399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемдік экономика үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін

  • 803
  • UPD: 11:16, 08.01.2020

Биыл әлемдік экономика үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түрлі елдердің инвестициялық банк сарапшылары осындай болжам жасады. Жалпы ахуалдың бұлай құбылуына не себеп?

Биржа нарығы құлдырауы мүмкін

Америкадағы инвестициялық банктің болжамынша, әлемдік экономиканың құлдырауы өндіріске кері әсер етеді. Тіпті жаппай тәртіпсіздікке алып келуі ықтимал. Әлемде индексті, биржалық және басқа да ырықсыз басқарылатын қорлар көбейген. Салдарынан мұндай нарық құрдымға жақындайды. Ал онсыз да аз инвесторлардың арзандап кеткен биржаны да сатып алуға шамасы жетпесі анық. Енді бүкіләлемдік банк жаңа жаһандық қаржылық дағдарыс басталатынын айтып отыр. Оған әлемдегі қарыз себеп. Жалпы көлемі 246 трлн доллардан асқан. Бұл – абсолютті рекорд. Яғни ғаламшарымыздағы барлық азық-түлік пен қызмет ақысына тең. Биыл әлемдік ЖІӨ 3 процентке артуы мүмкін. Оған дамушы нарық мұрындық болады.

Әлемдік қарыздың бұлай көбеюі алаңдатады, әрине. Еліміздің сыртқы берешегі қаңдай деңгейде? Жалпы ахуал қандай болмақ?

Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, еліміздің сыртқы берешегі азайған. Жалпы көлемі 157,7 млрд доллар шамасында. Оның дені фирмааралық қарыз екен. Экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, еліміздің ЖІӨ-нің өсуі 2020 жылы 4,1 % деңгейінде болады. Ал 2024 жылы ол 4,7%-ға дейін өседі.

Жапонияда болашақтың қаласы бой көтереді

Жапонияда ақылды үйлер мен жүргізушісіз көлік және жасанды интеллектке арналған зертхана бой көтереді. Болашақтың қаласын Toyota Motors компаниясы салмақ. Жобаға Фудзияма тауының бөктерінен 70 гектар жер телімі дайындалған. Ақылды қала көмірсутексіз, яғни сутегі отынымен жұмыс істейді. Мұнда негізінен ғалымдар мен зерттеушілерден құралған 2000 адам тұрады деп жоспарланған. Әзірге жоба құны белгісіз. Естеріңізге салайын, былтыр аталған компания автономды жүргізу технологиялары саласындағы патенттерді рәсімдеуден көш бастаған.

Америкалық электромобильдер Қытайда шығарылады

Ал Tesla Қытайдағы зауытын ашты. Бұл – америкалық электромобильдер өндірушісінің ел аумағынан тыс жерде орналасқан жалғыз кәсіпорны. Құны – 2 млрд доллар. Bloomberg мәліметінше, Шанхайдағы зауытта тұңғыш рет Model Y кроссовері шығарылады. Жылына белгілі маркалардағы 250 мың көлік шығарылмақ. Бұл түсінікті де. Себебі, көліктің осы түрі Қытай нарығына арналған. Қазірдің өзінде оған сұраныс артып отыр. Енді автоөндіруші еуропалықтар үшін көлік санын арттыруды көздеп отыр. Темір тұлпар Германияда салынатын зауытта жиналмақ.

Ғұмыры келте стартаптар

Қытай демекші, өткен жылы аспан асты еліндегі 336 стартап ашыла сала жабылған. Оларға инвесторлар 17 млрд юаньнан аса қаржы құйыпты. Бұл – шамамен 2,5 млрд доллар. Жас компаниялардың кейбірі 1 млрд долларға бағаланған. Жалпы соңғы он жылдағы ең қымбат 20 сәтсіздіктің жартысы 2019 жылы тіркеліпті. Бұған алдымен экономиканың әлсіреуі себеп болған. Венчурлық қаржыландырудың азаюы да кері әсерін берді. Сондай-ақ стартаптардың жаңа клиент тарту мен мамандарға қыруар қаржы жұмсауы үлкен шығынға алып келген. Сарапшылардың пікірінше, стартап индустриясы үшін дағдарыс жылы жаңалық емес. Себебі жас кәсіпкерлердің аяғына тұруға уақыт пен күш қажет. Ал Қытай нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін инвестиция қажет-ақ.

Ал Қазақстан ұлттық банкінде доллардың теңгеге шаққандағы орташа бағамы 381,2 тиынға тең.

Хабар 24 телеарнасы