387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Доллардың онлайн саудасы валюта сатушылардың табысын кемітеді

  • 266
  • UPD: 10:59, 29.10.2019

Болашақта ақша айырбастау бөлімшелерінің табысы азаюы мүмкін. Өйткені көпшілік арасында валютаны онлайн жүйесінде ауыстыру тиімдірек бола бастады.

Яғни бұл үлкен сомада қаржы айырбастайтын бизнесмендер үшін жылдам әрі қауіпсіз жол. Бүгінде мұндай қызметті еліміздегі бірнеше ірі банк ұсынады. Ranking.kz мәліметтерінше, еліміздегі айырбас бөлімшелерінің 66 проценттейі екінші деңгейлік банктердікі. Ал қалған 34 проценті заңды тұлғалардың меншігінде. Тамыз айының қорытындысы бойынша, елдегі жеке және заңды тұлғалардың есепшотында жалпы сомасы 3,6 триллион теңге жатыр. Оның 52 проценттейі шет ел валютасымен сақталған. Ал 47,1 проценті төл теңгемізде жатыр. Айта кетейік, қаңтар мен тамыз аралығында қазақстандықтар 1,3 триллион теңгені АҚШ долларына айырбастады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 60 процентке көп. 

Елорда маңындағы Ақмола облысына қарасты елді мекендерде жол сапасының сын көтермейтіні бесенеден белгілі. Биыл бұл мәселені кешенді түрде шешу мақсатында 67 миллиард теңге бөлінді. Бұл 120 жобаны қаржыландырады. Мәселен Ерейментау, Аршалы ауданының жолын жөндеу үшін әрқайсына 300 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ биыл Бестөбеге барар жолдың 30 шақырымы жаңарады. Келер жылы 20 шақырымын қайта төсеу жоспарланған. Оңір басшысы Ермек Маржықпаевтың айтуынша, 9 айда облыстың әлеуметтік экономикалық дамуы оң көрсеткішке ие. Негізгі капиталына түскен инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 9 жарым процентке артқан. Өңірде 60 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өңір экономикасына шамамен 400 млрд теңге тартуға және 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді

Биылғы тоғыз айда еліміздің негізгі капиталына салынған инвестиция 15 процентке артып, 8,6 триллион теңгені құрады. Қаржының 47 проценттейі құрылыс саласына құйылған. Ал 31,5 проценті көлік, жабдықтар, тасымалдау саласы мен көлік құралдарын күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалған. Қалған 21 проценті өзге де салаларға салынды. Финпром сайтының мәліметіне қарағанда негізгі капиталға салынған қаржының 81 проценттейі жеке бизнестің үлесінде. Ал республикалық бюджет 18,3 процентін құраса, 6 проценттейі жергілікті бюджеттен алынды. Айта кетейік, өткен жылы еліміздің негізгі капиталына 11,1 триллион теңге инвестиция құйылды. Осылайша еліміздің ішкі жалпы өніміндегі инвестицияның үлесі 18 процентке жеткен. 2024 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 процентке жеткізу туралы жоспар бар. Осы мақсатта инвестициялық жобалармен айналысатын арнайы пул әзірленді.

Гонконг экономикасы құлдырап барады. Оған елде бірнеше айға созылған ереуілдер себеп болды. Гонконгтың қаржы мәселесі бойынша хатшысы Пол Чанның айтуынша, үшінші тоқсанда ішкі жалпы өнім көрсеткіші тағы да төмен нәтиже көрсетуі мүмкін. Екінші тоқсанның қорытындысы да межелі деңгейге жетпеген. Бұл үкіметтің экономикалық өсім туралы жоспарының орындалуына кедергі келтіреді. Мамандардың айтуынша, тұрақсыздық елдің негізгі табыс көзінің бірі саналатын туристердің келуін азайтты. Қазан айында олардың саны 50 процентке қысқарған. Оның үстіне АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы да Гонконгтың экономикалық өсіміне өз кесірін тигізді.

Хабар 24 телеарнасы