429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұнайдың әлемдік бағасы 2003 жылдан бері ең төменгі көрсеткішке түсті

  • 1369
  • UPD: 12:52, 19.03.2020

Brent маркалы мұнайдың бағасы 27 доллардан да төмен түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кеше қара алтынның баррелі тіпті 25 доллардан саудаланды. Бұл 2003 жылдан бергі ең арзан баға. Алдағы уақытта баға қалай құбылады. Сарапшылардың болжамы қандай?

Осы сағатта мұнай фьючерстері 26 доллар төңірегінде саудаланып жатыр.

Коронавирус індетіне байланысты әлемде мұнайға деген сұраныс төмендеп, қара алтын тағы арзандауы мүмкін. Goldman Sachs болжамына сай пандемия салдарынан сұраныстың күрт төмендеуі мұнай нарығының құбылуына әкеледі. Сарапшылар «2020 жылдың II тоқсанында Brent маркалы мұнайдың баррелі 20 долларға дейін құлдырайды», деп отыр. Бұл 2002 жылдан бері болмаған жағдай. Сондай-ақ наурыз айының соңында қара алтынға сұраныс тәулігіне 8 млн баррельге дейін азаяды деп күтілуде. «Ал Сауд Арабиясы, Ресей мен Ирак елдерінің өндіріс көлемін арттыруы есебінен мұнай қоры артып, бірінші жарты жылдықта 1,3 миллион баррельге жетеді», - дейді сарапшылар.

 

Елімізде мұнай экспортынан кіріс үш есе азаяды

Қазақстанда бюджеттің негізгі кірісі мұнай мен газ секторына тиесілі. Ұлттық қорға құйылатын трансфер 3,4 трлн теңге болса, сатылған өнімге салынатын баж салығынан кіріс 1 трлн теңгені құрайды. Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашит Жақсылықовтың айтуынша, егер қара алтын бағасы осы деңгейде қалса, экспорттық кіріс үш есе азаяды. Ал мұнайдың баррелі 25 долларға түссе, баж салығы төленбейді. Яғни, бюджет қомақты қаржыдан айырылады. Мамандар Қазақстан ғана емес, әлемдік экономиканы әлсіреткен бұл жағдай жақын арада оңалмайды деп отыр. Мұнай бағасының құбылуы тағы бір-екі жылға созылуы мүмкін.

 

Атырауда KPI жобасындағы қытайлық қызметкерлер жергілікті мамандарға ауыстырылады

Атырауда KPI жобасындағы қытайлық қызметкерлерді жерігілікті мамандарға ауыстырады. Коронавирус салдарынан енгізілген шектеуге байланысты 161 Қытай азаматы елге кіргізілмеген. Олардың орнына енді жергілікті мамандар еңбекке тартылады. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазір 50-ге тарта жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылған.

Айта кетейік, жалпы кәсіпорында аспан асты елінің 400-ге жуық азаматы жұмыс істейді.

Хабар 24 телеарнасы