389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Екібастұзда АӘК алған 1720 отбасы мемлекетке қарыз болып қалды

  • 244
  • UPD: 11:43, 02.10.2019

Екібастұз қаласында атаулы әлеуметтік көмек алған 1720 отбасы мемлекетке қарыз болып қалды. Өңірдегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жүргізген тексеру барысында олардың дені негізгі кірісі жайлы жалған ақпарат бергені анықталған.

Табысын жасырып, қулығын асырмақ болған  61 отбасының кірісі қайта есептеледі. Енді олар бұйырғанынан артылғанын мемлекетке қайтаруы тиіс. Ал 85 отбасыға әлеуметтік көмек мүлде тиесілі болмай шыққан. Белгілі болғандай, олардың төртеуінде қос-қос пәтер мен иелігінде көлік бары анықталған.  Бүгінде екібастұздық 9 отбасы мемлекетке 907 740 теңгені қайтарды. Еске салайын, бұған дейін тиісті категорияға жататын 2 млн-нан аса қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды. Бірақ, уақыт көмекке мұқтаж азаматтардың көп екенін көрсетті. Осы ретте Үкімет 2019 жылғы бюджетті нақтылап, қосымша 37 млрд теңгені атаулы әлеуметтік көмекке бағыттамақ. 

Ұлттық банктің сыртқы қарызы бір жыл ішінде 1,2 млрд доллардан 759  млн долларға дейін азайды. Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Ал еліміздегі ахуал қандай? Қазақстанның сыртқы қарызы өткен жылмен салыстырғанда 6,1 млрд теңгеге азайды. Негізгі үлес - фирмааралық қарыздарда. Мұндағы берешек 100,2 млрд доллардан асады. 40 млрд долларға жуығы өзге де секторларға тиесілі. Бір жылда борыштық бағалы қағаздар 12,4 процентке төмендеп, 17 млрд долларға жуықтады. Банктердің сыртқы қарызына келер болсақ, шамамен 6 млрд долларға тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 процентке аз. Мемлекеттік басқару органдарының берешегі 12 млрд долларды құраған. Естеріңізге салайын, елдегі сыртқы қарыздың дені Нидерланд, Біріккен Араб әмірліктері мен Германияға тиесілі. Ал ЕАЭО елдері арасында Қазақстан мен Ресейдің қарызы қомақты. 

Әлемде алтынға сұраныс артты. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында 1 млн 123 мың тонна өнім кәдеге жараған. Бұған алғашқы жартыжылдықтағы орталық банктердің бағалы тасты рекордтық мөлшерде сатып алуы себеп. Дүниежүзілік Алтын кеңесінің мәліметінше, екінші тоқсанда-ақ, олар 224,4 тонна алтын сатып алған. Еліміз алтын-валюта резервтерінде 14-тұғырда. Бағалы тас қоры 63%-ға жетті. Тізімде АҚШ, Германия, Италия, Франция және Ресей көш бастап тұр. Айта кетейін, биыл Қазақстанда құрамында алтыны бар кен өндіру 16,4 млн тоннаны құрады. Өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндіру 65,6 тонна, тазартылған алтын өндірісі 35,9 тоннаны құрады.

Шетелдіктер Гренландияға үдере көше ме? АҚШ президенті Дональд Трамп аралды сатып алатынын мәлімдегелі мұндағы үйлерге қызығушылық артқан. Мамандардың айтуынша, Гренландиядағы жылжымайтын мүлік нарығы екпінмен дамуда. Тіпті сатылатын үйлер қалмаған да. Риэлторлардың сөзіне сенсек, бұған дейін шетелдіктер тарапынан жылына бір-екі сұрау түссе, соңғы апталарда оның саны оннан асқан. Жалпы 10 жылда аралдағы үйлердің құны 5-10% қымбаттапты. Қазір мұндағы ең қымбат үй 589 000 доллар тұрады. Гренландия халқы 56 000 адам. Аумағы кең аралдың денін мұз алып жатыр. Демек, тәуекелге бел буатындар көбейген сыңайлы. Еске салайын,  Дональд Трамп ағымдағы жылдың тамыз айында Даниядан Гренландияны сатып алғысы келетінін мәлімдеді. Арал үшін 600 млн доллар төлемек еді. Бірақ, Копенгаген аумақтың сатылмайтынын жеткізген болатын.

Хабар 24 телеарнасы