387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 4%-тен асады

  • 315
  • UPD: 12:06, 28.08.2019

2020 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің нақты өсімі 4%-тен асады.

Бұл туралы күні кеше Үкімет отырысында еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтқан болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Арыстағы құрылыс жұмыстарының барысы, Қытай мен АҚШ арасындағы кедендік баж салығы көлемінің өсуі мен әдеттегідей әлемдік мұнай бағасына тоқталып өтем.

Сонымен, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, инвестициялар экономикалық өсуді қолдаудың маңызды факторына айналады. Салалық бөліністе негізгі өсім шикізаттық емес секторға тиесілі болады. Бұл - өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы мен құрылыс. Аталған салалардың орташа өсімі 4,7%-ке жетеді. Жалпы ішкі өнімнің өсуіндегі салым көлемі 3,5%-тік тармақты құрамақ.

 

Арыс қаласындағы үйлер 20 қыркүйекте тапсырылады

Арыс қаласында қалпына келтіріліп жатқан барлық үйлер 20 қыркүйекте тапсырылады. Бұл туралы Түркістан облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов хабарлады. Оның айтуынша, 100 үйде жаңадан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысына қарасты 8-ші секторда 537 үй бар. Жөндеуді қажет ететін 65 үйдің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары қалды.

 

Қазан айында АҚШ қытай тауарларына баж салығын өсіреді

Қазан айында АҚШ қытай тауарларына салынатын баж салығы көлемін 30%-ке өсіреді. Осылайша, кедендік шектеу жалпы құны 250 млрд долларға тең тауар түрін қамтиды. Бұл туралы «Вестифинанс» порталы хабарлады.

Еске салайық, қазіргі баж салығының көлемі – 25%. Сондай-ақ Құрама штаттар президенті Дональд Трамп құны 300 млрд доллар болатын өзге де қытайлық өнімдерге баж мөлшерін 10-15%-ке дейін өсіруді жоспарлап отыр. Кейбір тауарлар бойынша жаңа норма келер айдан бастап күшіне енеді. Өз кезегінде Қытайдың да қарымта қадамы бар. Мемлекет америкалық тауарларға қатысты жаңа баж салығын екі кезең арқылы өсірмек. Өсім аралығы 5 пен 25%. 5-10%-тік салық 5 мың америкалық өнім түрін қамтиды. Бұл - құны шамамен жылына 75 млрд доллар көлеміндегі импорт. Сондай-ақ АҚШ-тан тасымалданатын көліктер бойынша баж мөлшері 25%-ке, ал қосалқы бөлшектер бойынша 5%-ке дейін жоғарылайды. Осыған байланысты Трамп Қытай еліне балама бола алатын басқа сауда одақтасын табу қажеттілігін айтты.

 

Әлемдік мұнай бағасы құбылмалы

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларындағы сауда қорытындысы бойынша мұнай бағасы өскен. Лондондағы ICE Futures биржасында қазан айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың 1 доллар 18 центке қымбаттап, баррелі 60 доллар 5 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қыркүйек айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай құны 1 доллар 29 центке өсіп, бір баррелі 54 доллар 93 центке тең болды.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 387 теңге 50 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 388-390 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы