387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Қазақстаннан 31 мыңнан астам адам қоныс аударған

  • 414
  • UPD: 13:02, 18.10.2019

21 мыңға жуық шетелдік азамат Қазақстан аумағында жұмыс істеуге құқылы. Рұқсат алғандардың дені қытайлықтар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанда еңбек етуге ниет білдірген 2000 шетелдік азамат жоғары мансапқа ие. Ішкі еңбек нарығын қорғау бағытында ел Үкіметі жыл сайын мигрант мамандарды тартуға квота бөледі. Бүгінде сырттан келетін жұмыс күшіне 21 мыңға жуық рұқсат берілді. Қазір шамамен 2500 жұмыс беруші шетелдік қызметкерлермен шарт жасауға дайын. Дегенмен, бұл компанияларда еңбек ететіндердің 96%-і қазақстандықтар. Мигранттардың 4000-нан астамы қытайлықтар. Тізімнен өзбек, үнді, түрік, ағылшындарды да кездестіруге болады. Осы ретте қоса кетейін, 9 айда 31 мыңнан аса қазақстандық түрлі себеппен елден көшіп кеткен.

 

Еуропада көлікке сұраныс артты

Кәрі құрлықта көлік сатылымы жиіледі. Мұнда өткен айда 1 млн 300 мың жаңа темір тұлпар тіркелген. Еуропалық өндірушілер қауымдастығы бұл көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 14%-ке артық екенін айтты. Көш басында немістер тұр. Бұл елде көлік сатылымы 22,2% артқан. Испанияда – 18%, Францияда – 16%. Brexit төңірегінде келісе алмай жатқан ағылшындар темір тұлпарын жаңартуға құлықсыз. Еуропадағы қалаулы көлік маркасы ретінде Volkswagen мен Renault-ты атауға болады. Жапон Nissan-ына сұраныс 7%-ке төмендеп кеткен.

 

Еліміздегі мемлекеттік сатып алу саласында 210-нан астам жемқорлық қылмыс тіркелген

Сатып алуларға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ бұл араны ашылғандарды қанағаттандырмайтындай. Өңірлерге жіктесек, Атырау, Қызылорда, БҚО шенеуніктерге қатысты қылмыстық істер көп қозғалған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы келтірген дерекке сүйенсек, құрылыс саласында 140 дәйек тіркелді. Жемқорлық қылмыс ТҮКШ, білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығында да тыйылмай тұр. Елімізде 20 жыл көлемінде жемқорлыққа қарсы 3 дербес заң қабылданған. Бірақ мәселе күрмелген күйде қалып отыр.

 

Жаңа жылдан бастап Ресейдің 6 банкі халыққа мемлекеттік қызмет көрсетпек

Тәжірибе көрші елдің бес өңірінде жүзеге асады. Әзірге банктердің зейнетақы төлеу, аналық капитал, жеке кәсіпкерлікті рәсімдеу сынды міндеттерді мойнына алатыны белгілі. Бірақ қызметтерді пайдаланушы қосымша ақы төлемейді. Азаматтардың жеке дерегі де коммерциялық мақсатта пайдаланылмауы тиіс. Тәжірибе жемісті болса, 2022 жылы бұл үрдіс дағдыға айналады.

Қазақстан қор биржасындағы доллардың орташа бағамы 389 теңге 94 тиынды құрайды.

Хабар 24 телеарнасы