412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлемде жаңа «валюта» пайда болды

  • 571
  • UPD: 10:26, 05.06.2020

Ол – жылжымайтын мүлік.

Мамандардың айтуынша, экономикалық дағдарыс кезінде бұл салаға инвестиция құйған адам опық жемейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған уақыт дәлел.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Осы ретте былтыр әлем сарапшыларының жылжымайтын мүлікке инвестиция құюға қолайлы ел ретінде Сингапурды атағаны есіме түсіп отыр. Қазақстандағы ахуалды сәлден кейін тарқатайын.

Мамандардың пайымынша, қазір жылжымайтын мүлік алып қойғандар 5 жылда жұмсаған қаржысын екі есе өтеп алады. Яғни, бұл нысан инвестиция құюға қолайлы болып тұр. Оған доллардың қымбаттауы себеп. «Жалпы жылжымайтын мүлікті табыс көзіне айналдыру уақытпен сыналған ұтымды шешім», дейді мамандар. Бірінші нарықтағы баспанаға қазірдің өзінде сұраныс бар. Баға әзірге тұрақты. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық келеңсіз кезеңде жеке инвестициялық шот ашуға, пәтерді ұзақ мерзімге жалға беруге болады. Әлемді жалмаған пандемия Қазақстанның да әлеуетін әлсіретіп отыр. Енді сарапшылар қаржыны үнемдеп қоймай, еселеудің амалдарын ұсынады. Оның бірі кәдімгі депозит ашу. Бірақ қолдағы ақшаңызды доллар, еуро, рубль не Қытай юані сияқты бірнеше валютада сақтауға кеңес беріледі.

***

Грекияда COVID-19 жұқтырған туристер қонақ үйлерде тегін тұра алады

Грекия билігі коронавирусқа шалдыққан туристерін тегін емдемек. Алдымен іріктелген меймандар сынама тапсырады. Туристер тест нәтижесін елдегі қонақ үйлердің бірінде күте алады. Індет белгілері анықталған науқасты емдеуге 600 орын дайындалған. Тіпті кейінгі, бір не екі апталық карантин мерзімін қонақ үйлерде тегін өткізетін болады. Бұл уақыт аралағында демалыс мерзімі өтіп кетсе, турист қайтарына билетті өз қалтасынан алатын болады. Еске салайық, жергілікті билік 29 елмен әуе қатынасын жандандырды. Ал, туристер мемлекетке емін-еркін кіре алады. Бірақ ел ішінде кез келгенінен сынама алынуы мүмкін.

***

Мұнай өңдеу зауыттары көбейеді

Мұнай бағасы түсіп келеді. Естеріңізде болса, бірінші мамырдан бері ОПЕК+ жаңа келісімі іске аса бастады. Енді ұйымның кезекті отырысы алдында қара алтын құны құбыла бастады. Тамыздағы Brent марка фьючестері 1,5%-ке төмендеп, баррелі 39,21 долларға жетті. Келісімге мүше елдер өндірісті 9,7 млн баррельге төмендетуге уағдаласқан. Бұған дейін тартынған Ресей қазір тәулігіне 9,5 млн баррель өнім өндіруге кіріспек. Ал ОПЕК-тің келесі отырысы 9-10 маусымға жоспарланған. Айта кетейік, жыл соңында Түркістан облысында жаңа мұнай өңдеу зауыты құрылады. Жоба құны 114 млрд теңге. Нысанда 400 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жылына 1 млн тонна өнім өндіруге қауқарлы. Мұндай нысандар Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында да бой көтереді.

***

Нарықтағы баға

Соңғы үш жылда елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 36,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл дегеніміз, 330 мың баспана. Ал жаңа үйлердегі бір бөлмелі пәтердің құны қандай? «Нарықтағы баға» айдарынан білеміз.

1 бөлмелі пәтерді Ақтаудан 6 млн теңгеге аласыз, Павлодар мен Ақтөбеде 7 млн теңге, Атырау мен Талдықорғанда бір бөлмелі жаңа пәтер бағасы 8 млн теңгеден басталады, Қостанайда 500 мың теңгеге қымбаттау 8,5 млн теңге, шығыста 9 млн теңгеге дейін барады. Көкшетауда 10 млн теңге болса, елордада 13 млн теңге. Алматыда 15 млн теңгеге алуға болады.

***

АҚШ-та криптовалютаға сұраныс артты

Ал, Америкада жаз соңында криптоәмиян қолданушылары 5 миллионнан асады. Қазірдің өзінде олар 680 мыңға жақындаған. Сарапшылар мұндай қосымшаны жүктеу үрдісі рекордтық көрсеткішке жеткенін айтады. Оған тұтынушылардың өнімдерді үйге тапсырыс беріп алуы негіз болған. Қазір инвесторлардың да криптоактивтерге, әсіресе, биткоиндерге назар аудара бастағаны байқалады. Бірақ бұл аса қауіпсіз үрдіс емес екен. Кеше ғана жапондық криптонарық хакерлердің шабуылына тап болып, бір күнде тіркелген 200 клиенттің жеке дерегі сыртқа шығып кеткенін жеткізді.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. 1 доллар 399,51 теңге, еуро 447,33 теңге, рубль 5,78 теңге.

Хабар 24 телеарнасы