388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қолма-қол емес төлемдердің көлеңкелі тұстары қандай?

  • 289
  • UPD: 12:58, 05.11.2019

Қазақстанның қаржы министрлігі Kaspi Bank-пен бірлесіп қолма-қол ақшасыз төлемдерді заңдастыру тәсілдерін іздеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді телефон нөмері арқылы ақша аударымдарына салық салына ма? Қаржы министрлігінің мақсаты қандай?

Kaspi Gold картасына байланған телефон нөмірі арқылы төлем жасау халық арасында кең таралған. Ондай төлем кезінде комиссия салынбайтыны да белгілі. Осы орайда Қаржы министрлігін салық мәселесі алаңдатып отыр.

Такси, азық-түлік, шаштараз бен сұлулық салоны, тіпті көлік жуғызғанда қазақстандықтар қолма-қол емес, картамен төлеуге бейімделіп келеді. Еліміздегі ірі банк клиенттері картаға байланған ұялы телефон нөмірі бойынша қолма-қол ақшасыз аударымдарды жиі жасайды. Қазір бұл әдіс тек жеке мақсаттар үшін ғана емес, басқа да салаларда да кең қолданылады. Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың айтуынша, картадан картаға ақша аудару ең оңай әрі ыңғайлы тәсілдерді бірі. Мұндай қарапайым тетіктер қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін ұлғайтады. Алайда, Қаржы министрлігі мұндай операциялар кезінде фискалдық чек берілмейтіндіктен, адамдардың құқықтары ескерілмейді және салықтар төленбейтінгіне алаңдайды. Мамандардың айтуынша, тұтынушылар үшін бұл тиімді болғанымен, кейбір кәсіпкерлер телефон арқылы ақша аударымдарын салықтан жалтару үшін пайдаланады. Осы орайда Қаржы министрлігі Kaspi Bank-пен бірлескен жоба дайындап жатыр. Жоба аясында қос тарап POS-терминал мен бақылау кассасын біріктіретін, түрлі құрылғылардың басын қосқан заманауи технологиялық шешім ұсынбақ. Жаңа құралды кәсіпкерлерге тегін беру жоспарланған.

 

Экспорт азайып, импорт ұлғаюда

Отандық экспорт азайып, ал импорт ұлғаюда. Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін мемлекеттермен сауда айналымы 2,6%-ке артқан. Биыл тоғыз айда еліміз 38 млрд долларға тауар экспорттады. Былтыр бұл сома 40 млрд долларды құрады. Шетелге негізінен отын-энергетикалық тауарлар, металдар мен металл бұйымдар, азық-түлік және химия өнеркәсібі өнімдері жіберіледі. Осы аралықта елге келетін импорт 23%-ке дейін өскен. Биыл тоғыз айда Қазақстанға шет мемлекеттерден құны 9,6 млрд доллардан асатын көліктер, түрлі құралдар мен аппаратура әкелінген. Сондай-ақ 1,3 млрд долларға азық-түлік өнімдері және тоқыма бұйымдары жеткізілді.

 

Қазақстанда электромобильдер екі есе азайған

Қазақстанда электромобильдерге сұраныс 2 есе азайды. Биыл ел аумағында 24 электромобиль тіркелсе, бір жыл бұрын оның саны 47 дана болған. Жалпы статистика отандық көлік нарығының ескіргенін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері қайта тіркеуге қойылған автоның 69%-тен астамы осыдан 10 бұрын шыққан техника. 42%-ке жуығы 20 жыл бұрын шыққандар. Нарықтағы көліктің 3,5%-і ғана жиналғанына 3 жыл толмаған көліктер. Қайта тіркеуге қойылған автомобильдер саны бойынша биыл Алматы облысы, Алматы қаласы және Түркістан облысы көш бастап тұр. Ал шыққанына бір жыл толмаған көліктердің көбі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Атырау облысында тіркелген.

 

Қайта тіркеуге қойылған көлік саны көп өңірлер 2019 ж.:

Алматы облысы - 174 410

Алматы қаласы  - 144 324

Түркістан облысы - 104 689

Қазақстан қор биржасында доллар құны 388 теңге 19 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 389 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы