448,01 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыртқы сауда палатасы кәсіпкерлерге тегін сертификат ұсынбақ

  • 227
  • UPD: 11:48, 17.03.2020

Қазақстандық кәсіпкерлердің 23 проценті коронавирус салдарынан болатын шектеулерді форс-мажорлық деп тануды сұраған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді сыртқы сауда палатасы еліміздегі төтенше жағдай режимі кезеңінде кәсіпкерлерге тегін сертификат ұсынбақ. Ол құжат осы форс-мажор жағдайды растайтын болады.

Сыртқы сауда палатасы құжатты түгел ұсынған кәсіпкерге 5 жұмыс күні ішінде тегін сертификат береді. Осы ретте 1432 нөміріне хабарласып, толық ақпаратты біле аласыздар дегім келеді.

Еліміздегі қызмет көрсету және саудамен айналысатын кәсіпкерлерді коронавирустың таралуы салдарынан бірқатар кедергілер күтіп тұр. Ал «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдерінің мүддесін қорғамақ. Олар үш мыңға тарта кәсіпкер қатысқан сауалнама жүргізіп, ең келелі мәселелерді екшеп алған. Әсіресе, жеке балабақша жайы өзекті. Өйткені, мемлекет жан басына қаржыландыру көрсетеді. Бірақ кеселден сескенген ата-ана балаларын тәрбие ошағына апармауға бекінген. Ал бала келмесе, ақша да жоқ. Енді Ұлттық палата Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру жайын, сауалнамада көтерілген басқа да ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігіне жіберу сияқты мүмкіндіктерді қарастырмақ. Айта кетейін, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді назардан тыс қалдырмай, бюджеттен 300 млрд теңге бөлмекші. Кәсіпкерлер палатасының өкілі Шыңғыс Темір бұл қаражаттың алғашқы уақытқа жеткілікті екенін айтады. Дегенмен төтенше жағдай 60 күнге дейін созылатын болса, ахуал қиындайтынын жеткізді.

Алматыдағы медициналық маска мен антисептикалық құрал шығаратын кәсіпорындар айына 8 млн өнім өндірмек. Қазір мұнда 3 млн данасы шығарылады. Дегенмен қаладағы дәріханаларда аталған өнімдер тапшы. Тек шамамен 160 теңгеге медициналық спирт табуға болады.

Медициналық антисептиктердің бір данасын Петропавлдан 500 теңгеге аласыз. Қарағандыда - 450 теңге. Өскемен мен Семейде 600 теңге тұрады. Талдықорған мен Таразда 350 теңгеден сатылады. Шымкенттен 300 теңгеге алсаңыз, Түркістаннан 350 теңгеге табасыз. Қызылордада 800 теңге болса, Ақтөбеде екі есе арзан. Кей өңірлер мен ірі қалаларда бұл өнім мүлде жоқ. Әзірге Орал, Алматы, елорда жұртшылығы антисептиктің орнына спиртті қолданып жүр. Бағасы 90 мен 160 теңге аралығында.

Қытай: коронавирус салқыны

Ал Қытайдағы өндіріс өткен айда 13 процентке құлдырады. Инвестиция 24 процентке азайған. Елдегі 41 негізгі саланың екеуінде ғана өсім тіркелді. Бұл мұнай-газ және темекі өндірісі. Коронавирус індеті салдарынан аспан асты еліндегі автоөндіріс 31 процентке төмендеді. Кері нәтиже темір жол, әуе ғарыш, теңіз көліктеріне де қатысты. Жергілікті экономист Ирис Пангтың айтуынша, бұған дейін ел тарихында мұндай құлдырау болмаған. Ал сарапшылар өндірістегі төмен көрсеткіш ары кетсе, 1,5 процент болатынын болжаған. Әлемдегі екінші экономика саналатын Қытайдың жағдайы әлі де түзеле қоймас. Себебі індет салқыны тыйылмай тұр. Тіпті әлемді жалмап барады. Қазір шекаралар жабылып, ірі компаниялар жұмысын тоқтатып жатқаны белгілі.

Депозиттердің жоғары мөлшерлемесі өзгерді

Отандық банктер депозиттерді жоғары мөлшерлемемен қабылдауға құқылы. Мұндай шешімді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры шығарды. Енді бір жыл мерзімге ашылған және толықтырылмайтын жинақ салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме 15,1, екі жыл мерзім бойынша 15,5 процентке өседі. Мамандардың айтуынша, ақшаның құны өзгеріп жатқан жағдайда бұл салымдар едәуір жоғары табыс әкеледі. Ал 3 және 6 айлық жинақ депозиттердің ең жоғары мәні – 14 процент. Мерзімді салымдарға келер болсақ, мөлшерлеме 10-ншы наурызда бекітілген деңгейде қалды.

Енді Ұлттық банктің ресми мәліметіне тоқталайын, доллардың орташа бағамы 434 теңге 68 тиын, ал ақша айырбастау орындарында 438 теңге. Еуро 495 теңге, рубль 5 теңге 97 тиын.

Хабар 24 телеарнасы