413,26 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы уақытта пәтер бағасы қалай құбылуы мүмкін?

  • 226
  • UPD: 10:56, 13.05.2020

Елде төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін тұрғын-үй нарығында сауда жандана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сатылымға шығарылған үйлердің жарнамасы да көбейді. Кейбіреуінің бағасы 10-15 процентке көтерілгені байқалады. Оған не себеп және алдағы уақытта пәтер бағасы қалай құбылуы мүмкін?

Тұрғын үй нарығында алыс-беріс басталды. Әзірге келісімнің көбі карантинге дейін ауызша сөз байласқандар арасында ғана жасалды.

Карантин кезінде тұрғын үй нарығында баға тұрақты болды. Себебі келісімшарт жасайтын кеңселер мен жылжымайтын мүлікті тіркеу мекемелері жұмыс істемегендіктен, сұраныс та ұсыныс та болған жоқ. Ал карантинге дейін ауызша сөз байласқандар төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ғана пәтерді рәсімдеуге кірісіп жатыр. Баға әу бастағы уәделескен сомада. Десе де, кейбір сатушылар доллардың қымбаттауына байланысты пәтер бағасын да көтерген. Мұндай жағдай Нұр-Сұлтан мен Алматыда үлкен сомадағы жылжымайтын мүліктерге қатысты жиі байқалады. Ал өзге өңірлерде тұрақты. Қазақстан Реалторлары біріккен ассоциациясының президенті Лариса Степаненконың айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін де болған. Яғни доллардың көтерілуін сылтауратып, пәтер иелері мүлік құнын жоғары ұстағысы келеді. Алайда пандемияға байланысты нарықта сұраныс аз. Сондықтан жаз кезінде баға төмендеуі мүмкін.

Лариса Степаненко, Қазақстан реалторлары біріккен ассоциацияның президенті:

– Карантин кезінде барлығымыз үнемдеуді үйрендік. Тұрғындар корнонавирустың екінші толқыны келіп, тағы карантин жариялануы мүмкін екенін естіді және қаржылай қор керек екенін түсінді. Сондықтан көп адам жоспарын қайта қарауы мүмкін. Пәтер алу мәселесі кейінге шегерілуі мүмкін. Яғни сұраныс азаяды және бағаның түсуін күтеді. Алушы болмағандықтан, пәтер иелері бағаны төмендетуге мәжбүр болады деп ойлаймын. Алайда нақты болжам жасау қиын.

Пәтер жалдау ақысы төмендеуі мүмкін

Сондай-ақ реалторлар ассоциациясының басшысы алдағы уақытта жалға берілетін пәтерлер мен кеңселердің де ақысы арзандауы мүмкін деген болжам айтты. Бұл әсіресе ірі қалаларда байқалуы тиіс. Себебі көптеген шағын және орта бизнес өкілдері қашықтан жұмыс істеу мүмкіндіктерін меңгерді және тиімділігін түсінді. Оның үстіне студенттер қашықтан оқуға кетті. Бұл жағдай нарықта көптеген пәтер мен нысанның бос қалуына әкеледі. Яғни нарық заңына сай сұраныс төмендеп, ұсыныс көбейеді. Сәйкесінше бәсекелестік артып, баға арзандайды.

Қазақстан 4 айда 31,3 млн тонна мұнай өндірді

Жыл басынан бері елде 31,3 миллион тонна мұнай өндірілді. Бұл межелі жоспардан 2 жарым процентке көп. Мәселен, «Теңгіз» кен орнында өндіріс 4,1 Қашағанда 11 жарым процентке өскен. Сондай-ақ елдің мұнай өңдеу зауыттарында 5,2 миллион тонна қара алтын өңделді. Павлодардағы зауыттың жөндеу жұмыстары үшін тоқтауына байлансы өңдеу жоспары 100 процентке жетпей қалды. Төрт айда Қазақстан шет елдерге 25,3 миллион тонна қара алтын және 5,6 миллиард текше метр газ экспорттады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеңілдетілген бағамен 386 мың 600 тонна дизель беру жоспарланған еді. Бүгінге дейін 75,5 проценті орындалды.

Қытайда смартфон саудасы жандана бастады

Қытайда смартфон саудасы жандана бастады. Сәуір айында елдегі смартфон шығаратын зауыттардан 40 миллион дана телефон жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 17 процентке жоғары. Бүгінде жер бетіндегі телефонның төрттен бірі Қытайда жасалады. Сондықтан бұл елде өндірістің тежелуі әлемдік нарыққа кері әсерін тигізді. Counterpoint Research компаниясының есебінше, бірінші тоқсанда әлемде телефон тасымалы 13 процентке кеміді. Дегенмен сарапшылар карантин кезінде тұрғындар арасында онлайн сауда белсенді жүрді. Карантин режимі аяқталғаннан кейін де сауда онлайн бағытта жалғаса беруі мүмкін.

Инфляция 6,8% құрады

Елде инфляция деңгейі жоспарлы дәлізден асып кетті. Сәуір айында ол 6,8 процентке жетті. Ал болжам бойынша жылдық мәндегі көрсеткіші 4-6 процент аралығында болуы тиіс еді. Инфляцияның артуына бірнеше себеп бар. Яғни азық-түлік таурларына сұраныс артты. Ал карантинге байланысты импорт төмендеп, қолда бар азық-түлік 10,4 процентке қымбаттады. Сондай-ақ азық-түлік емес тауарлардың бағасы 5,4 процентке көтерілді. Әлемдік нарықта мұнай арзандап, теңгенің құны төмендеді. Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, әлемнің шикізат нарығында жағдай түзелсе және мұнай құны 35-40 АҚШ долларына дейін көтерілсе, елдегі инфляция 6-8 процент деңгейінде болады.

Қазақстан бойынша құс еті ең арзан өңір – Атырау және Өскемен қалалары. Мұнда келісі 800 теңгеден басталады. Ал Таразда баға 50 теңгеге жоғары. Қостанай қаласында қаласында тауық етінің ең арзаны 920 теңге шамасында. Ал Түркістанда сапасына қарай 800-бен мың теңге арасында. Талдықорғанда тауық етінің келісі 1250 теңгеден. Павлодарда 100 теңгеге қымбат. Яғни 1350-ден саудаланады. Петропавлда 1440 теңге шамасында. Ал Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қаласында баға шамалас. Мұнда тауық етінің келісі 1500 теңгеден сауданалады.

Енді Валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 420 теңге 16 тиынға тең. Ал еуро – 454 теңге 57 тиын. Ресей рублі 5 теңге 72 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы