387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шотыңыздағы қаржыны қалай қорғауға болады?

  • 426
  • UPD: 16:20, 23.10.2019

Елімізде төлем карталарын пайдаланушыларды алдап, ақшасын жымқыратын алаяқтар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шотыңыздағы қаржыны қалай қорғауға болады?

Алдымен алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Кейін жеке мәліметтерді алуға тырысады. Бөгде адам сіздің есеп шотыңыз арқылы төлем жүргізбеу үшін бірнеше ережені ескеру қажет.

Соңғы уақытта жеке мәліметтер мен төлем карталарының реквизиттерін, тіпті, телефон арқылы код пен құпия сөзді заңсыз жинау фактілері көбейген. Сондықтан қазақстандық банктер мен Қаржыгерлер қауымдастығы онлайн операциялар кезінде сақ болуға шақырады. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қаржы органдары мына ережелерді ұстану керек дейді. Біріншіден, SMS-хабарлама арқылы келген кодты ешкімге, тіпті банк қызметкерімін деп хабарласқан тұлғаларға айтпаңыз. Екіншіден, төлем карталарыңыздың реквизиттерін ешкімге айтпаңыз. Сонымен қатар картаңыз туралы деректерді интернетте жарияламаңыз және мессенджерлер арқылы жібермеңіз. Үшіншіден, қоңырау күдікті көрінсе, байланысты бірден үзіп, бұл туралы банктік төлем картасының артындағы телефон нөміріне хабарлау керек.

Елімізде шай өндірісі 10,4% қысқарған

Қазақстанда шай өндірісі 10 процентке қысқарған. Бұл туралы Energyprom агенттігі хабарлайлы. 2019 жылдың жеті айында шай мен кофеге деген сұраныстың 73 проценттен астамы импортқа тиесілі болды. Отандық өндіріс сұраныстың тек 26,3% құрады. Өндіріс көлемі азайғанымен, сатылым көлемі ұлғайған. Биыл ішкі нарықта 31 мың тоннадан астам шай мен кофе сатылған. Сонымен қатар қара шай бағасының шамамен 6 процентке қымбаттағаны байқалады. Өңірлер бойынша жіктесек, ең қымбат шай Алматыда. Ондағы 1 кг үнді түйіршіктерінің бағасы – 3390 теңге. Қарағандыда шай бір жылда 18 процентке қымбаттап, 3359 теңгеге жеткен. Сондай-ақ Қостанай тұрғындары да сүйікті сусынын жоғары бағамен сатып алады. Айта кетейік, Қазақстанға шай негізінен Кения, Үндістан және Ресейден импортталады.

Қазақстан Моңғолияда 100 млн долларға зауыт салады

Моңғолияда қазақстандық технология бойынша жұмыс істейтін құны 100 млн доллар зауыт салынады. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Монғолияға ферросиликоалюминий инновациялық қорытпасының өндірісін жолға қоюға көмектеседі. Тапсырыс беруші – моңғол тарабы. Жоба 2020-2021 жылдары іске асырылмақ. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 60 мың тонна ферросиликоалюминийді құрайды деп күтілуде. Дайын өнімді Қытайға, Жапонияға және Кореяға жеткізу жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, осы айдың басында өткен Қазақстан-Моңғолия бизнес-форумы кезінде тараптар бірнеше меморандумға қол қойып, ортақ жобаларды іске асыруға келіскен.

Дербес компьютерлер сатылымы өскен

Әлемде дербес компьютерлерге деген сұраныс артқан. IDC талдау компаниясының деректеріне сай, биыл дүние жүзі бойынша 70 млн дана ноутбук пен жұмыс компьютерлері жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3% артық. Соңғы екі тоқсанда салада айтарлықтай өсім байқалады. Дербес компьютерлер жеткізушілері арасында Lenovo компаниясы көш бастап тұр. Биыл үшінші тоқсанда кәсіпорын 17 миллионнан астам компьютер жасақтап, нарықтың 24,6% процентін иеленді. 16,8 миллион дана компьютер шығарған HP Inc екінші орында. Технологиялық жарыста Dell Technologies компаниясы үздік үштікке кірді. Олар 12 миллионнан астам дербес компьютер жеткізген. Нарықтың 65 проценті осы компанияларға тиесілі. Бестікке Apple және Acer Group маркалары да кірген. Заманауи техниканы пайдаланушылар саны жыл сайы артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 6 мен 74 жас аралығындағы адамдардың 80 проценті компьютер пайдаланады.

Қазақстан қор биржасындағы доллар құны 389 теңге 86 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 390 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы