387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл шетелден Қазақстанға 173 млрд теңге аударылған

  • 337
  • UPD: 10:42, 23.08.2019

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қазақстанда ең үлкен бюджет тапшылығы тіркелген.

Ел қазынасына биыл 5 триллион теңдеген астам қаржы түскен. Еуразиялық экономикалық комиссияның зерттеу қорытындысы туралы сәлден соң жалғастырамын.

ЕАЭО елдеріндегі бюджет тапшылығы

Биыл I жартыжылдықта Қазақстан бюджетінің кірісі 5,2 трлн теңгеден асты. Ал шығыстар 5,5 трлн теңгені құрады. Айырмашылықты есептесек, бюджет тапшылығы 255,4 млрд теңге деңгейінде. Одақта бюджет тапшылығы тіркелген тағы бір мемлекет – Қырғызстан. Еуразиялық экономикалық комиссиясының хабарлауынша, көрші елдегі бюджет тапшылығы 1,1 млрд қырғыз сомын құрады. Негізінен одақ құрамындағы басқа мемлекеттерде де профицит байқалады. Мәселен, Ресейде 2019 жылдың қаңтар-маусым айлары арасындағы көрсеткіш – 1,7 трлн рубль, Беларусьте 2 млрд беларусь рублі, Арменияда 121,9 млрд драм болды. Долларға шаққанда Қазақстанның бюджет тапшылығы шамамен 700 млн долларды құрады, ал Қырғызстанда бюджеттің кірісі мен шығыстарын доллармен есептегенде айырмашылығы шамалы. Бұл ретте Ресейдегі профицит 26 млрд доллар, Беларусьте – шамамен 900 млн доллар, Арменияда – 300 млн долларға жетті.

Адам капиталын инвестициялау азайған

Адам капиталын инвестициялау деңгейі төмендеген. Әсіресе, білім беру саласына құйылған қаржы көлемінің қысқарғаны байқалады. Бұл туралы finprom.kz сараптама агенттігі хабарлады. Еліміздегі 17 аймақтың 10-да оқу-ағарту секторындағы инвестициялық портфельдің қысқарғаны байқалады. Білім беру саласын инвестициялау былтырға қарағанда биыл 10,2%  төмендеп, шамамен 93 млрд теңгені құраған.  Республика аймақтырына шолу жасасақ, Түркістан облысында білім беруге биыл ең көп қаржы құйылған. 19,5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 74,5% көп. Үштікке Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары кірді. Саланы қаржыландыру мәселесі өте маңызды. Өйткені білікті мамандар - мемлекет дамуының кепілі. Мұны тамыз конференциясына қатысқан Мемлекет басшысы да назарға алды. Президент білім беру жүйесін экономиканың бір бағытты ретінде қарастырып, саланы қаржыландыру арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын атап өтті. 

Биыл шетелден Қазақстанға 173 млрд теңге аударылған

2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға шетелден 173 миллиард теңге аударылған. «Қаражаттың үштен екісі Ресей мен Кореядан келген», деп хабарлайды Ranking.kz. Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы жіберілген бұл сома өткен жылмен салыстырғанда 17,3% көп. Қаржының басым бөлігі Ресейден аударылған: 72 млрд теңге. Екінші орында Корея Республикасы. Бұл мемлекеттен жасалатын аударымдар көлемі артып, биыл 32,3 млрд теңгеге жеткен. Үштікке Өзбекстан кірді. Соңғы алты айда көрші елден Қазақстанға 15 млрд теңгеге жуық қаржы аударылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 58,8% көп делінген хабарламада. Сонымен қатар, тізімге Қырғызстан, АҚШ, Германия, Түркия мемлекеттері кірді.

Қазақстан қор биржасында доллар құны 386,04 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 387-388 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы