409,98 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғамдық көліктегі жол ақысы қай шаһарда қымбат?

  • 597
  • UPD: 11:01, 19.11.2019
Қоғамдық көліктегі жол ақысы қай шаһарда қымбат?

Мәліметтерге қарағанда республика бойынша қоғамдық көліктегі жол ақысы ең арзан өңір Ақтау мен Түркістан қалалары.

Мұнда жолаушылар бір бағыт үшін 50 теңге төлейді. Ал Шымкенттегі қоғамдық көліктерде қатынау бұған қарағанда 20 теңгеге қымбатырақ. Яғни 70 теңге. Ал негізінен республикамыздағы өңірлердің басым бөлігінде 80 теңгеге тең. Жол ақысы ең қымбат шаһар деп Өскемен, Қызылорда және Нұр-Сұлтан қалаларын айтуға болады. Аталған қалаларда қоғамдық көлікпен жүру ақысы 90 теңге. Бір ерекшелігі Нұр-Сұлтан қаласында жол ақысын қолма-қол төлейтін болсаңыз 180 теңге беруге мәжбүрсіз.

10 айда Қазақстанда 39 мыңдай көлік құрастырылды

Биылғы 10 айда еліміздегі машина жасау зауыттары 39 мыңға жуық көлік шығарды. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобус техникасы мен арнайы машиналар бар. Құрастырылған темір тұлпардың жалпы құны 269,2 миллиард теңгеге тең. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 50 процентке артық. Жіктеп айтар болсақ, 10 айда отандық зауыттар 34 мың 276 жеңіл көлік, 908 автобус және 3 мыңға жуық жүк күлігін және 693 тіркеме құрастырды. Барлығында өсім байқалады. Тек арнайы мақсаттағы автокөлік шығару 149-дан 119-ға кеміген. Жыл басынан бері отандық машина жасаушылар 33 мың 904 көлікті саудалады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 42 пайызға жоғары. 10 айдың қорытындысы бойынша жергілікті өндірістегі автомобильдерді сатып алуға тұрғындар 238,1 млрд теңге жұмсады. Сұранысқа ие брендтердің бестігіне Lada, Hyundai, KIA, Ravon, және Skoda маркалары кіреді. Айта кетейік, бұдан бөлек қазақстанда JAC, Chevrolet, UAZ , және Peugeot маркасындағы көліктер құрастырылады.

Елімізде күнбағыс майының өндірісі артты

Биыл елімізде тазартылған күнбағыс майының өндірісі 15 процентке артты. Ал тазартылмағаны 19 процентке өсім көрсетті. Май шығару бойынша Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Елімізде өндірілген тазартылмаған сұйық майдың 84,5 проценті, ал тазартылған майдың 63,1 проценті осы өңірдің үлесінде. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда май саласындағы отандық өндіріс ішкі сұраныстың 72,4 процентін қамтиды. Биылғы сегіз айда Қазақстан нарығында 220,8 мың тонна күнбағыс майы саудаланды. Бұл өткен жылдың сәкес кезеңіндегі көрсеткіштен 19,6 процентке көп. Енді күнбағыс майының бағасына тоқталсақ. Қымбатшылық еліміздің батыс өңірлерінде байқалады. Мәселен, Ақтауда литрі 487 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,2 процентке қымбат. Ал елордада 473, Атырауда 454 теңгеге бағаланған.

Еңбек нарығындағы заң бұзушылық

Еліміздегі 24 компания қазақстандықтармен бірдей лауазымдағы шет елдік қызметкерлерге еңбек ақыны артық төлеген. Айырмашылық тек айлықта емес, қызметкерге жасалған жағдайда да ерекшелік байқалады. Заң бұзушылықты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері анықтады. Бүгінге дейін ведомства қызметкерлері шамамен 50 дей шет ел азаматы жұмыс істейтін 63 компанияда тексеру жүргізді. Нәтижесінде еңбек заңының бұзылғаны туралы 700-ге жуық дерек анықталды. Басым бөлігі айлық табыстың дұрыс есептелмеуіне қатысты болған. Мәліметтерге қарағанда Қазақстанда шамамен 21 мыңнан астам шет ел азаматы жұмыс істейді. Олардың көбі басшылықта немесе топ-менеджер қызметін атқарады.

Хабар 24 телеарнасы