389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екінші деңгейлі банктер ел экономикасына 8,1 трлн теңге несие берді

  • 465
  • UPD: 11:50, 12.09.2019

Екінші деңгейлі банктер ел экономикасын несиелеуді ұлғайтып жатыр. Соңғы жеті айдың қорытындысы бойынша қаржы ұйымдары 8,1 триллион теңге қарыз берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінен алынған несие былтырғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 12,7%-ке көп.

Биылғы жеті айда еліміздегі екінші деңгейлі банктер ел экономикасына 8,1 триллион теңге қарыз берді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12,7%-ке артық.  Жалпы 2018 жыл бойына екінші деңгейлі банктер 13,5 триллион теңге несие берді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24%-ке көп. Атап айтсақ, былтыр өнеркәсіп секторына 2,1 триллион, өңдеу өнеркәсібіне 1,5 триллион, ал тау-кен өндірісі саласына 466,7 миллиард теңге несие берілген. Десе де, былтыр ауыл шаруашылығы саласын несиелеу 36,3%-ке кеміп, 112 миллиард теңгені құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қарыздардың 45,5%-і ұзақ мерзімді несиенің үлесінде. Оның жалпы құны 6 триллин теңгеден асады.

 

Банк салымшыларының басым бөлігі қаржысын теңгемен сақтайды

Биылғы жеті айда қазақстандық банктердегі салымдардың жалпы сомасы 15,24 триллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ке аз. Оның 57,2%-і бөлшек және Қазақстан тұрғыны болып саналмайтын азаматтардың үлесінде. Салымшылардың 53%-і ұзақ мерзімді депозит ашқан. Ұзақ мерзімді салымда да теңгенің үлесі басым. Қазақстандықтар 2,09 трлн теңгенің депозитін ашқан. Дегенмен, бұл былтырғыдан төмен. Жеке адамдардың қысқа мерзімді депозиттері 12,2%-ке артса, ұзақ мерзімді салымдар 2,4%-ке кеміген.

Айта кетейік Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жаңа ережесі бойынша салымдарға сыйақының мөлшерлемесі ай сайын жарияланып тұруы тиіс. Мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін деген болжамдар бар. Мұндай жағдайда ұзақ мерзімді депозиттер өзіне оңтайлы мөлшерлемені жыл соңына дейін сақтап қалу басымдығына ие болады.

 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым азайды

Биылғы алты айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналым 0,6%-ке кеміді. Бауырлас екі мемлекет қаңтар мен шілде аралығында 1,4 миллиард АҚШ долларына сауда жасаған. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Өзбекстанға 994 миллион АҚШ долларына тауар экспорттады. Ал бұл мемлекеттен 367 миллион АҚШ долларының тауарын импорттады. Еліміздің сауда және интеграция министрлігі өкілдерінің айтуынша, Қазақстан Өзбекстанға 70 түрлі тауар экспорттай алады. Дегенмен, әзірге экспортталған тауардың басым бөлігі Бидай мен ұн және мұнай-газдың үлесінде. Егер екі тарап ортақ келісімді бұлжытпай орындап, ынтымақтастықты одан әрі арттыратын болса, 2020 жылға дейін тауар айналымды 5 миллиард АҚШ долларына жеткізуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, алдағы уақытта Өзбекстан кондитерлік өнімнің импортына шектау салмақ. Себебі осы алты айда мемлекет тұрғындары шетелден 40 миллион долларға тәтті ас сатып алған және 32 миллион долларға сатқан. Осы айырмашылықты азайту үшін билік импортты шектемек. Дегенмен, бұл тыйым қазақстандық тауарларға салынбайды.

 

Қазақстанда жаңа көлік алғандар саны 19,5% артты

Отандастарымыздың арасында жаңа автокөлік сатып алушылардың қатары артты. Мәселен қаңтар мен тамыз аралығында ресми диллерлер 43289 темір тұлпар сатты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ке көп. Осы есептік кезеңде ел тұрғындары көлік алуға 396,5 миллиард теңге жұмсаған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 29,5%-ке артық. Жаңадан темір тұлпар тақымдағандардың 56%-і, яғни 24500 дейі отандық кәсіпорында жасалған көлікті алған. Ал 43%-ті шет елдерден импортталған. Енді көпшілік таңдау жасаған көлік түрлеріне тоқталсақ. Сұраныстағы темір тұлпарлардың көшін Lada бастап тұр. Тұрғындар осы маркадағы мыңнан астам көлік алыпты. Екінші орында жапондық Toyota, ал үштікті Кореяның Hyundai-ы түйіндеді.

Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ -тың бір доллары 386 теңге 34 тиынды құрайды. Айырбастау бөлімшелерінде долларды 386-387 теңгеден сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы