432,55 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қай жағдайда доллар сатылмайды

  • 429
  • UPD: 11:17, 20.03.2020

Brent маркалы мұнай бағасы 17% өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

ОПЕК плюстің бір шешімге келе алмауы мен коронавирус пандемиясына қарамастан, соңғы сауда-саттықта оң нәтиже байқалады. Әлемдік мұнай бағасы қымбаттап жатыр. Кеше Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 29 жарым долларға, ал WTI маркасы 28 долларға сатылды.

Осы сәтте Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 28 доллар төңірегінде. Ал WTI маркасы 26 доллар шамасында саудаланып жатыр. Бұл – қара алтын құнының соңғы құлдыраудан кейін өскені. ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге келмеуі және коронавирус пандемиясы мұнай бағасының күрт төмендеуіне себеп болды. Бұған қоса, сарапшылар 2020 жылдың ортасында әлемдік қара алтын қоры ұлғайып, рекордтық деңгейге жетеді деген пікірде. Сұраныстың төмендеп жатқанын ескерсек, мұнайдың нормадан көп болуы нарыққа теріс әсер етеді.

Қай жағдайда доллар сатылмайды?

Доллар қымбаттағаннан кейін кейбір қазақстандық ақша айырбастау орындарында шетелдік валюта кейде мүлдем сатылмайды. Ал курс.кз сайтында валюта бағасының орны бос тұрады. Яғни айырбастау орындары долларды қабылдайды, бірақ сатпайды. Неліктен? Осыны білу үшін біз Қазақстанның айырбастау бөлімшелерінің қауымдастығына хабарластық. Олардың айтуынша, айырбастау орындарындағы шетелдік валютаның болуы не болмауы, банктен алынған қаржы мөлшеріне байланысты. Шетелдік валютаны олар екінші деңгейлі банкттерден сатып алады. Сондықтан кассада валюта жеткілікті болса, ол сатылуы тиіс.

Аршын Ғалымбаев, ҚР валюта айырбастау орындары қауымдастығының президенті:

– Клиент өзінің алданбағанын тексеру үшін валюта айырбастау орнының қызметкерінен басшының мөрі мен қолы қойылған анықтаманы талап етуге құқылы. Анықтамада шетелдік валютаның жоқ екені жазылып, айырбастау орнының мекенжайы көрсетілуі тиіс. Бұл құжатпен Қазақстанның Ұлттық банкіне барып, ақпаратты салыстырасыз. Егер сіз ақша айырбастауға барған сәтте, кассада шетелдік валютаның бар болғаны анықталса, шағым жазуға құқылысыз.

Карантин кезінде сауда орталықтары шығынға батады

Карантин кезінде Қазақстанның екі ірі қаласындағы сауда орындары 1,5 миллиард теңге төңірегінде шығынға батады. Бұл қаржының 400 миллион теңгеге жуығы қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Егер карантин мерзімі ұзартылса, сауда орталықтарына банктен қарыз алуға тура келеді. Бұл шығындарды жабудың жалғыз амалы дейді орталық басшылары.

Тауар жеткізушілерге сұраныс артқан

Коронавирустың таралуы салдарынан көптеген кәсіпорын шығынға батты. Дегенмен карантин кезінде табысы артқандар да бар. Мысалы, соңғы уақытта тауар жеткізуші қызметіне сұраныс 3-4 есе артқан. Әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұрғындардың көбі азық-түлік пен өзге де тауарларды интернет дүкендер арқылы алады. Осыған байланысты кейбір тауар жеткізуші компаниялар қызметкерлерді көбейтіп, қосымша колл-орталықтар ашуға кіріскен. Ал қазақстандықтар жиі тапсырыс беретін тауралар тізімінде азық-түліктен пен дәрі-дәрмектің үлесі басым.

«Lufthansa» жоспардың тек 5% орындайды

«Lufthansa» жоспарланған әуе рейстерінің тек 5 процентін орындайды. Пандемия салдарынан неміс компаниясы әуе тасымалының басым бөлігін тоқтатуға мәжбүр. Рейстердің қысқаруынан 763 ұшақтың, 700-і ұшпайтын болды. Ал алыс қашықтықтағы рейстер тек Франкфурт пен Цюрих қалаларынан аптасына үш рет орындалады. Компанияның басқарма төрағасы Карстен Шпор Коронавирустың таралуы бүкіл әлем экономикасын төтенже жағдай режиміне көшіргенін және оның қалай аяқталатыны белгісіз екенін айтты. Сондай-ақ ол қазір компанияға шетелдегі немістерді елге эвакуациялауға атсалысу маңызды екенін алға тартты. Бұдан бөлек, шектеу аяқталғанша концерннің азаматтық авиалайнерлерін жүк тасымалына пайдалану мәселесі қаралып жатыр.

Қостанайда бір келі күріш – 240 теңге. Петропавлда дәнді дақыл 300 теңге тұрады. Ал Ақтөбеде оның құны 280 теңгеден басталады. Еліміздің батысында күріштің құны бір дейгейде. Ақтау мен Атырауда – 300 теңге. Ал оралдықтар бір келі күрішті 350 теңгеге алады. Шымкент дүкендерінде де осындай баға. Ал елордада бір келі күріш – 360 теңге.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша, доллардың орташа бағамы – 448 теңге 50 тиын, еуро – 485 теңге 28 тиын, рубль – 5 теңге 61 тиын.

Хабар 24 телеарнасы