427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Салымшыларға өтемақы төлеу мерзімі ұзартылды

  • 642
  • UPD: 13:33, 28.01.2020

Астана банктің салымшыларына 37 миллиард теңге өтемақы төленді. Қаржы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының есебінен алынған.

Салымдарды қайтару науқаны басталған алғашқы үш күннің өзінде банк-агент қарыздың 75 процентін төледі. Бір ай ішінде 95 проценті қайтарылды. Бүгінде шамамен бір проценттейі қалған. Алайда салымшылардың саны жағынан қарасақ, 268 мың салымшының тек 59 мыңнан астамы ғана банк-агентке жүгініп, қаржысын қайтарып алды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мамандарының айтуынша, қалғандары есепшотындағы сома аз болғандықтан оны қайтарып алуға асықпайтын көрінеді.

Таксимен жүретіндер саны 3% азайды

2019 жылы елімізде 4,2 миллиард тонна жүк тасымалданды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,3 процентке жоғары. Оның 83,8 проценті жүк көліктерімен, 9,6 проценті темір жол арқылы тасымалданған. Сондай-ақ былтыр елімізде жолаушылар қатары үш жарым проценттік көбейген. Оның 99 проценті автобуспен қатынаған. Өткен жылы такси қызметіне 6 миллиардтан астам жолаушы жүгініпті. Алайда бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 процентке аз. 2019-да ұшақ арқылы қатынағандар қатары да 10 проценттей көбейген. Осылайша тасымалмен айналысатын компаниялардың табысы 3,1 триллион теңгені құрады.

Депозиттердің жалпы сомасы 2,5% өсті

Қазақстандықтардың депозиттегі жинағы 9 триллион теңгеден асты. Тек қана жеке тұлғалардың шотын есепке алсақ, 536 миллиард теңге өсім байқалады. Ал заңды тұлғалардың жинағы 0,46 процентке азайып, 10 триллионға жуықтады. Ал депозиттердің жиынтық портфелі екі жарым процентке өсіп, 19 триллионға жетті. Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, соңғы уақытта қаржысын төл теңгемізде сақтайтындар саны 13 процентке көбейген. Ал шет елдік валютамен ашылған шоттар 8,7 процентке азайды. Осылайша, 2020 жылдың басында теңгемен салынған депозиттің жиынтығы 10,8 триллион, ал доллармен салынғандары 8,2 триллион теңгені құрады.

АХҚО мен ONEWEB ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Қазақстанда Орталық Азия елдеріне қызмет көрсететін техникалық байланыс орталығы құралмақ. Ол үшін елдің ғарыштық байланыс инфрақұрылымын пайдалану жоспарланған. Қызмет көрсететін компания Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясы бойынша жұмыс істейді. Давостағы форум аясында қос тарап тіиісті құжатқа қол қойды. Сондай-ақ британдық байланыс компаниясы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жәрдем береді. Айта кету керек, жоспар бойынша 2022 жылы Қазақстанның барлық өңірі кең жолақты интертенке қосылуы тиіс. OneWeb компаниясы жергілікті байланыс операторларымен бірлесе отырып, аталған межеге жетуге ниетті. 

Қазақстан мұнайы Белоруське тасымалдануы мүмкін

Беларуссияға 3,5 мың тонна болатын Норвег мұнайының алғашқы легі жеткізілді. Елде жиыны 80 мың тоннадан аса қара алтын сатып алынған. Президент Александр Лукашенко өнімді әлемдік бағамен алатынын айтты. Ол ресейлік мұнайдың елдегі сұраныстың 3/1 бөлігін қамтуына жағдай жасамақ. Қазір мемлекет АҚШ және Сауд Аравиясымен келіссөз жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, Балтық елдері, Польша, Украина, Әзербайжан және Қазақстанға да ұсыныс жасалды. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Еліміздің энергетика министрлігі мұнайды құбыр жүйесі арқылы тасымалдауды құп көріп отыр. Алайда, басқа бағыттар да қарастырылуы бек мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы