380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттаған

  • 506
  • UPD: 10:49, 09.12.2019

Беларусь мұнай экспорттау мәселесі қаралып жатыр

Беларусь өз мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан мұнайын сатып алуға мүдделі. Еліміздің энергетика министрлігінің хабарлауынша, келіссөздер оң нәтиже көрсетуде. Қазір барлығы мемлекет ішіндегі рәсімдердің қаншалықты жылдам болатынына байланысты. Қазақстандық тарап оларды бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, мұнай транзитіне байланысты келіссөздер Ресей тарапымен әлі жүргізілмеген. Бұл мәселе шикізат көлемі толық анықталғаннан кейін қолға алынады. Айта кетейік, биыл күзде екі ел президенттері Қазақстан мұнайын Беларусь нарығына шығару туралы келіскен. Жалпы болжам бойынша биыл қара алтын экспортынының көлемі 70 миллион тоннадан асады. 

Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 17 мың  баррельге қысқартады

Қазақстан мұнай өндіруді күніне 17 мың баррельге қосымша қысқартады. «Бұл ОПЕК+ келісімі негізінде іске асырылады», – деп хабарлайды еліміздің Энергетика министрлігі. Келісім аясында 2020 жылы, бірінші тоқсанның аяғына қарай мұнай өндірісін тәулігіне 500 мың баррельге қысқарту шешімі қабылданды. Сондай-ақ, конференцияда ОПЕК-ке мүше елдер мен оған кірмейтін мемлекеттер арасында ынтымақтастық туралы хартияға қол қойылды. «Хартия ОПЕК+ елдері арасындағы байланысты нығайтып, мұнай нарығын түсінуге негіз болады» – делінген хабарламада.

Сауд Арабиясы ең үлкен IPO өткізді

Сауд Арабиясы Saudi Aramco мұнай компаниясының акцияларын нарыққа шығарып, тарихтағы ең сәтті IPO өткізді. Компания әлемдегі ең жоғары бағаланған кәсіпорын атанды. Saudi Aramco-ның нарықтағы құны 1 триллион 700 миллион долларды құрайды. Мұнай алыбы соңғы жылдары ең табысты деп саналған Apple мен Microsoft  компанияларын артта қалдырды. IPO барысында олар 25 миллиард 500 миллион доллар тартқан. Бұған дейін акциялары жоғары бағаланған компаниялар тізімін  Қытайдың Alibaba интернет дүкені бастаған. 2014 жылы оның акциялары 25 миллиард доллар жинаған.

Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттаған

Әлемде азық-түлік қымбаттап жатыр. Өткен айда азық-түлік бағасы соңғы екі жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректері бойынша, негізінен ет өнімдері мен өсімдік майы қымбаттаған. Еттің баға индексі 4,6%-ке көтерілген. Әсіресе, сиыр еті мен қой етінің құны өскен. Мамандар мұны Қытай тарапынан сұраныстың болуымен байланыстырады. Сондай-ақ, шошқа еті, құс еті және  қанттың да бағасы өскен. Халықаралық ұйымның ақпаратына сай, келер жылы қантты тұтыну көрсеткіші өндірістен асып түседі. Ал дәнді дақылдардың баға индексі, керісінше, бір процентке төмендейді деп күтілуде. Бұл астық экспорттаушы елдер арасындағы бәсекелестікпен байланысты.

Елімізде шағын бизнес өркендеп келеді

Қазақстанда 430 мыңнан астам шағын компания тіркелген. Бір жылда олардың саны 2%-ке артты.  EnergyProm агенттігінің хабарлауынша, биыл жұмыс істеп тұрған шағын бизнес өклдерінің саны барлық өңірде көбейген. Бүгінгі таңда шын мәнінде жұмыс істеп тұрған компаниялардың үлесі 67%-тен асады. Әсіресе, елордада үлкен өсім байқалады. Екінші орында – Түркістан облысы. Одан кейін Шымкент қаласы орналасты. Бірақ Алматы бірінші орында. Онда 70 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар елдегі шағын бизнестің төрттен бір бөлігін құрайды.

Хабар 24 телеарнасы