиһаздарды, тұрмыстық химия өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер қатыса алады. Сонымен қатар, бағдарламаны жүзеге асыру аясында бас шаһардың өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында жобалық кеңсе құрылды. Кеңсе қызметкерлері тұрақты негізде консультациялық қызмет көрсетеді. Мекенжайы: Республика даңғылы, 24.

Ресейде аз қамтылғандар қатары сиреп келеді

Ресейде күнкөріс минимумынан төмен табыс табатын қызметкерлердің қатары азайған. Мәселен, 2000 жылы қалталы азаматтардың табысы қарапайым жұмысшылардың жалақысынан шамамен 34 есе көп болатын. Ал 2005 жылы бұл көрсеткіш 25 есеге дейін қысқарса, бүгінде айырмашылық тағы екі есеге кеміген. Бұл туралы «Ресей газеті» жазған. Ресей экономикалық университеті мамандарының айтуынша, оң тенденцияға ел аумағында өнеркәсіп саласының дамуы сеп болып отыр. Алдағы уақытта жұмыс берушілер тарапынан жоғары білікті мамандарға сұраныс пен өзара бәсекелестік артып, жалақы мөлшері өсуі мүмкін, дейді сарапшылар.

Әлемдік мұнай бағасы өсті

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы тағы да өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында қыркүйек айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны бойынша бір баррелі 43 центке жоғарылап, 63 доллар 82 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қыркүйек айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 67 центке қымбаттап, бір баррелі 56 доллар 87 центті құрады.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 385 теңге 10 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 386-387 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы