387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада көгілдір отын қымбаттауы мүмкін

  • 268
  • UPD: 10:43, 28.10.2019

Жаңа жылдан бастап Қызылордада табиғи газ қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Көгілдір отынның құнын көтеруге не себеп және баға қаншалықты көтеріледі?

«ҚазТрансГаз» компаниясының аймақтағы өкілдерінің айтуынша, тариф 2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны іске асыру мақсатында көтерілмек.

Бұл туралы «ҚазТрансГаз Аймақ» өкілдері табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтініш жасады. Мәселе жергілікті қоғамдық тыңдауда да талқыланған. Мәліметтерге қарағанда кәсіпорын көгілдір отынның тасымалдау ақысын 22 жарым теңгеге жеткізбек. Бұл тұрғындар үшін газдың 18,6 теңгеден 32 теңгеге дейін қымбаттауына әкеледі. Тасымал тарифтерін өсіру арқылы кәсіпорын аудандарда және облыс орталығында жоғары қысымды газ құбырларын тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Дегенмен қоғамдық тыңдауға келгендер компанияның ұсынысын құп көрмеді.

Айта кетейік, тарифтің нақты құны 22 қарашада еліміздің энергетика министрлігінде бекітіледі.

Ресей қазақстандық көмірдің экспортына кедергі келтіріп келеді

Ресей қазақстандық көмірдің Украинаға жеткізілуіне кедергі келтіріп келеді. Осының кесірінен еліміздің кеншілері Украинамен арадағы келісімді толық орындай алмай отыр. Яғни шілде мен қыркүйек аралығында жеткізілуі тиіс көмірдің 340 мың тоннасы кем болды. Бұл отандық кеншілерді ай сайын 11 миллион доллар пайдадан қақты. Еліміздің сауда және интеграция министрлігінің мәліметтеріне қарағанда шілдеде қазақстандық тарап Украинаға 103 мың тонна көмір жөнелтпек болады. Әрине Ресей арқылы. Алайда ресми Мәскеу тек 60 мың тонна өткізуге рұсат етті. Одан кейінгі айларда 86-мың тоннадан артық тасуға келісім бермеді. Оның үстіне көмір тиелген вагондарды жолда себепсіз кідірткен. Бұл мәселе Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысында қаралып, тасымал көлемі 120 мың тоннаға ұлғайды. Десе де бұл украиналықтармен арадағы келісімді орындауға жеткіліксіз болып отыр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Қазақстандық кеншілер қараша айында Ресей темір жолы арқылы Украинаға 204 мың тонна көмір тасымалдауға сұраныс тастады. Алайда Ресей тарабы біздің экспортымызға бір жақты шектеу қойып отыр. Олармен Еуразиялық экономикалық одақ алаңында да екі жақты да келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Одаққа мүше мемлекеттер бір-бірінің үшінші мемлекетке тауар тасымалдауына еш кедергі келтірмеуі керек.

Иранмен алыс-беріс артады

Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттердің Иранмен еркін сауда аймағын құруға бастайын келісімі күшіне енді. Оған сәйкес Иран Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен экспортталатын 864 тауарға БАЖ салығын азайтты. Нақтырақ айтсақ, сиыр мен қой етіне 26 проценттен 5-10 процентке төмендетті. Бұршақ дақылдарына 55 проценттен 5-10 процентке өсімдік майына 20 проценттен 10 процентке дейін азайтты. Өз кезегінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері Иарнның 502 тауарына БАЖ салығын төмендетеді. Бұлар - құрма, мейіз, кондитерлік өнімдер, және кілемдер мен пластмасс бұйымдары. Келісім үш жылға жоспарланған.

Айта кетейік, биылғы сегіз айда Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналым 226 миллион АҚШ долларынан асты. Оның 77 проценті отандық экспорттың үлесінде.

Алтын мен күміс қымбаттады

Қыркүйекте елімізде алтын мен алтын бұйымдарының бағасы 6 процентке өсті. Осылайша құнды металдың бір грамы 16 мың 870 теңгеге бағаланды. Ал күміс бұйымдары 1,8 процентке өсім көрсетіп, граммы мың 482 теңгеге жетті. Алтынның ең қымбат саудалануы Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Елордада оның грамы 23 мың 700 теңге шамасында сатылады. Одан кейін Ақтау, Атырау облыстары. Алтын ең арзан сатылатын өңір – Түркістан облысы. Мұнда граммы 13 мың 900 шамасында. Күміс үшін көп төлейтін өңір – Атырау облысы. Бір грамын 2 мың 226 теңгеге алады. Күмісті қадірлейтін үштікке Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары да қосылады.

Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 388 теңге 92 тиынды құрайды. Айырбастау бөлімшелерінде долларды 388-389 теңгеден сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы