411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда қолданыста болған үйдің бағасы 10-15%-ке арзандауы мүмкін

  • 280
  • UPD: 11:24, 21.04.2020

Қазақстанда қолданыста болған үйдің бағасы 10-15%-ке арзандауы мүмкін.

Мұндай болжамды Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов жасады. Оның айтуынша, құлдырау карантин режимі аяқталғаннан кейін, яғни, мамыр, маусым айларында тіркелуі ықтимал. Ал элиталық және бизнес санаттағы үйлер инфляция деңгейінде қарай аздап қымбаттайды. Ал, комфорт және эконом санатындағы үйлердің құны көтеріле қоймайды. Қазірдің өзінде нарық доллар құнына бейімделіп алды. Десе де, тұрғындар әлі әліптің артын бағып отыр. Соңғы кезде үйді жалдау ақысы күрт төмендеді. Өйткені карантинге байланысты көпшілік ауылға кетті. Сонымен қатар төлем жасау қабілеттері төмендеді. Сондықтан үй иелері тұтынушыны ұстап қалу мақсатында амалсыз бағаны түсіріп жатыр.

***

Мұнай өндіруші елдер енді қара алтынды алған адамға ақы төлеуге мәжбүр. Тек осындай тәсіл арқылы ғана олар кен орынындағы жұмысты сақтап қала алады.

«Ал, жалпы қара алтын құнының арзандауына АҚШ-тың Оклахомасындағы қоймалардың толуға таяғаны себеп», дейді сарапшылар. Оның үстіне коронавирус пандемиясының таралуына байланысты көптеген кәсіпорындар тоқтады. Осылайша, тұтынушылық сұраныс соңғы 25 жылда алғаш рет рекордық көрсеткіште төмендеп кетті. Бірақ ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімі мамыр айында күшіне енеді. Сол кезде қара алтын аздап болса да қымбаттайды деген үміт болған.

Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп елдің мұнай қорын толықтырмақ. Бұл туралы ол Ақ үйде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Америка басшысының айтуынша, стратегиялық маңызы бар қоймаларды толтыру үшін Құрама Штаттар 75 миллион баррель мұнай сатып алуды жоспарлап отыр екен. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясынан шикізат сатып алуды тоқтату жағын да қарастырып жатқанын жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Мұнай бағасының рекордтық көрсеткішке төмендеуіне байланысты біз өз қорларымызды толтыруды көздеп отырмыз. Ол үшін 75 миллион баррель мұнай қоспақ ниеттеміз.

***

Қазақстанның темір жол арқылы жүк тасымалы 2,1% артты

Биыл бірінші тоқсанда Қазақстанның шойын жолдары арқылы 96,9 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ке көп. Ал, жалпы транзиттік жүк тасымалы 4,8 миллион тонна. Бұл 2019 жылдың алғашқы үш айындағы көрсеткіштен 26%-ке артық. Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлердің тасымалы 11%-ке артқан. Қаңтар мен наурыз аралығында пойыз арқылы 4,8 миллион адам қатынады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8%-ке аз. Ведомство өкілдерінің ақпаратына қарасақ, наурыз айының өзінде елде 34,3 миллион тонна жүк тасымалданған. Ал Қазақстан арқылы 2 миллион тонна транзиттік жүк өтті. Бұл былтырғы наурыздағы көрсеткіштен 65%-ке көп.

***

Polymetal алтын өндірісін 5%-ке көбейтті

Биыл бірінші тоқсанда Polymetal компаниясы Қазақстанда алтын өндірісін арттырып, 391 мың унция құнды металл шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ке көп. Әлемдік нарықта алтынның қымбаттауына орай таза табыс 9%-ке арттып, 494 миллион АҚШ долларына жетті. Десе де, коронавирус пандемиясына байланысты сатылым 7%-ке азайған. Былтыр компанияның таза табысы 19%-ке артқан болатын. Ол кезде алтынның құны 13%, күміс 11%-ке қымбаттаған еді. 2020 жылы Polymetal 1,6 миллион унция алтын өндіруді жоспарлап отыр. Табыспен бірге компанияның қарызы да өсіп келеді. Бүгінде оның жалпы берешегі 1,66 миллиард доллар. Ал төленуі тиіс дивидентерінің жалпы сомасы 385 миллион АҚШ долларына тең. Polymetal дивиденттерді 29 мамырға дейін төлеп тастауы мүмкін. Бұл туралы толық шешім 27 сәуір күні акционерлердің жиынында шығады.

Айта кетейік, Polymetal бірнеше акционерден құралған ресейлік компания. Ол әлемде ең ірі алтын өндірушілердің қатарына кіреді. Қазақстанда екі алтын мен күміс шығаратын екі кен орны бар.

***

Google мен Facebook табысымен бөліседі

Австралия билігі Google мен Facebook компаниясына табысымен бөлісу туралы талап қойды. Яғни қос компания жарнамадан түскен пайданы жергілікті медия компаниялармен бөлісуге міндеттеледі. Қазір осыған байланысты заң жобасы әзірленіп жатыр, Алдағы бірнеше айда қабылдануы тиіс. Егер жүзеге асса, контентті қолданғаны үшін цифрлық платформадан ақы алған алғашқы ел Австралия болады. Мемлекеттің бас қазынашысы Джош Фриденбергтің айтуынша, мұндай шешім қабылдауға IT гиганттардың контентті қолданушылардың шағымын қарау ережесін жасамауы себеп болды. Бүгінде Австралия нарығында онлайн жарнаманың жалпы құны 5,5 миллиард АҚШ долларына тең. 2005 жылдан бері 8 есеге артқан. Алайда, оның үштен бірі Google мен Facebook-ке тиесілі.

***

Еуроодақ елдеріне дағдарыспен күресу үшін 1,5 трлн еуро қажет

Коронавирус пандемиясынан келген дағдарыспен күресуі үшін Еуроодақ елдеріне 1,5 триллион еуро қажет. Бұл туралы одақтың экономика бойынша комиссары Паоло Джентилони мәлімдеді. Оның 500 миллиарды шұғыл қажеттілікке жатады. Бұл қаржы одаққа мүше елдердегі медицина саласы мен шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалмақ. S&P Global агенттігінің болжамы бойынша биыл әлем экономикасы 2,5%-ке қысқарады. Бұл көрсеткіш Еуроодақта 7,3%, АҚШ-та 5,2%-ке жетуі мүмкін. Сондықтан Еуроаймақ экономикасы 2021 жылы да толық аяққа тұра алмауы ықтимал.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Бүгін «Нарықтағы баға» айдарында картоп құнына шолу жасаймыз. Өңірлердегі тілшілер жіберген ақпарат бойынша көкөністің бұл түрі Алматыда қымбат екенін байқадық.

Соңғы апталарда елде картоп қымбаттады. Әдетте келісі 80-90 теңге тұратын көкөністің құны биыл жүз теңгеден  асып кетті. Оның ең арзаны Қостанайда тіркелді. Мұнда келісі 135 теңге. Ал Көкшетау мен Петропавлда 140 теңге. Қарағандыда және Орал қалаларында картоптың келісі 150 теңгеден саудаланады. Ал Талдықорған, Нұр-Сұлтан және Атырауда баға 10 теңгеге қымбат. Яғни, 160-тан. Қызылордалықтар картоптың келісі үшін 180 теңге төлейді. Ал Қазақстан бойынша көкөністің бұл түрі Алматыда қымбат екенін байқадық. Мұнда келісі 190 теңгеге бағаланған.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 48 тиынға тең. Ал еуро 465 теңге 1 тиын. Ресей рублі 5 теңге 75 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы