375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алтын бағасы қымбаттайды

  • 322
  • UPD: 11:23, 25.12.2019

Биыл әлемде алтын құны 15 процентке артқан. Бұл соңғы 9 жылдағы айтулы көрсеткіш. Апта басында бағалы металл унциясының бағасы 500 мың долларға жетті.  

Мамандардың айтуынша, проценттік мөлшерлеменің жаһандық төмендеуі, Еуропадағы брекзитке қатысты жағдай, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы сияқты бірқатар себеп бар. Саяси тұрақсыздық пен әлемдегі рецессия төңірегіндегі қауіп инвесторларды алтынға иек артуға мәжбүрлеген. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай келесі жылы да жалғасады. 2020 жылға қарай алтын 15-20 процентке қымбаттауы мүмкін. 

2019 жылы Америка Құрама Штаттарының сыртқы қарызы рекордтық шамадан асты. 23 трлн доллар. Мамандар ел тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанын айтады. Аянышты ахуалға салықтың азайып, шығынның көбеюі себеп болған. Ал ЕАЭО елдері арасында Ресейдің берешегі көп. Мұндағы қарыз 479 млрд доллар шамасында. Мамандар жыл басынан бергі өсім 5,5 процент болғанын атап өтті. Қазақстандағы ахуал жақсырақ. Бір жылда сыртқы қарыз 6 млрд долларға, яғни 3,7 процентке азайған. Шілдедегі көрсеткіш 158 млрд 300 млн доллар. Жіктеп кетейін, фирмааралық қарыз - 100,3 млрд доллар немесе жалпы қарыздың 63,3%-ын құрайды. Мемлекеттік сыртқы қарыз көлемі 12,6 млрд долларға тең. Еліміздің сыртқы берешегін ЖІӨ-ге шаққанда 18,6 процентке жеткен. Ал қауіпсіз деңгей 50 проценттен төмен болуы тиіс. 

АҚШ билігі BMW компаниясына қатысты тергеуді бастады. Неміс автоөндірушісіне сатылым мөлшерін еселеп көрсеткені үшін айып тағылған. Белгілі болғандай, автокөліктер дилерлік орталықтарда тұрғанымен, сатылды деп көрсетілген. Қазір автоөндірушілер америкалық билікпен байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді. Биыл ВМВ америкадағы басты бәсекелесі Mercedes-Benz-ті басып озған. Бір ғана Америка нарығында 300 мыңнан аса көлік сатылды. Осындай жағдайға тап болған бұл жалғыз кәсіпорын емес. Бұған дейін Fiat Chrysler компаниясы да 40 млн доллар айыппұл төледі. Бірнеше жылдық тексеруден кейін Америка билігі сатылым көлемін анағұрлым көбейтіп көрсеткенін анықтады. 

«Яндекс» компаниясы мен ресейлік қос ірі несие бюросы қарыз алушылардың қабілетін бағалауға арналған жобаны іске қосты. Ортақ жоба негізінде жеке тұлғаның деректері, сұраныстар мен төлемдер «Яндекс» мәліметтері арқылы сараланады. Деректер автоматты түрде өңделіп отырады. Онда мыңнан аса факторлар қолданылады. Дегенмен, жеке деректер сыртқа шығарылмайды. Бағалау нәтижесі бюроның скоринг ұпайына қосылады да, кейін жалпы ұпай банкке бағытталады. Бүгінде Ресейдегі бірнеше қаржы ұйымы аталмыш жүйені сынақ режимінде қолдануда.

Хабар 24 телеарнасы