411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі ломбардтар қолдауға зәру

  • 208
  • UPD: 10:53, 04.05.2020

Бүгін еліміздің кей өңіріндегі ақша айырбастау орындары мен ломбардтар жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Валюта айырбастау үшін түн ортасынан күндізгі үшке дейінгі уақыт белгіленген. Төтенше жағдай бұл ұйымдардың тынысына қалай әсер етті?

Шымкент халқы ақша айырбастау орындарының қызметін 1 мамырда пайдалана бастағанын айта кетейік. Әрине, сала шығыннан құр қалмады. Мамандар клиенттерін қайтарудың амалын жасайтынын жеткізді.

Ақша айырбастау орындары жұмысын бастады

Елімізде 800-ге тарта валюта айырбастау орны бар. Бірақ карантиннен соң олардың саны едәуір азаюы мүмкін. Ақша айырбастау орындары қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаевтың айтуынша, төтенше жағдайға дейін долларды 460 теңгеге сатып алған олар енді шамамен 425 теңгеге сатуға мәжбүр болады. Одан басқа шығындары да шаш етектен. Маманның сөзіне сенсек, жұмыс уақытша тоқтағанына қарамастан, қызметкерлерге жалақы төленіп отырған. Болжам бойынша шетелдік валюта алатындар саны 30 процентке азаюы мүмкін. Өйткені бизнес тұралап қалды. Енді қалыпты жағдайға келу үшін уақыт керек. Бірақ валюта айырбастау орындары әрбір клиентпен жүйелі жұмыс істеуге бекініп отыр. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, сеніміне ие боламыз дейді Ғалымбаев.

Ломбардтар қолдауға зәру

Ақша айырбастау орындары жыртығын өзі жамауға ниет танытып отырса, бүгін жұмысын бастайтын ломбардтар мемлекеттен қолдау күтіп отыр. «Қазақстан ломбардтарының ұлттық лигасы» қауымдастығының төрағасы Роберт Абзалиловтың айтуынша, ломбард төтенше жағдайдан зардап шеккен ұйымдар қатарында жоқ. Сондықтан екінші деңгейлі банктермен несиені төлеу уақытын шегеру мүмкін болмаған. Оның үстіне карантин кезінде төленген еңбекақы мен жалдама ақысын тағы қосыңыз. Қауымдастық төрағасының айтуынша, ломбардтарды еңбекақы қорынан босату бойынша өтініш беріліпті. Қазір шешімін күтіп отыр. Бүгінде елімізде 3000-ға тарта ломбард бар. Олар бүгіннен бастап, сағат үшке дейін жұмыс істейтін болады.

Экономика ақсап тұр

Германияның экономикасы 2028 жылы ғана коронавирус салдарынан толық айыға алады. Қазір сарапшылар соғыстан кейінгі жағдай қайталана ма деп қауіптеніп отыр. Жалпы еуропалық одақ экономикасы жыл басынан бері 3,5 процентке төмендеді. 2021 жылға қарай құлдырау 13 процентке жетуі мүмкін. Бұл алып экономика 2 трлн еуро жоғалтады деген сөз. Әсіресе, Франция, Испания және Италияның көрсеткіші алаңдатады. Ұйым азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 540 млрд еуро бөлетінін жеткізген. Жоспар бойынша 100 млрд евро қарапайым халыққа бағытталады. Еуроодақ індет салдарын жоюға 1 трлн еуро шығындайтын болады.

Ішкі туризм жанданып келеді

Қытайда 4 мыңнан аса туристік нысан қайта ашылады. Қазірдің өзінде ішкі туризм жанданып келе жатыр. Өткен жұмада 23 млн адам ел аумағындағы көрікті жерлердің денін аралап шыққан. Бұл үшін 1,5 млрд долларға жуық қаражат жұмсапты. Елді мекендерінен шығуға рұқсат алған адамдарға сақтық шараларын сақтану міндеттеледі. Туристік нысандар да қауіпсіздікке барынша мән берген. Қазір мұнда тәулік сайын ресми тіркелген туристердің 30 процентін ғана қабылдауға рұқсат.

Нарықтағы баға

Сұйық майдың нарықтағы бағасына шолу жасайық. Аймақтардағы әріптестеріміздің хабарлауынша, күнбағыс майының бағасы сапасына қарай 340 пен 500 теңге аралығында.

Петропавлда бір литр май 340 теңге, Елордада 20 теңгеге қымбат, 360 теңгеден басталады, Қарағандыдан 370 теңгеге табасыз. Ал Көкшетау мен Алматыда өнім бағасы 380 теңгеден басталады, еліміздің шығысы Семей мен Өскеменде 385 теңге шамасында, Атырауда 420 теңге болса, Қостанайдан 425 теңгеге алуға болады. Таразда 500 теңгеге дейін барады.

БҰҰ жүргізген зерттеуге сай, Қазақстан пандемияға дайындық жөнінен 51-орынға тұрақтады. Тұғыр басы Норвегияға бұйырған. Жиыны 190-ға жуық мемлекет арасында көшті Швецария, Ирландия, Германия, Гонконг бастады. АҚШ 16 орыннан көрінсе, Нигерия соңғы орынды місе тұтқан.

Қазақстан ұлттық банкінің мәліметінше, доллардың орташа бағамы 424,57 теңге, еуро 461,13 теңге, рубль 5,81 теңге.

Хабар 24 телеарнасы