443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан туризм индустриясы қарқынды дамып келе жатқан елдер тізіміне енді

  • 481
  • UPD: 17:06, 06.02.2020

 БҰҰ жанындағы бүкіләлемдік туристік ұйым Қазақстанды туризм индустриясы қарқынды дамып келе жатқан елдер тізіміне қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біз 20 көшбасшы елдердің қатарындамыз. Бірақ тізімнің басы да, ортасы да бізге бұйырмаған.

 

Қазақстан үздіктер тізімін түйіндеді

Туризм индустриясы ең дамыған елдер анықталды. БҰҰ жанындағы бүкіләлемдік туристік ұйымның сараптауынша, Қазақстан 20-шы тұғырды місе тұтқан. Бұл соңғы орын. Десе де елдегі туризм индустриясының өсімі 10%-ке жетті. Ал көш басында Мьянма тұр. Мұндағы өсім 40%-тен асты. Тізімді Пуэрто-Рико мен Иран жалғайды. Айтпақшы, көрші өзбектер 4-орыннан көрінді. Сарапшылардың дерегінше, әлем халқы 1,5 млрд шетелдік саяхат жасаған. 90 млн адам Францияны көруге құмартқан екен.

 

100 мың долларды шекарадан алып шығу қиындады

Ал ЕАЭО аясында саяхат жасамақ болсаңыз, қаперіңізде болсын. Мұнда қолма-қол ақшаны алып жүрудің ережесі өзгерді. Енді шекарадан 100 мың долларды декларацияламай алып өте алмайсыз. Ақпан айынан бастап жеке тұлғалардан шекарадан өткізілуі тиіс қаражаттың қайдан алынғанын растау құжаты сұралады. Бұл туралы Ресейдің федералдық кеден қызметі хабарлады. Мұндай талаптар чек, вексельдерге де қатысты. Ал растау құжатын алу үшін азаматтық-құқықтық келісімге сай құжаттарыңызды тапсырасыз. Ереже шарттары өткен жылдың тамыз айында бекітілген. Биыл қолданысқа енгізілді.

 

Қазақстан аумағында егістік науқанына 2,5 мың тонна тұқым дайындалды

Бұл жоспардың 99,7%-і. Жіктер болсақ, майлы дақылдар – 89,1 мың, жем-шөп – 15,2 мың, картоп 417,6 мың тоннаны құрады. Дәнді дақылдар тұқымы 100%-ке жеткілікті. Қазір 2 мың тоннаға жуығы егілуге дайын. Бірақ Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай және Шығыс Қазақстанда тұқым толық көлемде жиналмапты. Жем-шөп дақылдарының тұқымдары бойынша Шығыс Қазақстан, картоп тұқымы Ақтөбе облысында аз жиналған. Жетіспейтін тұқымдар өзге облыстардан алынады не импорт арқылы толықтырылады.

Үш қазақстандық сүт өңдеуші кәсіпорын Қытайға құрғақ түйе сүтін экспорттайтын болды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева хабарлады. Оның айтуынша, Қытайдың бас кедендік басқармасы еліміздің қаңтар айынан бастап аспан асты еліне осындай өнім тасымалдай алатынын растаған. Енді отандық компаниялар Қазақстанның ветеринарлық қызметінің кепілдігімен жұмыс істемек.

 

Alibaba коронавируспен күреспек

Қытай демекші, Alibaba коронавируспен күреспек. Олар медициналық жабдықтар алатын онлайн алаңды іске қосты. Енді жүйе арқылы фармацевтикалық компаниялар мен өндірушілер жеткізілген өнімдер туралы ақпараттарды біле алады. Онлайн-платформаны коронавирус індеті тараған Қытай өлкелері түгел пайдалана алады. Бұған дейін бұл компания 1 млрд юань болатын арнайы қор құрды. Бұл 144 млн долларға Хубэй провинциясындағы 18 ауруханаға қажет жабдықтарды жеткізіп берді.

 

Коронавирустың экономикаға әсері

Коронавирус дертінің таралуы Еуроодақ экономикасына қалай әсер ететінін нақты болжау қиын. Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында экономика жөніндегі еурокомиссар Паоло Джентилони осылай деді. Оның айтуынша, кеселдің төңірегіндегі ахуал қазір дүдәмал жағдай туындатып отыр.

Айта кетейіқ, соңғы мәлімет бойынша бүгінде 27 мыңнан астам азамат коронавирусты жұқтырған. Ал одан көз жұмғандар саны 562-ге жеткен.

Паоло Джиентилони, экономика жөніндегі еурокомиссар:

- Еуроодақтың сыртқы және ішкі саясатына қатысты бірқатар мәселе бар. Оның ішінде сауда-саттық, Brexit төңірегіндегі талқы мен коронавирустың экономикаға әсері сынды мәселелер бар. Біз әлі күнге дейін бұл індеттің салдарын саралап, шығын көлемін есептей алмай отырмыз.

Қазақстан ұлттық банкінің ресми сайтында доллардың орташа бағамы – 378 теңге 49 тиын, Ресей рублі – 6 теңге 4 тиын, еуро 417 теңге 21 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы