411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның ЕАЭО елдерімен алыс-берісі азайды

  • 182
  • UPD: 11:04, 18.05.2020

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен алыс-беріс көлемі жыл басынан шамамен 2%-ке азайды.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінен белгілі болды.

«Биыл қаңтар-наурыз айларында мемлекетіміздің Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 4 млрд 389 млн 400 мың АҚШ долларын құрады. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2,1%-ке азайған. Соның ішінде экспорт 1 млрд 227 млн 700 мың АҚШ долларын құрап, 11,3%-ке кеміді. Ал, импорт 3 млрд 161 млн 700 мың АҚШ долларына жетіп, 2,1%-ке өсті», делінген комитет ақпаратында. Қазақстан Республикасының әр ел бойынша сыртқы сауда айналым үлесі мынадай: Ресей Федерациясы – 92,5%, Қырғызстан Республикасы – 4,1%, Армения Республикасы 0,1%, Беларусь Республикасы – 3,3%-тен келеді.

***

Отандық орамжапырақтар Беларуське экспортталып жатыр

Беларусь Республикасы демекші, түркістандық шаруалар 500 тонна орамжапырақты аталған елге сату жөнінде келісім жасап, алғашқы 200 тонна өнім тиелген жүк көліктері қазір жолда келеді. Әр шаруа күніне шамамен 40-60 тонна өнімін экспортқа жіберуде. Мұздатқышы бар жүк көліктеріне тиелген отандық өнім араға 3 күн салып Беларусь еліне жетеді. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық экспортты саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді. Шаруалардың енді бірі көкөніс тиейтін трактор мен жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға кететін шығын 1 млн теңгені құрайтынын айтты. Ауыл ішіндегі орамжапырақтарды тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік жалақысы 7 мың теңгеге дейін барады. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығыны 1600 АҚШ долларына тең. Сондықтан диқандар былтырғыға қарағанда түсетін кіріс аз деп отыр.

***

Елімізде көкөніс сақтайтын қоймалар тапшы

Мәселен, 3 млн тоннаға жуық өнім сақтау үшін орын жеткіліксіз. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі қойма салу мүмкіндігі бар кәсіпкерлерге 25%-тік көлемде инвестициялық субсидия беруге әзір. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несиелендіру де қарастырылған. Сонымен қатар профильдік ведомствода биыл көктемгі дала жұмыстарына қолжетімді бағада шамамен 400 мың тонна жанармай бөлінгенін айтты. Оның жартысынан астамы қолданылып жатыр. Шаруалар дизельдік отынның литрін 165 теңгеге сатып алуда.

***

Қостанайда 500 орындық жатақхана салынады

Қостанай облысында құны 1,5 млрд теңгеге тең 500 орындық жатақхана салынады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазған. Ол жергілікті автомобиль көлігі колледжінде болды. Мұнда қазір машина жасау саласында мамандар даярлау жоспарлануда. Бұған дейін колледжде студенттерге тек теория жүзінде дәріс беріліп келген. Жалпы Қостанай облысында 21 мыңнан астам жас 8 жоғары оқу орнында білім алады. Осыған байланысты 4 мыңнан астам студенттің жатақханаға мұқтаждығы байқалады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

***

Ендігі кезек әдеттегідей «Нарықтағы баға» айдарында. Бұл жолы лимонның орташа бағасына тоқталамыз. Ең төменгі баға Қостанай мен Петропавлда. Онда келісі үшін мың теңгеден басталады.

Сонымен, Қостанайда лимон келісі мың теңге. Петропавлда да сол баға. Көкшетауда 1800 теңгеге саудалануда. Көрші Павлодарда 600 теңгеге арзан. Ақтөбе мен Өскемен қалаларында да 1800 теңге. Алматыда 1600 теңге. Оралда 1100 теңге. Астанамызда 2 мың теңгеге дейін барады.

***

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 420 теңге 12 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 422-423 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 454 теңге 40 тиын болса, Ресей рублі 5 теңге 73 тиын.

Хабар 24 телеарнасы