412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшылар: Қымбат мұнай өндірушілер нарықтан кетеді

  • 291
  • UPD: 10:19, 26.05.2020

2025 жылға дейін мұнай бағасы бұрынғыдай болмайды. Сарапшылар осындай болжам жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қара алтын нарығы ОПЕК+ шешімінен бөлек, АҚШ саясатына да тәуелді болмақ.

Мұнай бағасы бойынша әлем сарапшылары бірқатар болжам әзірледі. Егер өндіруші елдер келісімге келе алмаса, өнім бағасы нарықтық механизмге сай белгіленеді. Есесіне, қымбат мұнай шығарушылар бұл нарықтан кетеді. Ондай жағдайда әлемдік мұнай бағасы 30-40 долларды құрайтын болады. Ал ОПЕК келісімі ұзартылса, өнімге сұраныс артады. Бірақ өндірісті келісімге мүше емес елдер атқаратындықтан, ұйым тыс қалуы мүмкін. Ал баға 45-50 доллар болады. Тағы бір болжам бойынша, ОПЕК АҚШ, Канада, сияқты бұрын мүше болмаған елдерді қабылдауы ықтимал. Ал баға 50-55 доллар деңгейінде болмақ. Қос нарық сценарийі бойынша АҚШ өзінің мұнай өндірушілерін субсидиялай бастайды. Сөйтіп, олар әлем нарығындағы төмен бағадан тәуелсіз болады. Бұл өз кезегінде сыртқы нарыққа есік ашады.  Осылайша, әлемдегі құн $25–30 болса, АҚШ-та $50–55 құрауы керек. Бірақ сарапшылар жақында мұнай бағасы сәл өсуі мүмкін деген болжам жасап отыр.

Сырттан тасымалданатын тауарлар тиімсіз болады

Ал елімізде жыл көлемінде импорттық тауарлар қымбаттай береді. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының сарапшылары мұны теңгенің құнсыздануымен байланыстырады. Елімізде азық-түліктік емес бұйымдардың 60 проценті сырттан тасымалданады. Болжам бойынша, әсіресе, киім-кешек пен аяқ киімнің бағасы шарықтауы мүмкін. Тұрмыстық техника мен үй жабдықтарын 4 процентке қымбат аламыз. Дәрі-дәрмектің де қымбаттайтыны белгілі болды. Өкінішке қарай, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді. Ал қазақстандықтар жалпы табысының 30 процентін сол тауарларды алуға жұмсайды.

Азық-түлік қымбаттай ма?

Шетелдік азық-түлікті тұтынатын азаматтарға да айтарым бар. Теңге құнсызданса, бұл тауар түрі тіптен қымбаттауы мүмкін. Карантин енгізілгелі елде азық-түлікке сұраныс артқаны белгілі. Салдарынан баға 10 процентке шарықтайды дейді мамандар. Әсіресе, бидай және дәнді дақыл өнімдері қымбаттайды. Себебі шектеулерге байланысты Қазақстан сияқты бірқатар елде экспорт азайды. Ал араб мемлекеттері бұл өнімдерді молынан сатып алуға тырысып бағуда. Енді сұраныс көбейіп, ұсыныс азайған тұста баға да бір орнында тұрмайтыны хақ дейді экономистер.

Нарықтағы баға

Арзан қымыз Шымкентте сатылады. Бір литрін 700 теңгеге аласыз. Атырауда да сол баға. Қостанай, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында 100 теңгеге қымбат, бір литр қымызды 800 теңгеге алуға болады. Ақтөбеде өнім бағасы 900 теңге. Алматылықтар да 900 теңгеге алады. Ал Қарағандыда қымыздың литрін 1000 теңгеге дейін алуға болады.

Көліктер 12 % қымбаттады

Елімізде жеңіл көліктер қымбаттады. Қазақ автоөндіріс одағының хабарлауынша, өсім 12 процентті құрап, орташа баға 10 млн теңгеге жеткен. Ал отандық темір тұлпар шамамен 7,5 млн теңге. Жыл басынан бері Қазақстанда 18 мың жаңа көлік сатылды.  Сатып алушылардың 11 проценті 15 млн теңгеден қымбат көліктерді алған. 25 проценті 5 млн теңгеге дейінгі темір тұлпарды тізгіндепті. Биыл жол талғамайтын көліктер де сұраныста. Жыл басынан бері 7 мыңға жуығы сатылған. Қазақстан автобизнес қауымдастығының хабарлауынша, олардың жалпы құны 87 млрд теңгеден асқан. Әсіресе, ірі мегаполистерде Хёнде, Тойота, БМВ маркалы көліктер көш басында тұр***.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы