387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымы 9,6 млрд долларға жетті

  • 324
  • UPD: 10:52, 19.08.2019

Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеткізілетін тауарларды қадағалау механизмі туралы келісім ратификацияланбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы министрлігі құжатты ратификациялау арқылы көлеңкелі экономиканың жолын кеспек.

Қазақстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымы 9,6 млрд долларға жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,5%-ке кеміген. Өнімдердің негізгі тұтынушысы – Ресей Федерациясы. Сауда-саттықтың 92,2%-і осы елмен жүзеге асқан. Қырғызстанға – 4,1%, Беларусь Республикасына – 3,6%-і, Арменияға – 0,1%-і жөнелтілді. Елдегі экспорт шамамен 3 млрд долларға жуықтаса, импорт 7 млрд АҚШ валютасына жетіп қалды. Алайда бұл көрсеткіштер былтырғыға қарағанда біршама төмен. Экспортталған өнімдердің 39%-і – минералдар, 28,5%-і – металдар мен олардан жасалған бұйымдар, 12,8%-і – химия өнімдері және онымен байланысты өнеркәсіп салалары, 10%-тен астамы – өсімдік және жануар тектес өнімдер. Айтпақшы, ЕАЭО-ның кедендік аумағына жеткізілетін тауарларды қадағалау механизміне сай тек Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен тізімге енген тауарлар ғана қадағаланады.

 

Қазақстанда халықаралық туристік көрме өтеді

18-20 қыркүйек аралығында Қазақстанда халықаралық туристік көрме өтеді. PATA Travel Mart шарасына Азия және Тынық мұхиты елдерінің қауымдастығы мұрындық болған. B2b форматындағы ауқымды көрме 1978 жылдан бері әлемнің 44 қаласында өтіпті. Біз эстафетаны Малайзиядан алдық. Биылғы шараның Нұр-Сұлтан қаласында өтуі бойынша келісімді Kazakh Tourism жасасты. Нәтижесінде қауымдастық көрмеге экспоненттерді тартса, ұлттық компания техникалық жағына жауап береді. Көрмеде отандық туроператорларға арналған алаң дайындалмақ. Мақсат – елімізге шетелдік операторларды тарту, солармен тығыз байланыс орнату. Көрме аясында жастар симпозиумы, түрлі жиындар өтпек. Еліміз Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Малайзия, БАӘ, Германия, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Канада, сондай-ақ ТМД елдерінен туристерді тартуды көздеп отыр. Шетелдік мамандар да Қазақстанның саладағы әлеуетін жоғары бағалайды.

Мэм Пуангтхип Чотипантаванон, PATA қауымдастығының оқиғалар жөніндегі бөлім директоры:

- Әр елдің өз туристік ерекшелігі болады. Мен Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. Елді түгел аралап үлгермесем де, астаналарыңыздың келбеті, сұлулығы керемет әсер қалдырып жатыр. Осындағы архитектураның өзі туристер үшін тартымды деп ойлаймын. Елдеріңіздің турист тартар мүмкіндігі мол. Ол үшін сіздерге визалық процесті жеңілдету керек. Онлайн қызмет көрсету жүйесін де реттеген абзал. Әлем елдерінде туристік өнімдерді осылай рәсімдеу жолға қойылған. Сіздерге де сондай кеңес беремін.

 

Отандық туроператорларға қолдау бар

РАТА – әлемдегі ірі туристік қауымдастықтардың бірі. Биыл PATA Travel Mart көрмесіне әлемнің 80 елінен 1000-ға тарта делегат келеді. Олардың қатарында туристік өнімдерді сатып алушылар, халықаралық БАҚ өкілдері бар. Бүгінде 40-тан аса отандық туроператорлар мен ұйымдар тіркелді. Ал қатысушылар тізіміне еніп үлгермегендер үшін 1500 емес, 500 доллар төлеп, қатысу мүмкіндігі бар. Бұл – қазақстандық туроператорлар үшін жасалған жеңілдік. Ал мұндай ауқымды шарада ірі туристік индустрия өкілдерін елге көптеп тарту мақсаты тұр. Әзірге 250 сатып алушымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Технология және электронды саудамен айналысатын компаниялар Global Top 100 тізімінде көш бастады. Әлемдегі 100 ірі кәсіпорынның нарықтық айналымы бір жылда 21 трлн долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Жалпы соңғы 5 жылдағы көрсеткіш 337 млрд доллардан 905 млрд долларға жеткен. Биыл бірінші Үндістан мен Сауд Аравиялық компаниялар үздіктер қатарынан көрінді. АҚШ – үздіктің үздігі. Тізімнің жартысынан көбі осы елге тиесілі. Қытай мен Еуропа корпорациялары нарықтық көрсеткішті едәуір төмендеткен.

Айта кетейік, Қазақстан қор биржасында 1 доллар 386 теңге 82 тиынға бағаланған.

Хабар 24 телеарнасы