420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты электронды форматқа ауыса бастады

  • 872
  • UPD: 11:48, 29.11.2019

Бірақ әзірге құжаттың онлайн нұсқасы Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласының тұрғындарына ғана қол жетімді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны қалай алуға болады? Артықшылығы не?

Электронды техникалық паспорттың артықшылығы көп. Ең бастысы – қағазбастылықтан арыласыз.

Жылжымайтын мүлікті үйде отырып рәсімдеу үшін әуелі «Электронды үкімет» порталына тіркелуіңіз керек. Сосын тиісті қызмет түрін таңдап, сұратқан құжаттарды сканерлейсіз және электронды нұсқада порталға енгізесіз. Сосын штрих-коды бар құжаттың дайын болуын күтесіз. Қанатқақты жоба әзірге Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында ғана енгізілді. Бүгінге дейін қызмет түріне жүзден астам адам жүгінген. Жобаны сынақтан өткізу келер жылдың ақпанына дейін жалғасады. Егер тиімділігі дәлелденсе, еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу жоспарланған.

 

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өткізу бекеттері жаңарады

Қазақстан мен Қырғыз респуликасы арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс артады. Осы мақсатта іргелес жатқан екі ел арасындағы өткізу бекеттері жаңартылмақ. Келісімге қос мемлекеттің Үкімет мүшелері қол қойды. Құжатқа сәйкес шу өзені арқылы өтетін көпірлер жаңартылып, жүк және жеңіл көліктерге арналған жолақтар қосылады. Жаяу жүргіншілер үшін арнайы жолдар салынады. Осылайша, «Қарасу» бекетінің өткізу қабілеті екі есеге артады. Сондай-ақ «Қордай» өткізу бекетіне жаңғыртумен айналысатын компания анықталды. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады. Сол кезде «Қордай» жылына 9 миллион адам және 900 мың көлік өткізу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында 7 көлік өткізу бекеті бар.

 

Парламент 2020-2022 жылға арналған республикалық бюджетті мақұлдады

Ел парламенті алдағы екі жылға арналған республикалық бюджетті мақұлдады. Құжатқа сәйкес Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласын газдандыруға 17,1 миллиард теңге қарастырылған. Ал Қызылорда, Ақмола, Шығыс және Солтүтік Қазақстан облыстары мен Жезқазған қаласында су құбырларының құрылысын жүргізуге 5,2 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуге 145 миллион теңге жұмсалмақ.

Айта кетейік, келер жылы трансферттерді есептемегенде республикалық бюджет түсімдері 8,1 триллион теңге, ал 2022 жылы 9 жарым триллион болады деп жоспарланған. Ал жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,1 -4,7% болады деген болжам жасалып отыр.

 

Азық-түлік корпарациясы мемлекеттік қорға 350 мың тонна астық алды

Еліміздің азық-түлік корпорациясы мемлекеттік қорға 350 мың тонна астық сатып алды. Ол келер жылы ішкі нарықта ұн мен нанның бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Биыл бекітілген тариф бойынша бидай құны алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 мыңға жоғары болды. Баға қолайсыз ауа райына байланысты шығынға батқан диқандарды қолдау мақсатында жоғарылады. Осылайша, мемлекет шаруалардың кәсібін одан әрі дамытуына мүмкіндік бермек.

«ҚазАгро» қарызын жабуға бюджеттен 33 млрд теңге берілмек  

«ҚазАгроның» қарызын жабу үшін бюджеттен 33 млрд теңгеден астам қаражы берілмек. Аталған сома шұғыл шығындарға қарастырылған мемлекеттік резервтен алынады. Бұл туралы премьер-министрдің қаулысы шықты. Қаулы жобасын талқылау 12 желтоқсанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бұған дейін сенаторлар «ҚазАгро» холдингінің қаржылық дағдарысқа ұшырағанына қарамай қызметкерлерінің сыйақы берілгенін сынға алған болатын. Осыған байланысты компания дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеп, мыңнан астам қызметкерді қысқартанын жариялады. Сол арқылы холдинг 3,2 миллиард теңге үнемдемек.

 

Қаңтар мен маусымда ел қазынасына $12,1 млрд инвестиция құйылды

Биыл қаңтар мен маусым аралығында еліміздің капиталына 12,1 миллиард АҚШ долларына тең инвестиция құйылды. Оның 90%-і негізгі бес салаға жұмсалған. Әрине, алдыңғы орында тау-кен өндірісі. Жалпы инвестицияның 60%-і осы салаға құйылған. Инвесторларды еліміздің өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласы да қызықтыра бастады. Алдыңғы бестікті көлік және қаттау мен құрылыс саласы түйіндейді.

Енді Валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 386 теңге 31 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 386-387 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы