388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда машина жасаушы компанияларға салықтық жеңілдіктер енгізілмек

  • 592
  • UPD: 11:51, 02.08.2019

2019 жылдың алғашқы жартысында машина жасау өндірісінің көлемі 13,4 процентке артып, 553 миллиард теңгені құрады.

Осылайша машина құрастыру экономиканың ең серпінді дамыған салаларының біріне айналды. Енді осы қарқынды одан әрі үдете түсу үшін 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Онда қандай мақсат, міндет бар?

Саланың тынысына серпін беруге арналған жол картасы 11 бағытқа бөлінген. Осы аралықта 57 іс-шара іске асырылмақ.

Машина жасаушы компанияларға салықтық жеңілдік жасалмақ

Қазақстанда Машина жасаушы компанияларға салықтық жеңілдіктер енгізілмек. Сонымен қатар өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылданып, Өнеркәсіптік даму қоры құрылуы мүмкін. Мұндай бастама 2019-2024 жылдарға арналған Машина жасау саласын дамытудың жол картасында қарастырылды. Құжат іске асқан кезде өнім көлемі 2 есе өсіп, экспорт көлемі 1,2 есеге ұлғаяды деген жоспар бар. Жалпы, осыдан 18 жыл бұрын машина жасау саласында өнім өндіру көлемі 46 млрд теңге болса, қазір 1 трлн теңгеге жеткен. Өткен жылы трансформатор жасау 21 процентке, кабель өндірісі 80 пайызға өсті. Зауыттар бұрыңғыдай қосалқы бөлшектер шығарып қана қоймай, вагондар, автобустар мен жеңіл көліктер құрастыра бастады. Мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда машина жасаумен 2600 кәсіпорын айналысады. Оларда шамамен 64 мың адам жұмыс істейді.

Мүлік пен жер салығы бірігеді

Қазақстанда мүлік және жер салығы бірігіп, бір салыққа айналуы мүмкін. Ұсыныс салық алу мәселелері бойынша әзірленіп жатқан заң жобасына енгізілді. Құжатты Ұлттық экономика министрлігі дайындап жатыр. Дегенмен салық базасы мен мөлшері, есептеу және төлеу сынды салық элементтері өзгермейді. Жаңашылдық тұрғындардың төлем жасауын оңтайландыруға бағытталған. Сондай-ақ құжатта көппәтерлі үй иелері үшін жер салығын жою қарастырылған. Себебі бұл салықтан түсетін қаржы, оны есептеп жинауға кеткен шығынды ақтамайды. Заң жобасы мемлекеттік органдардың келісу рәсімінен өтіп жатыр. Күзде Парламентке енгізу жосапрланып отыр. Егер мақұлданса келер жылы қолданысқа енуі мүмкін.

Польша билігі жастарды табыс салығынан босатты

Польша билігі мемлекет жастарын табыс салығынан босатты. Тиісті заң тамыз айының бірінен бастап күшіне енді. Құжатты ел үкіметі мен қаржы министрлігі мақұлдаған. Оған сәйкес 26-ға толмаған жастардың табысынан салық алынбайды. Бұл шамамен 2 миллион адамның жалақысының артуына әсер етеді. Үкімет мүшелері бұл жеңілдік жастардың жұмыссыздық деңгейін азайтады деген үмітте. Сондай-ақ елдегі бос жұмыс орындарына шет мемлекеттерден жастар тартуға мүмкіндік береді. Айта кетейік Польшада жұмыс істеуге көбіне украиналық жастар барады. Былтыр мұнда шет елден келген еңбек мигранттарының 73 проценті украиналықтар. Дегенмен оппозиция өкілдері өзгерісті қатты сынға алып жатыр. Олардың айтуынша, мұндай жеңілдік арқылы биліктегі партия күзде өтетін сайлау қарсаңында ұпай жинамақ. Сондай-ақ үкіметті азаматтардың белгілі бір тобына жағдай жасау арқылы теңсіздік заңын бұзды деп айыптады. Айта кетейік, Польша билігіндегі «Заң және әділдік» партиясының бастамасымен балаларға берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері де көбейді 

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналым 1,3 млрд АҚШ долларын құрады

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналым тұрақты түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар мен мамыр аралығында оның көлемі 1,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Индустрия және Инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Мереке Пішенбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Түркияға ауыл шаруашылығы өнімдері, ет, метал, химия өнеркәсібіның өнімдері, дәрлік заттар мен азық-түлік сынды 47 тауар түрін жеткізе алады. соңғы 14 жылда түрік инвесторларының Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы шамамен 3 млрд. АҚШ долларына жетті, түрік экономикасына құйылған қазақстандық инвестициялар 1 млрд. АҚШ долларын құрады. Бүгінгі таңда Қазақстанда Түркиямен бірлескен 1300-ден астам кәсіпорын белсенді жұмыс істейді.

Мереке Пішембаев, ҚР ИИДМ жауапты хатшысы:

– Біз Қазақстанның инфрақұрылымын дамытудағы Түркияның рөлін жоғары бағалаймыз. Түрік компаниялары біздің елордамыздың құрылысына белсенді қатысты, Хан Шатыр, Ұлттық мұражай, жаңа теміржол вокзалы сияқты жалпы сомасы 23 млрд АҚШ долларын құрайтын ірі маңызды жобаларды іске асырды. Түрік компанияларының көмегімен Қазақстанда 800 шақырымнан астам автожол қайта жаңартылып, 100 километр қайта жаңартылуда.

Енді Қазақстандық қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 384 теңге 99 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 385-386 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы