428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсібінің қызметі шариғат талаптарына сай келетін азаматтарға жеңілдетілген несие беріледі

  • 565
  • UPD: 11:21, 24.04.2020

Отандық геологиялық барлау алдағы уақытта 50 млрд теңге көлемінде шетелден инвестиция тартуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде жер қойнауын игеру бойынша лицензия берудің австралиялық үлгісі енгізілгелі 621 құжат берілген. Бұл бірінші кезекте Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодексі қабылданғаннан кейін жүзеге асты.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Сонымен қатар жаңадан кәсіп ашқандарға және кәсібінің қызметі шариғат талаптарына сай келетін азаматтарға жеңілдетілген несие берілетіні туралы тоқталып өтем.

Шет елдердің Қазақстанға деген инвестициялық қызығушылығын арттыру мақсатында «Жер қойнауын пайдалану» туралы жаңа заң қабылданғаны жөнінде айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда елде 1,2 млн шаршы километр аумаққа геологиялық барлау жүргізуге болады. Бұл өз кезегінде саладағы сервистік компанияларға серпін бермек. Білікті мамандар мен жоғары технология әкелуге мүмкіндік жасайды. Осыған байланысты сарапшылар аталған салаға 50 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылуы мүмкін дегенді айтады. Мәселен, 2014-2018 жылдар аралығында сырттан аударылған қаржы көлемі 122 млрд теңгеге тең. Оның едәуір бөлігі Ресейден, Германиядан және Қытайдан түсті.

Жаңадан кәсіп бастаушыларға жеңілдетілген несие елдегі карантиннен кейін де беріледі. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету департаментінің директоры Гүлсая Зайнелғабдина күні кеше брифинг кезінде айтты. «Даму» қорының өкілі кәсіпкерлерге кепілдік құралы ұсынылатынын да жеткізді. Яғни, кәсібін жаңадан бастаған азаматтар үшін кепілдік көлемі қарыз сомасы 180 млн теңгеден аспаған жағдайда 85% болады. Ал, жобасын қалада жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер үшін кепілдік мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Қазірдің өзінде «Даму» қорына қашықтан өтінім жолдауға болады. Құжаттар карантин кезінде де қаралады.

Гүлсая Зейнелғабдина, «Даму» КДҚ» АҚ мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету департаментінің директоры:

- Жаңа кәсіп бастаушылар «Еңбек» бағдарламасын пайдалана алады. Кәсіпкерлер 6%-тік мөлшерлемемен несие алуға құқылы. Бұл ретте қарыз көлемі 6000 АЕК-тен 8000 АЕК-ке дейін болуы мүмкін. Өтеу мерзімі – 5 жыл. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында да жаңадан іс ашуға ниетті азаматтарды қолдаймыз. Оларға субсидиялау, кепілдендіру құралдарын ұсынамыз. Кәсіпкерлер жұмысын ауылдарда немесе моноқалаларда бастаса, 750 млн теңгеге дейін қарыз ала алады. Одан бөлек, олардың айналым қаражаты ретінде 360 млн теңгеге дейін несие алуына мүмкіндігі бар.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Сондай ақ «Даму» қорының өкілі шариғат талаптары бойынша қызмет ететін кәсіпкерлердің Ислам банкінен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Осылайша, «Даму» қоры «Al Hilal» ислам банкімен бірге баламалы қаржыландыру тетіктерін іске қосады. Гүлсая Зейнелғабдинаның айтуынша, сәуір айының басында Ислам банкіне 75 млрд теңге қаржы салынды. Бұл – Ислам қаржыландыруын одан ары дамыту жолындағы қадамдардың бірі. Аталған тетікті дамыту үшін сауда мурабахасы енгізіледі. «Осылайша, кәсібін Ислам қаржыландыруының көмегімен дамытқысы келетіндер шариғат талаптары мен бағдарлама шарттарын мұқият ескеруі керек», деді департамент директоры.

Ендігі кезек әдеттегідей «Нарықтағы баға» айдарында. Бұл жолы қарақұмықтың елдегі орта бағасына тоқталамыз. Ең жоғары баға Таразда. Келісі үшін 430 теңгеден басталады. Қостанайда қарақұмық келісі 260 теңге. Петропавлда 300 теңге. Кеншілер қаласы Қарағандыда 415 теңге. Өскеменде 380 теңге. Киелі шаһар Таразда 430 теңге. Орал мен Ақтөбеде 400 теңгеден. Бас шаһарда 420 теңге.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы -432 теңге 24 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 434-435 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 465 теңге 61 тиын болса, рубль 5 теңге 75 тиын.

Хабар 24 телеарнасы