386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде тұрғын үй тапсырудан 3 облыс көш бастады

  • 291
  • UPD: 11:59, 14.08.2019

Жыл басынан жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,2 процентке дейін жеделдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы кеше Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан озық болып тұр – 11,3 процент. Инвестициялар ауыл шаруашылығында шамамен 61 жарым процентке, құрылыста 46,3, саудада 23 және өнеркәсіпте 19 процентке өскен. Еске салайық, Руслан Дәленов осыдан екі ай бұрын жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 процентті құрағанын хабарлаған болатын.

Руслан Дәленовтің айтуынша, өнеркәсіпте, құрылыста және көрсетілетін қызметтер саласында серпін байқалады. Процестің жеделдеуі ауыл шаруашылығы мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың тұрақты қарқынымен қамтамасыз етіліп отыр. Сондай-ақ министр орталық және жергілікті атқарушы органдардың қандай мәселелерге назар аудару керектігін атады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр құрылыс пен тұрғын үй тапсыру саласындағы өңірлердің көрсеткіштерін жариялады. Құрылыс бойынша нақты көлем индексі жыл басынан 111 жарым процентті құрады. 8 өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үйді тапсыру бойынша Түркістан, Қызылорда және Қостанай облыстары көш бастады. Ал төмен көрсеткіш Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында байқалды. Министрдің айтуынша, жыл басынан елімізде 6 жарым млн шаршы метр тұрғын үй немесе шамамен 56 мың пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде 24 мыңнан астамы – жеке тұрғын үйлер.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев елімізде мұнайды қайта өңдеу көлемі неліктен жоспардан қалып жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, мұнай өндіру көлемі бойынша ешқандай кедергі жоқ. Саладағы қарқын көлемі жоспарлы көрсеткіштен 11,2 процентке жоғары. «Биыл норманы толық орындаймыз», – деп сендірді министр.

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында сейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында қазан айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың бағасы 43 центке қымбаттап, баррелі 63 доллар 82 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қыркүйек айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай құны 67 центке өсіп, бір баррелі 56 доллар 87 центті құрады.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының құны 6 тиынға қымбаттады. Осылайша, бүгінгі бағамы – 387 теңге 49 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 388-389 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы