411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ішкі сауда-саттық көлемі 40% қысқарды

  • 222
  • UPD: 10:42, 06.05.2020

Елдегі карантинге байланысты ішкі сауда-саттық көлемі 40%-ке қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азаматтардың табысы орта есеппен 5 есе азайған.

Мейірлан Алтынбек, тілші:

- Сонымен қатар шаруаларға берілген ақшалай көмек және мұнай мен бензин бағасына тоқталып өтем.

Елдің барлық саласында сауда көлемі шамамен 40%-ке азайды. Төтенше жағдай тәртібі кезінде қазақстандықтардың жалпы табыс көлемі 5 есе кеміді. Сауда қарқынын құлдилатып алмау үшін кәсіпкерлер электрондық коммерцияға көше бастады. Алайда, бәрі біз ойлағандай мінсіз емес. «Өйткені онлайн-ритейл рекордтық табыс әкеле бастағаны жөніндегі пікірлер жаңсақ», дейді сарапшылар. Санақ бойынша 2,5 млн адам карантин кесірінен табыс көзінен айырылды. Бұл халықтың сатып алу қабілетін төмендеткені рас. Осыған байланысты адамдар бар ақшасын тек азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тұрмыстық химия тауарларына жұмсауда. Сәйкесінше, тұрмыстық шаруашылыққа қажет заттар мен азық-түлік сататын дүкендерде ғана сауда көлемі 3 есе өскен.

 

2,5 мың фермерге 70 млрд теңге көлемінде жәрдем берілді

70 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмек 2500 шаруаға берілді. Олардың көпшілігі Түркістан облысында. Аграрлық несие корпорациясы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды 35 күнде аяқтады. Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың 95%-і – шағын және орта бизнес өкілі. Егіс маусымына дейін фермерлердің айналым қаражатын толтыру үшін былтырғы кезеңмен салыстырғанда ел бюджетінен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ қаржыландырудың жеңілдетілген ставкасы 5%-ке дейін төмендетілді. Бағдарламаға қатысуға өтініш берген фермерлердің 126-сы 100 млн теңгеден астам қаржыға ие болды. 194 фермерге орташа есеппен 57 млн теңгеден берілді. 2085 фермер орташа есеппен 6 млн 100 мың теңгеден алды. Бұл ретте ең аз несие 600 мың теңгені құрайды.

 

Сәуірде бензин 10% арзандаған

Сәуір айында бензин бағасы 10%-ке арзандаған. Жыл басынан өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіптік өнімдерге бағасы 12,5%-ке түскен. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде 23,8%-ке төмендесе, өңдеу өнеркәсібінде керісінше 0,7%-ке өскен. Өнеркәсіп саласында көрсетілетін қызмет құны 2,3 процентке қымбаттаған. Статистика комитетінің мәліметі бойынша өткен айда өндіруші кәсіпорындар бағасы мазутқа – 34, мұнайға – 31, бензинге – 10,1, дизель отынына шамамен 7%-ке түскен. Ал металл кендеріне – 9,4, табиғи газға – 9, сұйытылған пропан және бутанға шамамен 5 және көмірге 1,5%-ке жоғарылаған.

 

Brent маркалы мұнай бағасы $31 асты

Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнай бағасы алдағы шілде айында болатын жеткізілімдер бойынша 14%-ке өсіп, барреліне 31 доллар 4 центті құрайды, деп хабарлады ҚазАқпарат. Соңғы рет Brent мұнайының құны 14 сәуірде ғана 31 доллардан жоғары болған. Ал WTI маркасы фьючерсінің бағасы 26 доллар 48 центке тең. Өсім көрсеткіші – 16%.

***

Ендігі кезек әдеттегідей «Нарықтағы баға» айдарында. Бұл жолы қызанақтың орташа бағасына тоқталамыз. Ең жоғары баға Өскеменде. Онда келісі 1400 теңгеге дейін барады.

Қостанайда қызанақ келісі 750 теңге. Көкшетауда 800 теңге. Қарағанды қаласында да 800 теңге. Өскеменде 1400 теңге. Талдықорғанда 700 теңге. Таразда 600 теңге. Қызылордада 650 теңге. Ақтауда 900 теңге. Атырауда 750 теңге. Ел астанасында 1200 теңге.

***

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы - 423 теңге 73 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 425-426 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 459 теңге 66 тиын болса, Ресей рублі 5 теңге 72 тиын.

Хабар 24 телеарнасы