432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде 165 мың адам жұмыс іздеп жүр

  • 496
  • UPD: 11:38, 02.06.2020

Коронавирус пандемиясы салдарынан елге келушілер саны күрт қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала есеп бойынша биыл туризм саласындағы шығын 70-80% құрайды. Елімізде енді ғана өркендеп келе жатқан саланы қалай қалпына келтіруге болады?

Расымен де коронавирустың таралуы туризм саласына қатты соққы болды. Дегенмен, мамандар шығынды ішкі туризмді дамыту арқылы қайта қалпына келтіруге болады деген сенімде. Пандемия көптеген саланың қызметін уақытша тоқтатты. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды.

Коронавирус пандемиясы еңбек нарығындағы жағдайды қиындатты. Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін компаниялар қайта іске қосылды. Бір қызығы, статистикаға сай мамыр айының басында елімізде кәсіпорындар саны шамамен 1500-ге артты. Бірақ бұған қарамастан, іскерлік белсенділік деңгейі төмендеген. Сәуір айында индекстік көрсеткіштер 50 тармақты маркерлік мәннен 37 тармаққа дейін түскен. Яғни, жақын арада кәсіпорындар қызметкерлердің санын бұрынғы қалпына келтіре алмайды. Жұмыс орындардың саны күн сайын азайып, ал жаңа кәсіп іздеушілер саны өсуде. Мысалы, бір ай бұрын Enbek.kz электронды еңбек биржасында 125 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Ал, порталдағы  қызметкерлердің түйіндемесі екі есе аз болды. Бірақ бұл үрдіс ұзаққа созылмады. 25 мамырға дейін бос жұмыс орындарының саны екі есе қысқарып, 65 мыңға дейін азайды.  Ал жұмыс іздеушілердің саны керісінше, 165 мыңнан асты.

 

Көлік логистикасы қайта жандана бастады

Карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін еліміздің көлік логистикасы жандана бастады. Кәсіпорындар мен сауда нүктелері жаңа тапсырыстарды рәсімдеп, тауар сатып алуға кірісті. Тауардың басым бөлігі негізінен Қытайдан әкелінеді.

Айта кетейік, бірнеше айлық карантиннен кейін аспан асты елі өзінің дағдарысқа дейінгі өнеркәсіптік қуатына шығуға дайын. Қытай өнімінің импорты өсіп, қалпына келуде. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер көрші елден тоқыма бұйымдарын, медициналық тауарлар мен жабдықтар, тұрмыстық техника, ұялы телефондар, киім мен аяқ киім сынды тауарларды күтуде.

 

Бейнебайланыс құралының нарықтық құны өсті

Zoom бейнеконференция сервисінің нарықтық құны алғаш рет 50 миллиард доллардан асты. 29 мамыр күнгі NASDAQ биржасындағы сауда қорытындысы бойынша компания акцияларының бағасы 9,7%-ке өсіп, 180 долларға жуықтады. Осындай баға кезінде оның нарықтық құны 50 миллиард долларды құрады. Bloomberg хабарлауынша, 2020 жылы Zoom капитализациясы 30 млрд долларға өсті. Пандемия кезінде бейне байланыс құралына сұраныс артты. Оқу мен жұмыс қашықтан болғандықтан, бұл қызмет түрін пайдаланушылар саны көбейген.

 

Қытайда 5 мың кинотеатр жабылуы мүмкін

Қытайда бес мыңға жуық кинотеатр біржола жабылуы мүмкін. Бұл негізінен карантин кезінде қызметі тоқтаған нысандар. Қытай кино қауымдастығының зерттеуіне сәйкес, елдегі кинотеатрлардың 40%-інің қызметі тоқтайды. Ал, бұл шамамен 28 мың кинозал. Мұндай жағдай Голливуд үшін тиімсіз. Себебі киностудия табыстың едәуір бөлігінен айрылуы мүмкін.

 

«Нарықтағы баға»

Бүгін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін айранның бағасын шолып өтеміз. Тауар құны аймақтағы тілшілеріміздің ақпаратына негізделген.

Қостанайда айранның бір литрі 245 теңге. Көкшетау дүкендерінде айранның бағасы 280 теңге төңірегінде. Ақтөбеліктер де сүт өнімін осындай бағамен сатып алады. Шымкент пен Алматы қалаларында бір литр айран 250 теңге тұрады. Ал бас шаһарда айранның бағасы 350 теңгеден басталады.

«Нарықтағы баға»: айран 1 л

Костанай 245

Көкшетау 280

Ақтөбе 280

Шымкент 250

Алматы 250

Нұр-Сұлтан 350.

Соңғы ақпарат. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы 408 теңге 56 тиын, еуро 456  теңге 10 тиын, рубль 5 теңге 85 тиын.

Хабар 24 телеарнасы