378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жас кәсіпкерлер саны артты

  • 239
  • UPD: 13:12, 30.01.2020

Қазақстанның сұлулық салондары импорттық өнімдерге тәуелді. Косметология нарығында Корея, Ресей, Еуропа тауарларының үлесі басым. Бірақ маникюрға керекті құрал-сайманын Қытайдан алғызатын кәсіпкерлер де аз емес. Олардың көбі AliExpress арқылы тапсырыс береді. Дегенмен, әлемдегі соңғы жаңалықтар бұл саланы да айналып өтпеді. Қытайлық өнімдер арзан болғанымен, қазір ол жақтан тауар алуға құлқы жоқ астаналық кәсіпкерлер ресейлік өнімдермен маникюр жасауға көшкен. Солардың бірі Айнұр Төлекованың айтуынша, бұл бағаның қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін. Себебі, жаңа жылдан бастап ресей алынатын өнімдердің бағасы өскен. «Енерджипром» хабарлауынша, елімізде сұлулық салондарындағы қызмет құны былтыр 6 процентке қымбаттаған. Бұған қарамастан қазақстандықтар салондарға 16 миллиард теңге жұмсаған.

Қазақстанда жас кәсіпкерлер саны артуда. Бүгінде елімізде 145 мыңнан астам жас бизнесмен бар. 35 мың кәсіпорын осы іскер азаматтардың толық меншігінде. Олардың 40 проценттен астамы көлік жөндеу және сауда салаларында еңбек етеді. Төрт мыңнан астам кәсіпорын құрылыс жұмыстарымен айналысады. Бірақ мемлекеттік басқару, қорғаныс, әлеуметтік сақтандыру сияқты салаларда жас бизнесмендердің саны аз. Өңірлерге жіктесек, ең белсенді жастар үш мегаполисте шоғырланған. Бұл Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары.  Ал Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жас іскерлердің саны аз.

Биыл АҚШ федералдық бюджетінің тапшылығы 1 трлн доллардан асады. Бұл туралы АҚШ Конгресінің бюджеттік басқару туралы баяндамасында айтылған. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші шамамен 4,6% құрайды.  Баяндамаға сай, 2030 жылға қарай бюджет тапшылығы артып, бір триллион үш жүз миллиард долларға жетеді. Мамандар мемлекеттік бюджет тапшылығы мен Американың Жалпы ішкі өнімінің арақатынасы 4%-тен асып түссе, бұл 100 жылда екінші рет тіркелген жағдай болады дейді. Себебі мұндай көрсеткіштер соңғы рет Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тіркелген.

Apple компаниясының табысы артты. Төрт айда түскен қаржы көлемі 91 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ке жоғары. Мұндағы компанияның таза пайдасы 22,2 млрд долларды құрады. Жапониядан басқа барлық негізгі нарықтарда өсім тіркелген. Сондай-ақ бір жылда компания смартфондарының сатылымы 7%-ке өсті. Ал дербес компьютерлер мен планшеттерге сұраныс керісінше төмен. Әлемде электронды сағаттар мен үйге арналған құралдар да көптеп сатыла бастаған. Егер электронды аксессуарлардың өтімділігі осындай қарқынмен жалғасса, бір жылдан кейін тек құлаққаптар мен сағаттар Apple-ға компьютерлер мен планшеттерге қарағанда көбірек табыс әкеледі.

Хабар 24 телеарнасы