389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі автомобиль өндірісі жыл басынан бері 47%-ке артты

  • 267
  • UPD: 10:52, 03.10.2019

Елімізде жыл басынан бері 1 миллионнан аса автокөлік құралы тіркелді. Тағы сонша көлік қайтадан есепке алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, алғаш рет тіркелген темір тұлпардың үлесі 23%-ке артқан.

Тіркелген көліктердің 0,6%-і жап-жаңа болса, 70%-ке жуығы 10 жыл бұрын пайдалануға берілгендер.

Өндірілген 30 мыңға жуық темір тұлпардың 1500-нан астамы экспортқа шығарылған. Десе де, автомобиль нарығында жаңа көліктерден гөрі ескілерін қайта есепке қою үдерісі белең алған. Өткен айда тіркелген 137,4 мың көліктің 128,3 мыңы қайталама нарықтан. Мамандардың айтуынша, осындай үрдіс Алматы облысында көп кездесті. Мұнда 156 мың, Алматы қаласында 127 мың, ал Түркістан облысында 93 мың көлік қайта есепке алынған. Отандық парктегі жаңа көліктердің дені Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау облысында тіркеліпті. Бүгінде Қазақстанда электромобильдерге сұраныс 2 есе қысқарды. Жыл басынан бері бар-жоғы 21 көлікті тіркеу бойынша өтініш түскен екен.

 

Жыл басынан бері АҚШ-тағы 500 компанияның акциясы 19%-ке артқан

Бұл соңғы 22 жылдағы үздік көрсеткіш. Шілдеде ғана индекс рекордтық шамаға жеткен болатын. Қытай тарапынан келтірілген шектеулер елдегі даму қарқынын бәсеңдетуі тиіс еді. Алайда, көрсеткіш еселеніп жатыр. Сарапшылар өткен жылмен салыстыра келе, жыл соңында жағдай басқаша құбылатынын да болжайды. 1 қазаннан бастап Қытайдан АҚШ-қа жалпы құны 250 млрд доллардан асатын тауар тасымалдау тарифі 30%-ке артты. Желтоқсанда да бірқатар өнім түріне салықты арттыру көзделіп отыр. Десе де, АҚШ пен Қытай сауда соғысындағы кім мықтыны анықтап жатқанда өзге мемлекеттер зардап шегері анық.

 

Болашақта онлайн сауда кірісі еселенеді

Онлайн сауда салтанан құрады. 2024 жылы маркетплейстердің сатылымынан түсетін кіріс 7 трлн доллардан асады. Сарапшылар онлайн-дүкендерге сұраныс артатынына сенімді. Қазірдің өзінде саладан жылына 1,7 трлн доллар түседі. Бүгінде еуропалық нарықтың 56%-і eBay, Amazon және Alibaba сынды ірі сауда алаңдарының бақылауында. Олардың әлеуеті айтарлықтай. Бес жылда бизнес үшін бизнес нарығы 3,6 трлн долларға жетеді. Ал тұтынушы үшін бизнестен 3,5 трлн доллар кіріс кіреді деп күтілуде. Қазіргі көрсеткіш 1,1 трлн доллар шамасында. Тұтынушылар арасындағы сауда алаңдарында қазір 30 млрд доллар табыс түседі. Бес жылдан кейін бұл көрсеткіш 240 млрд долларға жетеді.

Жыл басынан бері ЕАЭО елдерінен Қазақстанға 401,6 млн доллар инвестиция түскен. Басты инвесторымыз – Ресей Федерациясы. Олар елге 398,7 млн доллар қаржы құйды. Бір қызығы, Одақ құрамында Ресейге көп қаражат аударған ел Қазақстан екен. Тікелей инвестиция көлемі – 155 млн доллар. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең ірі көрсеткіш.  Одақтағы өзара инвестициялардың жиынтық көлемі бір жыл ішінде 1,2 млрд долларға жетті.

Енді Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа бағамына тоқтала кетейін. Қазір бір АҚШ валютасы шамамен 388 теңге 91 тиынды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы