387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде темекі бір жылда 11%-ке қымбаттаған

  • 320
  • UPD: 14:50, 24.10.2019

Ал оның өндірісі 8,8%-ке төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, тыныс алу мүшелері аурулары уақыт өткен сайын белең алып барады. Мамандар бұл дертпен қалай күреспек? Қай өңірдің тұрғындары темекіні көп тартады?

Енді электронды темекі дәстүрлі табак өнімдерінің қатарына қосылады. Мамандар оның ағзаға келтіретін зияны табак өнімдерінен кем емес деген пікірде.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, электронды темекі қарапайым темекімен тең дәрежеде болады. Денсаулық сақтау кодексіне тиісті түзетулер енгізілді. Электронды темекідегі сұйық және қыздырылатын табакқа салық салынады. Акциздің құны 7345 теңгені құрайды. Заманауи қондырғыға қатысты қатаң шаралар АҚШ-та да енгізіле бастады. Бірнеше күн бұрын Сан-Францискода бұл гаджеттерді сатуға жаппай тыйым салынды. Нью-Йорк-те де осындай жағдай. Көрші Ресейде вейпингке арналған девайстарды дәстүрлі табак өнімдеріне теңестіру жоспарлануда.

Жыл сайын темекі бағасы қымбаттауда. Қыркүйек айында шылымның бір қорабы 436 теңгені құрады. Өткен жылы ол 391 теңге болған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, ең қымбат никотин өнімдері Қостанайда. Онда бір қораптың бағасы – 461 теңге. Екінші орында – елорда. Бас қала тұрғындары бір темекіні 456 теңгеге алады. Үштікті 452 теңгемен Ақтау түйіндейді. Атап өтейік, Қостанайда темекі жылына шамамен – 19%, Оралда – 14,5%, Алматыда 14%-ке қымбаттаған.

 

Елімізде онлайн сауда көлемі екі есеге артқан

Соңғы үш жылда Қазақстанда электронды сауда көлемі шамамен 2 есеге артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Finreview агенттінің хабарлауынша, биыл да салада оң динамика байқалады. Өткен айда электронды сауда көлемі 300 миллиард теңге болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Сауда-саттық көлемі күн сайын артып келеді. Былтыр елімізде 259 млрд теңгеге келісімдер жасалған және оның басым бөлігі бөлшек сауда үлесінде. Барлығы 144,6 млрд теңге. Алыс-берістің бұл түрі электронды сауда айналымында да өзндік орынға ие. Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, таяудағы бес жылда электронды бөлшек сауда көлемі 2 трлн теңгеге дейін өседі.

Айта кетейік, отандық нарықта 20-ға жуық электрондық сауда алаңы және 1700-ден астам тәуелсіз интернет-дүкен бар. Қызметтің бұл түрін пайдаланушылар саны 2 миллионнан асады.

 

Кәсіпкерлер онлайн касса құрылғыларын алуға міндеттелді

Кәсіпкерлерді онлайн-бақылау кассалық жүйесіне көшуге міндеттеді. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 2020 жылдан бастап кәсіпкерлер деректерді таратату қызметі бар, онлайн бақылау кассалық машиналарын алуы тиіс. Айта кетейік, заңнамаға кассалық машиналарды сатып алу шығындарын өтейтін өзгерістер енгізілген. Оған сәйкес, жеке табыс салығы сомасын 60 мың теңгеге азайтуға мүмкіндік беріледі. Бұл қаржы жеңілдетілген декларация және патент бойынша есептелген. Бірақ сома бір жылдық салық көлемінің жартысынан аспайды. Мысалы, жылдық жеке табыс салығы 140 мың теңге болса, кәсіпкер бұл соманы 60 мың теңгеге азайтуға құқығы бар. Ведомство ақпаратына сай норма тек 2019 жылы ғана жұмыс істейді. Сондықтан 2020 жылы жаңа жүйеге көшетін кәсіпкерлер қазірден бастап қамдануы тиіс. Жыл аяғына дейін онлайн бақылау кассалық машиналарын алып, оны Мемлекеттік кірістер комитетіне тіркеуі керек. Бүгінде отандық кәсіпкерлер 490 мыңнан астам кассалық машинаны тіркеуге қойған.

Қазақстан қор биржасында доллар құны 388 теңге 96 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 389 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы