411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаңтар мен мамыр аралығында Қазақстан шет елдерге 18,3 млн тонна мұнай сатқан

  • 140
  • UPD: 11:13, 22.05.2020

Биыл қаңтар мен мамыр аралығында Қазақстан шет елдерге 18,3 миллион тонна мұнай сатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл былтырғы көрсеткіштен 13,8 процентке көп. Жалпы біздің ел экспорттайтын тауарлардың ішінде қара алтынның үлесі қандай?

Биылғы қаңтар мен наурыз аралығында шет елге сатылған барлық тауардың жартысынан көбі, яғни 63,4 проценті мұнайдың үлесінде.

Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, жылдың алғашқы үш айында Қазақстан шет елдерге 13 миллиард 908 миллион АҚШ долларына тауар сатты. Бұл сома өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4,2 процентке көп. Әсіресе наурыз айында экспорт көлемі 40 процентке артты. Осылайша бірінші тоқсанда шет елге сатылған тауар көлемі соңғы алты жыл ішінде максималды көрсеткішке жетті. Әрине, әзірге Қазақстан экспортының негізі – мұнай. Алғашқы тоқсанда әлемнің 25 еліне 18,3 миллион тоннасы сатылды. Негізгі сатып алушылар – Еуропа елдері. Экспортталған мұнайдың 67 проценті осы елдерге, яғни Италия, Нидерланд, Франция, Румыния, Швейцария және Грекияға кетті. Ал Азиядан Үндістан, Қытай Түркия және Корея елдері бар.

Норвегияда мұнай өндірісі артты

Норвегия билігі мұнай өндірісін арттырып келеді. Сәуір айында олар тәулігіне 1 миллион 783 мың баррел қара алтын өндірді. Бұл наурыздағы көрсеткіштен 4 жарым процентке көп. Ал өткен жылдың сәуірінен бері 30 процентке артқан. 12 сәуірде ОПЕК-ке мүше елдер мамырдың бірінен бастап мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 миллион баррелге дейін қысқартуға уағдаласқан еді. ОПЕК+-ке енбейтін өзге 9 мемлекет те келісімді қолдайтынын жеткізді. Олар қара алтын өндірісін тәулігіне 3,6 миллион бөшкеге қысқартамыз деп отыр. Егер барлық тарап уәдені орындаса, әлемде бір тәулікте өндірілетін мұнай 15-20 миллион баррелге қысқарып, нарық тұрақталады. Маусымның басында ОПЕК+ елдері жиын өткізіп, келісімнің қаншалықты сақталғанын талқылайды. Ресей мен Сауд Арабиясы уәденің орындалғанына сенім білдіріп келеді.

Велосипед табиғи таза әрі қауіпсіз көлік

Еуропада велосипедке сұраныс артты. Себебі пандемия кесірінен қоғамдық көлікпен қатынайтындар саны күрт төмендеген. Жұрт автобус ішінде әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мүмкін емес, ауруды жұқтыру қаупі жоғары екенін айтады. Ал велосипед – табиғи таза көлік. Мәселен, ұлыбританиялықтар велосипед алуға жыл басынан бері 60 миллион фунд стерлинг жұмсады. Әсіресе соңғы айда сауда бірнеше есе көбейді. Франция да жағдай осыған ұқсас. Алайда көбі арзан велосипед іздеп әлек. Италия билігі велосипед жолын ұзартты. Мәселен, Римде жаңадан 150 шақырым веложолақ ашылды.

Байланыс қызметіндегі табыс артты

Биыл қаңтар мен сәуір аралығында байланыс саласындағы қызмет ақысы 281 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 жарым процентке көп. Байланыс қызметінің 55 проценті қарапайым халыққа көрсетілген. Оның ішінде интернет жүйесі ең пайдалы сала болды. Төрт айда табысы 102 миллиардтан асты. Яғни жалпы кірістің 36 жарым процентіне тең. Одан кейін мобилді байланыс қызметі. Таза табысы 75 миллиардқа жуықтайды. Ал жалпы табыстағы үлесі – 26,5 процент. Топ үштікті телекоммуникация желілері түйіндеді. 17,2 миллиард. Ал жалпы табыстағы үлесі – 6,1 процент. Бірінші тоқсанда елде интернетті қолданатын абоненттер саны 3,7 процентке артып, 2,6 миллионға жетті. Ұялы байланыс операторын қолданушылар керісінше 3,6 процентке кеміп, 24,5 миллион абонентті құрады.

Қазақстан бойынша ұн ең арзан өңір – Маңғыстау облысы. Облыс орталығында оның бағасы 135 теңгеден басталады. Ал қостанайлықтар бірінші сұрыпты ұнның келісін 146 теңгеге саудалайды. Өскеменде 150 теңгеден басталады. Елдің солтүстігінде орналасқан Петропавлда баға 10 теңгеге жоғары. Ал көкшетаулықтар ұнның келісін 180 теңгеден алады. Қарағандыда бірінші сұрыпты ұн 185 теңгеден саудаланады.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша,, АҚШ-тың бір доллары 413 теңге 03 тиынға тең. Ал еуро 452 теңге 64 тиын. Ресей рублі 5 теңге 83 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы