427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық әуе компаниялары жыл соңына дейін 300 млрд теңге жоғалтуы мүмкін

  • 497
  • UPD: 10:00, 22.04.2020

Қазір елдегі барлық ұшу тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық рейстердің 98 проценті ұшпайды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады.

Жыл басынан бері коронавирус індеті қаупіне қарамастан, елімізде 1,7 млн адам ұшақ қызметін пайдаланды. Бұл былтырғыға қарағанда 5 процентке артық.

Алдағы бес жылда елімізде 13 жаңа аэродром салынады. Жоспар осындай. Ал сәуірде еліміздегі 4 мыңнан аса әуе және теміржол рейсі тоқтатылды. 130 мың адам билеттерін қайтаруға өтініш білдірген. Жолаушылардың 15 процентіне ғана 4,5 млрд теңге қайтарылды. Себебі әуе тасымалдаушыларының жол жүру құжатын қайтару талабы бірдей болмай шыққан. Бірі ақшаны ұшу қайта қалпына келгеннен кейін ғана беруге уәде берсе, енді бірі билетті басқа уақытқа ауыстыруды ұсынып отыр. Мысалы, SCAT әуе компаниясы мен бірқатар түрік және әзербайжандық әуе тасымалдаушының осындай шарты бар. Ал Дубай, Малайзия, Ресей лоукостерлерінен алынған билеттерді ваучерге өткізесіз не баллға ауыстырасыз. Қазір тұралап тұрған Bek Air тексеру аяқталғаннан кейін ғана жолаушылармен есеп айырыса алады.

Экономика қалай құбылады?

Германияның ЖІӨ-і осы жылдың екінші тоқсанында шамамен 10 процентке қысқаруы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мұндай көрсеткіш соңғы 50 жылда тіркелмеген. Ал ел инвесторлары ахуалдың биыл-ақ қалпына келетініне сенімді. Өкініштісі, қазіргі жағдайдың өзі соңғы он жылда болмаған төмен деңгейге түскен. Қаржылық нарық сарапшылары өндіріс көлемі 2022 жылға дейін бұрынғы қалпына келмейді дейді. Жалпы елде жылдың басында-ақ өндіріс төмендей бастаған. Кәсіпорындар болашағын болжауға да асықпайды. Қазір Ангела Меркельдің әкімшілігі елдегі 16 штатпен келісімге келіп, жабылғанына бір ай болған шағын дүкендердің жұмысын жұмыс істеуіне рұқсат берді. Десе де, Германия канцлері бірнеше апта не айлардан кейін ғана қалыпты өмірге қайта оралуға болатынын атап өтті. Ал экономиканың қалай құбылатынын уақыт көрсетеді.

Елімізде 3,7 млрд доллар болатын 51 бірлескен инвестициялық жоба бар. Олар негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, машина құрылысы, энергетика сияқты салалар бойынша қолға алынған. Қазірдің өзінде құны 1 млрд доллар болатын 25 жоба жемісті жүзеге асырылды. Індет салқыны қос елдің байланысын суытпайды деген ойдамыз

Мұнай бағасы 18 доллардан төмен

Кеше кешке Brent маркалы мұнай бір баррелі 18 доллардан төмен болды. Осы ретте ОПЕК+ елдерінің бірқатар министрі телеконференция өткізіп, нарықтағы ахуалды талқылады. Оған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев та қатысты. Лондонның ICE Futures сауда-саттық нарығында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстері түнгі сағат 12-дегі жағдай бойынша, бір барреліне 17,78 долларды құрады. Бұл алдыңғы сессиямен салыстырғанда 7,79 долларға немесе 30,47% арзан. Бұған АҚШ-тың мамыр айында жеткізілетін WTI мұнайына келісімшарт бағаларының құлдырауы себеп.

Бензинге деген сұраныс төмендеді

Карантин енгізілгелі елімізде бензинге деген сұраныс та азайды. Осыған орай Атырау, Шымкент, Павлодардағы мұнай өңдеуші кәсіпорындары қуаттылығын барынша азайтып жіберуге мәжбүр болды. Мұнай нарығындағы соңғы жағдайларға қарамастан, бензиннің 4 процентке ғана арзандағанын байқауға болады. Kazenergy қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, өнім барлық шығын есепке алынған көтерме бағадан құралады.

Қазір көпшілік жиі пайдаланатын АИ-92 бензинінің орташа бағасы – 155 теңге.

Қостанай мен Ақтөбеде АИ-92-нің бір литрі – 155, Петропавлда – 156 теңге. Қарағандыдан да 156 теңгеден аласыз. Талдықорғанда 152 теңгеден. Таразда 4 теңгеге қымбат. Түркістан мен Ақтауда -152 теңге болса, Атырауда 149 теңгеден сатылып жатыр.

Алтын қымбаттайды

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында алтынның бір унциясы 1920 доллардан асады. Мұндай баға соңғы рет 9 жыл бұрын тіркелген. Мамандар АҚШ пен Еуроодақтағы экономикалық ахуалдың төмендеуіне байланысты алтынға сұраныс артатынын жеткізді. Инвесторлар да валютаның құнсыздануын болжап, бағалы металды көбірек алуға ниет танытып отыр. Бұған дейін жыл соңына дейін алтынның бағасы 1800 долларға қымбаттайтыны айтылған. Ресейдің әмбебап банкінің бас сарапшысы Роман Антоновтың айтуынша, қазір орташа баға 1669 доллар болса, уақыт өте өнім қымбаттай береді. Сөйтіп, жылды 1920 доллармен түйіндейміз дейді сарапшы ол.

Еліміздегі доллардың орташа бағамы – 430,5 теңге. Еуро 465 теңге, рубль 5,71 теңгеге тең.

Хабар 24 телеарнасы