429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда бензинге сұраныс азайды

  • 540
  • UPD: 10:48, 19.05.2020

Елімізде 720 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік қоры бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы күні кеше Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтылды. Күшейтілген карантиндік тәртіп кезінде бірқатар отандық кәсіпорын жұмысын тоқтатпады. Өндірілген өнім сауда нүктелеріне кедергісіз жеткізілді. Бұған дүкен сөрелерінде азық-түліктің мол және алуан түрлі болуы дәлел деді жиынға қатысушылар.

Қорытынды отырыста қазіргі жағдайдың саладағы бірқатар мәселе бойынша бағыт-бағдарды нақтылап бергені жөнінде айтылды. Карантин кезеңінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қажетті тізімі бекітілді. Қордың жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, дайын өнімді дүкен сөрелеріне жеткізу, бағаны қатаң бақылау және алыпсатарлыққа жол бермеу тетіктері пысықталды. Былтыр көрсетілген 29 азық-түлік түрінен тек 23-інің отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету көрсеткіші 80% асты. 6 тауар бойынша пайыздық көрсеткіш төмендеу болды. Олар, алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, қант пен құс еті. Аталған өнімдер бойынша импортқа тәуелділік бар. Сонымен қатар, 2021 жылға арналған Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Онда шикізаттық базаны дамыту, оның ішінде сүт, ет, қант қызылшасын, көкөністер мен жемістерді өңдеу, құс шаруашылығы қарастырылған.

Көктемгі дала жұмыстарына 170 млрд теңге бөлінді

Аграрлық несие корпорациясы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша егіс науқанын қаржыландыруға көшті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Дағдарысқа байланысты қазақстандық фермерлерге көктемгі дала жұмыстарына қосымша қаржылық көмек көрсетіледі. Қаражат қайтарымсыз емес, бірақ жеңілдетілген шарттар ұсынылады. Шаруаларға 6% 100 миллиард теңге қарастырылған. Қаржы үлесі 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. Негізгі қарызды несие мерзімі аяқталғаннан кейін өтеуге болады. Осылайша, «Кең дала» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы көктемгі дала жұмыстарына жалпы 170 млрд теңге бөлінді. Ауқымды қолдау шарасы шаруалардың уақтылы және еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Нарықтағы баға

Сонымен Петропавлда қызылша келісі – 120 тг, Қарағандыда 10 теңгеге арзан. Семей мен Өскеменде 250 теңгеден сатылуда. Алматыда – 180 теңге. Оралда 180 теңгеден басталады, Ақтөбеде 140 теңге, елордада 200 теңге.

Бензинге сұраныс азайды

Елде бензинге сұраныс азайған. Бұл туралы күні кеше Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов соңғы төрт айды қортындылаған кезде айтты. «Көптеген елде індетке қарсы шаралар енгізілгенге байланысты жанар-жағармайды пайдалану көлемі түсті. 2020 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша бензинді пайдалану деңгейі 91 процентті құрады. Биыл сәуір айында 222 мың тонна отын жағылды, бұл көрсеткіш ақпан айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке төмен, деді вице-министр. Оның айтуынша, дизель отынына да сұраныс азайыпты. 4 айда 1 млн 450 мың тонна дизель отыны жағылды. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 94 процентті құрайды. Сәуір айында 382 мың тонна отын жағылған. Бұл көрсеткіш ақпан айындағы деңгейге қарағанда 15 процентке жоғары. Бұған көктемгі егіс жұмыстары бірден бір себеп.

BRENT маркалы мұнай бағасы $33 асты

Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнай бағасы алдағы шілде айындағы жеткізілімдер бойынша шамамен 3 процентке өсіп, барреліне 33 доллар 84 центке жетті, деп хабарлады ҚазАқпарат. Соңғы рет Brent мұнайының бағасы 13 сәуірде 33 доллардан жоғары болған еді. WTI маркалы мұнайдың шілде айындағы жеткізілімі бойынша баррелінің бағасы 2,91 процентке өсіп, 30 доллар 38 центті құрады.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы – 417 теңге 23 тиын. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 419-420 теңгеге сатып алуға болады. Еуро құны 451 теңге 70 тиын болса, Ресей рублі 5 теңге 72тиын.

Хабар 24 телеарнасы